20.03.2024, 17:00
Оқылды: 157

Ұлтымыздың салт-дәстүрлерін білесіз бе?

Ұлтымыздың салт-дәстүрлері қазақтың мінез-құлқын, қасиеттерін көрсетеді. Тәрбиелік мәні зор болады. Кейбір салт-дәстүрлерімен әдет-ғұрыптары сол халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне, ырымына қарай қалыптасып қалғаны рас. Қазақта «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген мақал бар. Той-думандарда, жиындар мен мерекелерде орындалатын осы қазақ халқының салт-дәстүрлері оның әлі де ұмыт болмағанын паш етеді.

ЖП этнофестиваль (3)

Амандасу салты қазақ халқының ең үлкен маңыздылығы зор дәстүрлерінің бірі. Тәрбиенің көзі сәлемдесуден басталады деп отырады үлкендер. Себебі үлкенге ізет етіп, кішіге сәлем беру парыз. Жасы үлкен ер адамдар арасында амандасу салты «Ассалаумағалейкум!» деп басталады. Бұның мағынасы сәлемдескен адамға деген жақсы тілекті білдіреді. «Сізге Алланың нұры жаусын!» дегенді білдіреді. Бұл сөз  жасы үлкен  ер кісілермен әр түрлі жастағылар амандасқанда жиі қолданылады. Тілегін қабыл алып, қарсы алған адам: «Уағаликум ассалам!» деп жауап қайтарады.  Ол «Алланың рақымы сізге де жаусын» деген мағынаны білдіреді.

Қазақ халқының сәлемдесуінің ең бір ерекшелігі келіндердің ата-енесі және қайын жұртымен амандасуы. Ізеттілік көрсетіп, келін ата-енесіне иіліп сәлем салады. Келін сәлемді таңертеңгісін ата-анасына, үйдегі өзінен үлкен адамдарға салады және  келіннің сәлемін алған адамдар оған жақсы тілектерін айтады. Ал жас келіннің  сәлемін алған  енесі немесе жас үлкен қариялар батасын беріп, «Өркенің өссін!», «Бақытты бол!», «Ұл тап, қарағым!», «Көп жаса» деген  тілек арқылы өз ризашылықтарын білдіреді.

Қазақ халқының өмір салтына көрік беретін дәстүрдің бірі - тұсау кесу. Бала жүре бастаған кезде кішігірім той жасалып, тәй-тәй жүре бастаған сәбидің тұсауын кеседі. Тойға келгендер тұсау кесер тойына сыйлықтарымен, шашуларын ала келеді. Дастархан жайылып, көрші – қолаң, әйелдер, қыз-келіншектер жиналады. Ең алдымен тұсауын кесетін баланың аяғына байлайтын жіп дайындалады. Жіпті  тұсау кесетін әйел дайындайды. Кей кезде ер адамға жас жігітке арнайы ырымдап, тұсау кестіреді. Өзгенің ала-жібін аттамасын деген ниетпен тұсау кесер жіпті ала етіп, екі түсті жіптен ақ пен қарадан өріп әкеледі. Еліміздің бір аймақтарында біреулері қайшымен енді бір жерлерде пышақпен тұсау кесіп жүр.

Бесікке салу дәстүрі елімізде кең тараған. Туған-туыс, жақын-жуықтары жиналып, сәбиді бесікке салу дәстүрін өткізеді. Бұл «Бесік алып бару», «Бесікке салу» деп те аталып жүр. Отбасындағы келіншектің сәбиін дүниеге әкелгенде жақындары бесік апарады. Бесіктің жасауын қыздың анасы дайындайды. Оған қоса киетін, зергерлік бұйымдар мен дастарханға қойылатын тәттілерін алып барады. Алып барған китінің ішіне тоғыз түрлі заттар салады.Соңғы кездері оңтүстік өңірде бағалы киімнен бастап ұсақ заттарға дейін апару үрдіс алған.

Айсұлу Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале