24.03.2022, 18:39
Оқылды: 439

Ұлттық киімді неге мерекеде іздейміз?

Наурыз мерекесі  - қазақ халқының ең қастерлі мерекелерінің бірі. Мерекеде көне салт-дәстүрлер жаңғырып, ұлттық тағамдар дайындалып, ұлттық киім киіліп, ұлттық ойындар ойналып, Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге қалың ел қызу дайындалады. Ата-әжелеріміз салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, жастарға өнеге етіп көрсетіп, айтып отырған. Бозбала-бойжеткендеріміз алтыбақан теуіп, қыз қуу, бәйге, аударыспақ, теңге алу т.б. ойындарды ойнап, мерекені жақсы қарсы алған. Қыздарымыз әдемі көйлектерін киіп, шолпыларын сыңғырлатып, үкілі сәукелелерін киіп, әдеміліктің, әсемдіктің нышанын көрсетті емес пе? 

Ұлттық киім

«Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі». Ертеде халық шеберлері қазақтың болмысына тән, кигенде ыңғайлы түрлі киім үлгілерін тіккен. Қазақ халқының ұлттық киімдері үлгісі мен түрі жағынан ешбір халықтан кем болған жоқ. Киім жай ғана бір жапырақ мата емес. Ол белгілі бір ұлттың, мәдениеттің бет-бейнесін көрсетіп тұратын ғажайып дүние. Қазақ өнерінің әрбір туындысы өзгеге ұқсамайтын өзіндік ұлттық нақыштарға толы. Халқымыздың бүкіл ішкі жан дүниесі, ұстанған діні мен тілі киім үлгілерінен, олардың  тігілуінен, жапсырылған әшекейлерінен, таңдалған түр-түсінен аңғарылады десек асыра айтқандық емес. Ерте заманнан бүгінге дейін қадір-қасиетін жоймай келе жатқан қазақ өнерінің озық үлгісі  -  әдемі ұлттық киімдеріміз жетерлік.

Думандатып тойланатын бұл мереке жақындаған сәтте мектепте оқитын оқушыларға, балабақшада тәрбиеленетін балаларына ұлттық киім іздеп ата-аналар базарға, дүкендерге ағылады. Тап мереке қарсаңында бағасы да шарықтап кететіні жасырын нәрсе емес. Көздің жауын алар ұлттық киімді тек мереке қарсаңында іздейтініміз өкінішті. Мерекеден соң келесі жылға дейін ұйпа-тұйпасы шығып, сандықта жататыны тағы рас.

зарина

Қолөнердің бастысы  - киім тігу десек, қазақ халқының бұл өнері көне заманнан бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан дүние. Ата-бабаларымыз негізін қалап кеткен киім үлгілері бүгінге заманауи бағытта тігіліп, түрлі бағалы тастармен әсемделеді. Бүгінде осындай ұлттық негізде  әдемі туындыларды халыққа арнап тігіп, ұсынып жүрген тігінші Зарина Азаматқызының пікірін білген едік.

«Мерекеде ғана киім тіктіруге асығады»

- Бізге тек халық мереке қарсаңында ғана қазақы нақыштағы көйлек, кәжекейлер, бас киімдерді тіктіруге келеді. Сосын сүндет той, тұсаукесер, қыз ұзатуға жеңгелері кәжекейлерге тапсырыс береді. Аспандатып баға қоймаймыз. Тігу жұмыстары мен матасын ғана есептеп, қалтаға қонымды бағада ұсынамын. Бағаны қымбатсынатындар да бар, еңбекті бағалайтын адамдар да бар. Тапсырыстың алды 10 наурыздан басталды. Осындай мереке уақытында тапсырыстар өте көп болады. Балабақшаға арнап 60 ұлттық киім тіктім. Тіпті, өз балаларыма киім тігуге уақыт тапшы болды. Таңертеңгі сағат 8-ден түн жарыма дейін отырған қарбалас сәттер болды. Мереке уақытында болмаса, басқа уақытта қазақы нақыштағы киімдерге тапсырыс өте аз деуге болады. Көбіне оқушылар мен балабақша балаларына тапсырыс түсті. Үлкен әже-апаларымыз көп тапсырыс бере қоймайды.

«Еңбектің наны тәтті» дегендей, 2013 жылы бастау алған осы кәсібім арқылы қаражат тауып келемін. Сонымен қатар қазіргі заманға сай заманауи перделер, жастық-көрпе тыстарын тігімін. Жылма-жыл әдемі тастармен көмкерілген қазақы нақыштағы киімдерді тігіншілер жарыса тігуде. Заманауи үлгіде қолымнан шыққан дүниелерімді халық оңынан пайдаға асырып жатса, мен үшін бұл үлкен мақтаныш! – дейді Зарина Даумова.

«Ұлттық киім – ұлттық мұра»

- «Халқымыздың ұлттық киімі – ең жақсы киім» демекші, салт-дәстүр мен жөн-жоралғылар бойынша киілетін ұлттық киімдердің орны ерекше. Бір кездері ұлттық киімдерімізді мұражай мен сахна төрінен ғана көріп жүргеніміз де рас. Бүгінде ұлттық киімдеріміз жаңарып, жаңғырып, заманауи брендке айналып келеді. Сән үлгілеріне сай киімдерге ұлттық ою элементтері қосылып, күнделікті киіп жүруге ыңғайлы етіп тігіліп жатқаны көз қуантары сөзсіз.

Жалпы жаһандану заманында өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуде ұлттық киімдердің рөлі орасан зор деп ойлаймын. Мәселен, мектебімізде ұлттық киімдерді насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында 14 наурыз – Көрісу айт мерекесінен бастап оқушылар мен мектеп ұжымы түгелдей дерлік күнделікті ұлттық киім үлгісін сақтап келді. Осы орайда әр адамның сәні мен сымбатын, ар-намысын айшықтаған ұлттық киімдеріміз тек наурызда ғана емес, күнделікті киетін киімге айналса екен деген ой әр қазақтың ізгі-тілегі деп ойлаймын. Ұстаз бен оқушыларға арналған мектеп формасы ұлттық нақышта дайындалса, әркім мақтанышпен киіп жүрері сөзсіз, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнұр Ғалымова.

гулнур

Бүгінде қымбатшылық орын алған уақытта көпбалалы аналарға балаларына ұлттық киім әперу қиынға соғары анық. Осы тұстада көпбалалы ана Айымгүл Есімованың пікірін білдік.

Сапасы сын көтермейді

- Наурыз мерекесі жылдағыдай биыл да тойланып, әр үй шаңырағында наурыз көже дайындалып жатқан болар. Наурыз мерекесі қарсаңында ұлттық киім іздеп кететініміз өтірік емес. Шыны керек, 14 наурыз - Көрісу айт мерекесінен бастап дүкен мен базарды аралап кетеміз. Бағасы да шарықтап кетеді. Базардағы сатылып жатқан ұлттық киімдердің сапасы нашар деуге болады. Бір кигеннен сөгітіліп жатады. Сол себепті тапсырыс беремін.

Бес қыз баланы тәрбиелеп отырған анамын. Қыздарымды қатарынан қалдырмай, сұрағанын алып беруге тырысамын. Ұлттық киімнің бағасы тым қымбат болмай, әркімнің алып киюіне қолайлы болса екен. Той-томалақтарда қонақтардың иығына шапан жабу сәнге айналғандай. Ол берілген сыйлық кәдеге жараса, сыйлықтың сыйы артпақ. Сол арзанқол дүние әркімнің иығына жабумен шектелетіні өкінішті. Қазақтың ұлттық киімдері дегенде бала ойына тек кәжекей мен сәукеле, тақия келері анық. Балаларға мектепте, балабақшада қазақтың салт-дәстүрлері, ұлттық киімдері, ұлттық ойындары туралы көп мәлімет беріліп отырса деймін, – дейді көп балалы ана.

Түйін:

«Киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы  анықталады» деп Абай атамыз айтқандай, қазақтың көне ұлттық киімдеріндегі ою-өрнектерді сақтай отырып, қазіргі заманға сай әдемі әшекейлер мен ұлттық үлгіде тігілген киімдерді киіп, өскелең ұрпаққа насихаттап жүрсек деймін. Болашақ ұрпақ ұлттық киімнің қадір-қасиетін біліп, заман талабына сәйкес лайықты киініп жүрсе, сан ғасырдан бері келе жатқан ата-дәстүр жалғасын тапса, ұлттық сәнге айналып, күнделікті өмірімізге енсе, нұр үстіне нұр болар еді!

Арайлым Мәлікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале