24.09.2021, 18:48
Оқылды: 73

Ұрпақтары ұлықтаған күн

Расында, бүгінгі уақытта бақуатты өмір сүрген бейбіт заманның ұрпақтары, əсіресе Тəуелсіз елдің жеткіншектері азаттық таңы қандай қиындықпен атқанын білмейтіні аян. Биылғы жылы егемендігін алған еліміз 30 жылдық мерейтойын атап өткелі тұр. Сонау Кеңес заманында жəне Тəуелсіздік жылдары ауданымызда аянбай еңбек етіп, келешек ұрпақтың болашағын қалаған ата-əжелеріміз бен əке-аналарымыздың өнегелі өмірі ұмытылмауы тиіс. Елге қызмет жасап, ауданымыздың əлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан, Қазақстан Республикасы қаржы саласының үздігі, 1964-1991 жылдары Казталов аудандық қаржы бөлімінің басшысы болған Ораз Лұқпановтың есімі аудан халқына жақсы таныс.

816C8FF3-2A9E-4971-A2FF-568C18A5064F

24 қыркүйек күні ел Тəуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жəне марқұм Ораз Лұқпановтың 90 жасқа толуына орай марқұмның өзі тұрған үйінде ескерткіш тақта ашылды.

Айта кету керек, елге еңбегі сіңген ағаға ескерткіш тақта орнату жəне ол туралы естеліктер жинауға шəкірті Сағидолла Мұқатаев мұрындық болған еді. Əттең, өмір өкінішсіз бола ма?! Барлық ұйымдастыру жұмыстарынның бас-қасында жүрген, Қостанай облысының Лисаковск қаласының тұрғыны болған Сағидолла ағамыздың өзі биылғы жылы аяқ астынан өмірден озып кете барды. Бірақ Ораз Лұқпановтың отбасы мен шəкірттері, ауылдың атқамінер азаматтары шəкірті бастаған игі іс аяқсыз қалдырмай, ескерткіш тақтаның ашылу салтанатын өткізді.

5FA6AF48-ACC1-4CFD-B920-2BC7ED8CC95F

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына қатысқан аудан əкімінің орынбасары, Ораз Лұқпанұлының қаржы саласындағы шəкірті Қадер Нұрғалиев, Казталов ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мұқанғали Бектілеуовтер сөз алып, құттықтау тілектерін жеткізді.

Сонымен бірге 90-ның төріне келген, білім саласының ардагері, марқұмның жұбайы Болан анамыз қолдау білдірген барлық азаматтарға аналық алғысын жаудырды.

Ескерткіш тақтаны ашу құрметі шəкірті Қадер Қыдырəліұлы мен туған інісі Мақсот Лұқпанұлына жолданды.

E0F77C97-7728-48F8-95CB-E07B2678E7ED

Ораз Лұқпанұлы Лұқпанов 1931 жылы Казталов ауданы, Казталов ауылында дүниеге келген. 1947 жылы 7 кластық білім ордасын бітіріп, еңбекке ерте араласып, ауданның ауыл шаруашылық саласында еңбек жолын бастаған. 1952 жылы Совет Армиясы қатарында əскери борышын өтеген. Ерікті "Қайрат" спорт қоғамының төрағасы қызметін атқарған. 1956-1959 жылдары Семей финанс техникумын сəтті аяқтап, 1950-1960 жылдары Шыңғырлау аудандық финанс бөлімінде кіріс жөніндегі инспекторы, 1960-1964 жылдары Казталов аудандық финанс бөлімінде кіріс жөніндегі аға инспекторы болып қызмет жасаған. 1964 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін Казталов аудандық финанс бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқарған еді.

Қаржы саласының ардагері, ауданның біртуар азаматы Ораз Лұқпановты ұрпақтары ұлықтаған күн көпшіліктің есінде қалары сөзсіз.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале