29.03.2022, 11:30
Оқылды: 52

Үміт пен сенім басым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 16 наурыз күні «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын жасады. Парламент палаталарының бірлескен отырысында жасалған Жолдаудың маңызы зор. Ол еліміздің іс жүзінде жаңа кезеңге қадам басып, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, саяси, азаматтық әлеуетінің артуына ықпал етеді деген сенімдеміз.

8ACE748A-4861-4B00-8862-4534DCE59FFA

Президент Жолдауда жыл басында елімізді дүр сілкіндірген «Қасіретті қаңтар» оқиғасына баға беріп, оған қатысты тергеу жұмысы халыққа жарияланып, Парламент қабырғасында бұрын-соңды болмаған талқылау болғанын және депутаттар мен БАҚ өкілдеріне ашық түрде ақпарат берілгенін атап өтіп, кейбір лауазымды тұлғаларға қатысты істің жасырын түрде жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы біраз дүниенің бетін ашты. Әуелде бейбіт шеруге шыққан маңғыстаулық ағайынның ісін алматылықтар іліп әкетіп, «бейбіт шеру» деген жалған ұранды желеу қылып, бір-ақ сәтте оңтүстік астананың ажарына кірбің түсірді. Бұның кәдуілгі ашық сипаттағы террористік оқиға екені анықталды. Содырлар ұсталып, жазасын алып жатса, Президент тапсырмасымен жазықсыздар босатылуда. Істің мән-жайы, ақиқат әлі де болса айтылар. Себебі Қасым-Жомарт Кемелұлы ақиқат – басты қағидат екенін қалың елге жеткізген болатын.

Қаңтар оқиғасынан біз қандай сабақ алуымыз керек? Ол бізге бейбітшіліктің мәңгілік емес екенін, алмағайып заманда ауызбіршіліктің маңызын ұқтырды. «Арандатуға бой бермеңдер» деген мінбердегілердің жанайқайын іс жүзінде айқындап берді. Халқымыз шындыққа куә болды. Бірақ басты ескеретін дүние – Тәуелсіздігімізден айырылып қала жаздадық. Мұның артында кімдердің тұрғаны бізге беймәлім. Қазіргі уақытта бізге керегі – бірлік. «Бірлік болмай, тірлік болмас». Қаңтардан кейін Украина мен Ресейдің арасындағы жанжалдың да куәсі болдық. Әрине, көгілдір экран, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы. Бейбіт тұрғындардың жазықсыз көз жасы жүректі шымырлатқанымен, қолдан келер шара жоқ. Геосаяси ахуалдың күрделенуі, Ресейге салынған батыстық санкиялардың салқын лебі Қазақстанда да байқалды. Бірақ Мемлекет басшысы сарабдал саясаты мен көрегендігі нәтижесінде болашаққа көз тастап, күні кеше Жолдауда айтылған дүниелердің сан жыл бойы ой елегінен өткенін жеткізді.

«Мен бүгін ұсынып отырған бастамалар қаңтар оқиғасынан әлдеқайда бұрын мұқият ойластырылып, пысықталған. Ашығын айтайын, маған «Асықпайық, заман жақсарғанға дейін бұл жоспарды қоя тұрайық» деп ақыл қосқан сарапшылар мен мемлекеттік қызметшілер де болды. Олар қазіргі ахуалды өз мүддемізге пайдалануға мүмкіндік туып тұрса, жүйені өзгертудің не қажеті бар деді.

Енді біреулер геосаяси ахуал қатты шиеленісіп тұрған кезде елді «горбачевтік қайта құрудағы» сияқты берекесіздік жайлап, көше демократиясы белең алып кете ме деген орынды қауіптерін айтты. Бірақ мен елімізге түбегейлі реформалар қажет екеніне бек сенімдімін. Әйтпесе тоқырауға тап боламыз. Біз оның салдары мемлекетті қалай күйрететінін тарих қойнауына кеткеніне көп бола қоймаған Кеңес тарихынан жақсы білеміз.

Кешегі қаңтар оқиғасына да еліміздегі тоқыраудың салдары белгілі бір деңгейде әсер етті. Мен соңғы екі айдың ішінде әлеуметтік-экономикалық салада, ұлттық және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде, ең алдымен, жүзеге асыру қажет болатын міндеттерді айқындап бердім», – деді Мемлекет басшысы.

Осыдан соң Президент еліміздің әрі қарай дамуына негіз болар 10 бастамаға тоқталды. Бұл бастамалар, шын мәнінде, еліміздің Жаңа Қазақстанға бет бұрғанын айғақтап берді. Президенттің өкілеттігі, өкілді билік тармағын қайта құру, сайлау жүйесін жетілдіру, Партиялық жүйені дамыту мүмкіндігін кеңейту, сайлау үдерісін жаңғырту, құқық қорғау институттарын күшейту, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру, жергілікті өзінөзі басқаруды орталықсыздындыру, дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар қазіргі замандағы қажет реформалар деп түйдік.

Осы Жолдаудағы журналистер қауымын елең еткізген дүние – БАҚ туралы заңды қайта қарау мәселесі. Қазіргі уақытта күллі әлем ақпараттық соғыстың қатысушысы болуда. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуеті артуға тиіс. Қала берді, «Журналист мәртебесін» де қарастыруымыз қажет-ақ. Бүгінгі күні БАҚ «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатқаны жасырын емес.

«Цензураға жол берілмейді, сөз бостандығы шектелмейді» дегенімізбен, іс жүзінде кейбір басшысымақтар журналистерді шыбын құрлы көрмей, олардың құқығын таптап жатты. Тіпті жеке парақшасына не жазса да, мемлекеттік қызметкердей қарап, жан-жақтан түрлі қоңырау шалынатыны да – ащы мысал. Шерхан Мұртаза айтқандай, «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ». Біз қара бастың қамын емес, қалың елдің мұңын күйттейміз. Газетті өзіміз үшін емес, оқырман үшін, мақаланы да жай шолу немесе есеп үшін емес, айтылған мәселе шешімін табуы үшін жазамыз. Қоғамдағы мәселені газет арқылы жеткіземіз. Өткенге көз салсақ, сонау ХХ ғасырда газетжурналдың, телеарнаның ықпалы басым болды. БАҚ және журналистер, шын мәнінде, төртінші билік еді. Әкімқара журналист келе жатыр десе, зыр жүгіріп, ел басшысы келе жатқандай құрмет көрсететін. Қазір ондай заман қайда? Тек оппозициялық басылымдар мен телеарналардың ықпалы артып тұр. Ал мемлекеттік газет-журнал мен телеарна мемлекет тапсырысы шеңберінен шыға алмай тұрғаны – көзге көрінікті жайт. Аксиома. Бірақ халықтың жаз дегенін жазып, биліктің шындығын халыққа жеткізіп жатырмыз. Президент айтып отырған БАҚ-тың бәсекеге қабілетін арттыру да осыдан бастау алуы керек. Нақтырақ айтар болсақ, сөз бостандығы.

Әлемде қанша мемлекет болса, сонша газет-журнал, телеарна бар. Саны одан да көп. Себебі ХХІ ғасыр – технология заманы. Кейбір мемлекеттерде журналистердің айтқаны мен жазғаны күн тәртібіндегі мәселеге айналған. Сондықтан «New York Times» секілді басылымдар күн сайын жарық көріп отырады. Олардың басым көпшілігі ақиқатты паш етіп, халық сұранысы арқылы жарыққа шығады. Дәлірек айтсақ, халықтың үні, заманның көрінісі жазылған басылымның оқырманы да артпақ, ал телеарнаның көрермені көбеймек. Біздің айтпағымыз, міндетіміз Президенттің мына бір сөзімен үндесіп-ақ тұр: «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс.

Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады.

Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халық арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек.

Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайды.

Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден-бекер «төртінші билік» атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн. Мен мұны журналистер қауымына арнайы айтып отырмын.

Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек».

Мемлекет басшысының бұл Жолдауы бұрынғыдан сәл өзгерек. Себебі Жолдауда қордаланған мәселеге жауап болар, шешімін табар бастамалар көтерілген. Енді мәселені Ұлттық құрылтайда да айтар күн алыс емес. Тек сенім мен бірлік керек-ақ. Жолдаудан күтеріміз көп, үміт пен сенім басым. Президент Жолдауы – еліміздің даму критерийлерін айқындайтын маңызды құжаттың бірі. Оның негізінде жүзеге асырылатын реформалар да мемлекетіміздің жанжақты нығаюына өзіндік серпін береді.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале