22.09.2021, 12:32
Оқылды: 107

Ұлттық спорт ұлықталған күн

Жаңақала аудандық спорт кешенінің стадионында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ұлттық спорттың төресі саналатын көкпар және аударыспақтан аудандық жарыс өтті.

04

Жеке кәсіпкер Саламат Сертековтің қолдауымен, аудандық «Jastar» спорт клубының ұйымдастыруымен өткен додаға аударыспақтан сегіз, көкпардан үш топ қатысып, өзара бақ сынасты.

Ойынның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Жанболатов, жеке кәсіпкер Саламат Серікұлы, аудандық «Jastar» спорт клубының директоры Жанболат Гумаров қатысты.

- Құрметті, спортшылар, спорт сүйер қауым! Бүгін Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ұлттық спортымызды насихаттау, бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудан біріншілігі оздырылғалы отыр. Бүгінгі жарыстың қолдаушысы баршамызға белгілі Саламат ініміз спортты дамытуға зор үлес қосып жүрген азаматтың бірі. Ауылдық округтерден келген қатысушыларға сәттілік тілеймін. Тақымдарыңыз мықты, салымдарыңыз сәтті болсын! Ұлттық спортымыз тек алға дами берсін! Тәуелсіздік – бабалар аңсауы. Ұрпақтар,біздер соның куәсіміз. Тәуелсіздіктің таңбасы таста, тамыры қара жердің астында. Біз үшін құдіретті, киелі. Сондықтан әрқашан да Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! - деді ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Нұрғалиқызы. Ал ақсақалды қария Төлеген Боқыров шабандоздарға батасын берді. Одан соң көкпар мен аударыспақ десе, ішер асын жерге қоятын қазақ жігіттері ат жалын тарта мініп, салым салуға асыққан Көпжасар, Бірлік, Мәстексай, С.Меңдешев, Жаңажол ауылдық округтерінің, Жаңақала ЖОББМ, №3 ЖОББ қазақ орта мектебі, аудандық «Jastar» спорт клубының шабандоздары ойынды бастап кетті.

06

Тартысты әрі қызықты өткен ойынның нәтижесінде аударыспақ пен көкпардан сынға түскен қатысушылар жүлдесіз қайтпады. Көкпар додасында өзгелерден шабандоздардың ептілігі мен астындағы арғымағының жылдамдығы нәтижесінде үздік үштіктен көрінген Жаңақала ЖОББМкомандасы I орынға ие болды. Ал жүлделі II орынды Бірлік ауылдық округінің азаматтары иеленсе, III орын тұғырына Көпжасар ауылдық округінің командасы шықты.

Дүбірлі дода аяқталғаннан кейін жеңімпаздар аудандық «Jastar» спорт клубының диплом, медальдарымен марапатталды.

Демеушінің қолдауымен арнайы сыйлықтар және қаржылай жүлде табыс етілді. Атап айтсақ, жүлделерді аударыспақ жарысынан 57 келі салмақ дәрежесіндегі және көкпардан III орын алған жүлдегерлерге аудандық «Jastar» спорт клубының директоры Жанболат Жасқайратұлы, 68 келі салмақ дәрежесі мен көкпардан II орын иесін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақан Қапанов, 74 келі салмақ дәрежесі мен көкпардан I орынға ие болған жеңімпаздарға жеке кәсіпкер Саламат Сертеков табыстады.

Содан соң жаппай көкпар басталды. Жаппай көкпардың бір ерекшелігі – қазандыққа салым салған әр ойыншы ұпайды өз атына жаздырады. Бұл ойында әркім өзінің күші мен қайратына, астындағы атының мықтылығына сенеді. Тартысқа толы жаппай көкпарда барлығы 3 салым салынды. Алғаш боп салым салған шабандозға Аманжан Қисағалиев, екінші салымға Ақан Қапанов ақшалай сыйлық берсе, Әліби Боранбаев тоқты сыйлады. Ал үшінші салымға Мәжит Уахитов демеуші болып, ақшалай сыйлық берді. Сондай-ақ жеке кәсіпкер Саламат Серікұлы әділ төрешілік еткен Ернат Сұпығалиевке ақшалай сыйлық табыстады. Көкпар сайысы көпшіліктің көңілінен шығып, ұлттық спортқа деген ынта-ықыластарын оятты.

 

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале