18.10.2022, 16:45
Оқылды: 207

Ұлттық һәм маңызы зор мереке

2022 жылдың 16 маусымында «Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда» алаш жұрты Ұлттық құрылтайдың І отырысына жиналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев келелі жиында бірқатар мәлімдеме жасады. Соның ішінде бүгінгі тақырыпқа арқау болып отырғаны – 1992 жылдан бастап 2009 жылға дейін мемлекеттік мереке ретінде аталып келген 25 қазандағы Республика күні. Президенттің бастамасымен тиісті заңға өзгеріс енгізіліп, депутаттар қолдап, биылдан бастап Республика күні қайта тойланатын болды.

9

Мерекенің шығу тарихы

Республика күнінің тарихы сонау Кеңес Одағы дәуірінен бастау алады. 1988-89 жылдары Балтық жағалауындағы үш ел – Литва, Латвия және Эстония алғаш рет егемендігін жариялаған еді. Ал 1990 жылдың сәуірінде сол кездегі КСРО Президенті М. Горбачев Литва КСР-ін Одақтан шықпауға шақырып, үндеу жасаған болатын. Осы оқиғадан соң «Одақтас республиканың КСРО-дан шығуына байланысты мәселелерді шешудің тәртібі туралы» КСРО Заңы қабылданады. Аталған құжаттың екінші бабында «Одақтан шығу туралы шешім референдуммен республика халықтарының өз ойын еркін білдіруі арқылы қабылданады» деп көрсетілген. Балтық жағалуы елдерінің егемендігі Одақтағы өзге де республикалардың өз тәуелсіздігіне қол жеткізуіне сеп болды. Қазақстан да егемендігін жариялауға мүдделі еді.

1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымында «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» 17 бөлімнен тұратын декларация қабылданды. Оның қабылдануын 261 депутат қолдаса, 18 депутат қарсылық білдіріп, екі депутат қалыс қалған. Әйтсе де декларация еліміздің Одақтан бөлек шығып, өз алдына дербес мемлекет болуы жолындағы алғашқы ресми қадамның бірі еді. Құжаттың кіріспе сөзінде «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғарғы Советі Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, республиканың барлық азаматтары үшін лайықты және тең тұрмыс жағдайын жасауға ұмтыла отырып, республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бірінші дәрежелі міндет деп санай отырып, жалпыға бірдей адам праволары декларациясын және ұлттардың өзін-өзі еркін билеу правосын тани отырып, қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып, ізгілікті демократиялық праволық мемлекет құруды негізге ала отырып, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігін жариялайды және осы декларацияны қабылдайды» делінген. Ел тағдырын айқындаған құжат 1990 жылдың 28 қазанында «Социалистік Қазақстан» газетінде алғаш жарық көріп, халыққа жол тартты. Алайда құжат қабылданғанымен, еліміз әлі де Одақ құрамында еді.

Республика күні мереке ретінде 1992 жылдың 25 қазанынан бастап тойланып келеді. 2001 жылы ғана мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілді. 17 жыл өз маңызын сақтап келген мереке 2009 жылы Н.Назарбаевтың Жарлығымен алынып тасталып, орнын 30 тамыздағы Конституция күні басқан болатын. Сөйтіп, бүгінге дейін Республика күні ұлттық не мемлекеттік мереке қатарында болмады.

Қайта оралған айшықты мереке

Сонау ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы елелулі оқиғаның бірі, яғни егемендігіміз жарияланған 1990 жылдағы 25 қазан ел тарихындағы айшықты күн еді. Ұмыт болған мемлекеттік мерекеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық мереке деген сипат беріп, қайта жаңғыртуды ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың I отырысында сөйлеген сөзінде:

- Біз – тарихтан тағылым ала білген халықпыз. Бүгін қайта жалғасын тапқан Құрылтайды төл тарихымызға тағзым деуге болады. Осы Құрылтай да ертең ұлт шежіресінің бір белесіне айналатыны анық. Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деді.

1992 жылдан 2009 жылға дейін мемлекеттік мерекені халқымыз өзіндік сән-салтанатымен атап өтіп келді. Газет беттерінде тақырыптық мақалалар жарық көріп, телеарналар Республика күнінің маңызы жөнінде телехабарламалар таратты. Еліміздің барлық аумағында дерлік түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Білім ордаларында айтулы мерекеге орай тәрбие сағаттары өткізілді. Биыл да ұлттық мереке өз маңызын жоғалтпай, Республика көлемінде тойланбақ. Тарихи мереке қарсаңында ауданымызда бірнеше ауылда көгілдір отын іске қосылып, әлеуметтікэкономикалық маңызы бар нысандар пайдалануға берілмек. Сондай-ақ аудан және әр ауылдық округ орталығында халыққа мерекелік кеш ұйымдастырылады. Бұл мерекеде де асқан ысырапқа жол берілмейді.

Ұлттық және мемлекеттік мерекелер жөнінде «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы №267-ІІ Заңында мынадай анықтама берілген: «Ұлттық мерекелер – Қазақстан мемлекеттілігінің дамуына елеулі ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметіне Қазақстан Республикасында белгіленген мерекелер. Ұлттық мерекелерді мейрамдау кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар өткізіледі.

Мемлекеттік мерекелер – қоғамдықсаяси маңызы бар оқиғаларға арналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелер. Мемлекеттік мерекелерді мейрамдау кезінде ресми іс-шаралар өткізілуі мүмкін».

10

Фото дереккөзі: stan.kz

Сөйтіп, тізімі 10 мерекемен толыққан айтулы күндер қатарында «25 қазан – Республика күні» ұлттық мереке, «16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні» мемлекеттік мереке болып бекітілді.

Қоғамның пікірі қандай?

Республика күні хақында қоғам өкілдері түрлі пікір айтады. Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға өзгеріс пен толықтыру енгізуді қабылдауға қатысты Сенат спикері Мәулен Әшімбаев мерекені қайта атап өту – маңызды шешім екенін жеткізді.

– Осы заңға сәйкес 25 қазан – Республика күні болып бекітіледі. Бұл – тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі, шынымен де, осы күннен басталады. Сондықтан бұл күнді мереке ретінде бекіту – мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан маңызды қадам. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Сенат спикері. Казталов ауданы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Зәйлім Мәжитова айтулы мерекенің қайта жаңғыруы – Жаңа Қазақстандағы тарихи шешім деген байламға келген.

- 2009 жылға дейін халық атап өтіп, қоғам қолдауына ие болған мерекенің Жаңа Қазақстанда қайта жаңғыруы ерекше мәнге ие. Өйткені «Жаңа Қазақстан» идеологиясын ілгерілетуде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда біз тілге тиек етіп отырған ұлттық мерекенің маңызы зор. Бұл күні кеше қабылданып, Ұлттық құрылтайда баяндала салған жоқ. Мұның артында халықтың пікірі, үні жатыр. Мемлекет басшысы Республика күнін қайтару жөніндегі халықтың, зиялы қауым өкілдерінің пікіріне құлақ түріп, осындай мәлімдеме жасады. Ол ұсыныс халық қолдауына ие болды. 29 қыркүйек күні Президентіміз «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осылайша Республика күнін мерекелік күнтізбеде қайта жаңғырту бұл Жаңа Қазақстан өкілдерінің өз тарихи бастауын мойындауы мен ұрпақтар сабақтастығының, мемлекеттік тәуелсіздік жолындағы халқымыздың тарихи еңбегі мен еркіндігін құрметтеудің символына айналмақ. Қазіргі таңда біз жергілікті атқарушы орган тарапынан жалпыұлттық мерекеге орай дайындық жұмысын жүргізіп жатырмыз. Дегенмен маңызы зор, ұлттық сипаттағы мерекені атап өтуде халқымыз белсенділік танытып, іс-шараларға қатысып, тамашалауы керек, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Казталов аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Алмагүл Әлібаева да өзінің пікірін бөлісті.

– Осы күнге дейін біз 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін ерекше ықыласпен атап өттік. Әйтсе де халықтың көкейінде 16 желтоқсан – Желтоқсан құрбандарын еске алу күні іспетті ұғым қалыптасты. Алайда 16 желтоқсан – «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданған күн. Ал 25 қазанның қайта оралуы – еліміздің тәуелсіздік жолындағы қадамының бірі – «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі туралы» декларация қабылдануының айқын көрінісі. Бұл – тарих, біз тарихты өзгерте алмасымыз анық. Бірақ ата-бабамыз аңсаған егемендігімізге қол жеткізген мереке бұл. Республика күнінде біз ата-баба рухына тағзым етіп, оны жоғары деңгейде атап өтуіміз керек, – деді ол.

25 қазан – Республика күнінің қайта оралуы тарихымыздың жаңаруы мен халықтың бірлігін айқындайды. Осы уақытқа дейін талас-тартыс болған 25 қазан мен 16 желтоқсан дауына нүкте қойылып, қос мерекенің сипаты анықталды. Біз әсте тарихқа құрметпен қарап, елеулі оқиғаларға назар аударуымыз керек. Декларацияның қабылдануы – Кеңес Одағынан бөлек дербес мемлекет құруымызды дәлелдейтін тарихи күн, ал Желтоқсан құрбандары мәңгі жадымызда. 1997 жылы 16 желтоқсанда еліміздің Тәуелсіздігін жариялауы тарихта алтын әріптермен қашап жазылған.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале