7.05.2025, 0:00
Оқылды: 79

Ұстаз әрі шебер

Бүгінгі күні қазақ ұлттық қолөнеріне үлкен көңіл бөлініп жатқандығынын байқап жүрміз. Той-томалақ пен қуаныштарда қолдан жасалған бұйымдарды кәдеге ұсыну қазіргі трендке айналды. Одан бөлек ер-азаматтарға қолдан жасалған қамшы ұсынып жатқанын да байқаймыз.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз ұлағатты ұстаз, талай шәкіртін адал еңбекке баулып жүрген ұлттық өнердің жанашыры, Ақсай қаласы №4 жалпы орта білім беретін мектебінің технология пәнінің мұғалімі – Зейнуллин Қайрат Сырымұлы.

photo-output

Ол қазіргі кезде аудан бойынша қамшы өріп, кәсіп жасап жүрген санаулы жандардың бірі.
Қайрат Сырымұлы Қаратөбенің тумасы. Қазақстан гуманитарлық университетінің көркем сурет графика факультетінің түлегі. Еңбек жолын өзі оқыған Шөптікөл орта мектебінде бастаған. Қазіргі таңда Ақсай қаласы №4 ЖОББМ-те көркем еңбек пәнінен сабақ беріп келеді. Жанұяда 5 қыз тәрбиелеп өсірген, қадірлі әке. Кейіпкерімізге мамандығының маңызы мен ұлттық өнер жөнінде бірнеше сауал жолдадық.
- Қайрат Сырымұлы, технология пәнінің мұғалімі болуды өзіңіз таңдадыңыз ба?
- Ия өзім таңдадым. Себебі, бала күнімнен қолөнерге, техникалық шығармашылыққа қызығушылығым ерекше болды. Әртүрлі бұйым жасап, қолымнан шыққан дүниелерге қарап үлкен рахат алатынмын. Уақыт өте келе осы қызығушылығым мені технология пәнінің мұғалімі болуға жетеледі. Мен үшін технология сабағы — тек қана еңбек емес, ойлау, қиялдау, жасау, шеберлікті ұштастыру сабағы. Оқушыларды өз қолымен түрлі заттар жасауға, жаңа нәрселер ойлап табуға баулу — мен үшін үлкен бақыт. Әр балада шығармашылық қабілет бар, ал оны ашуға көмектесу — менің міндетім. Технология пәні өмірге қажетті дағдыларды қалыптастырады: шыдамдылық, жауапкершілік, ұқыптылық, табандылық. Бұл қасиеттер кез келген мамандықта қажет болады. Сондықтан мен осы пән арқылы балалардың болашағына өз үлесімді қосамын деп сенемін. Ұстаздық — жүрек қалауым, ал технология — соның шынайы көрінісі.
- Бұл пән не үшін маңызды деп санайсыз?
- Көркем еңбек пәні мектептегі бірден –бір маңызды пәндердің бірі деп айтар едім. Себебі келешек ұрпақты жауапкершілікке, еңбек сүйгіштікке тәрбиелейді. Көркем еңбек сабақтарында оқушылар ағашты өңдеу (аралау, шабу, қашау) түрлерін, тері өңдеу, олардан әр-түрлі бұйымдар (қамшы өру, алқа сырға жасау, торсық түрлерін жасау) жасауды үйренеді. Жалпы сабақтарымда оқушыларға атадан балаға мирас болып келе жатырған ұлттық құндылықтарымызды соның ішінде сәндік қолданбалы бұйымдар жасауды үйретіп келемін.
Технология пәні – баланың өмірге қажетті нақты дағдыларды меңгеруіне жол ашатын маңызды пәндердің бірі. Бұл пән арқылы оқушылар еңбекке баулиды, шығармашылықпен ойлауға, өз қолымен жұмыс істей білуге үйренеді. Тек теориялық білім емес, өмірде тікелей қолданылатын шеберліктер қалыптасады. Сонымен бірге бұл сабақ балаларға еңбекке құрметпен қарауды, әр істі ұқыптылықпен орындауды, табандылық пен жауапкершілікті үйретеді. Олар заманауи техниканы пайдалану, тұрмыстық жағдайларда шешім қабылдау сияқты маңызды өмірлік тәжірибе жинақтайды.
Қандай мамандық иесі болмасын, адамға ең алдымен еңбек сүйгіштік, ұқыптылық және шығармашылық көзқарас қажет. Сондықтан технология пәні – тұлғаның жан-жақты дамуына негіз болатын өте маңызды бағыт деп есептеймін.
- Қамшы өруден облыстық сайыста жүлдегер атандыңыз? Сайыс қалай болды?
- Ия, ұлттық «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткен «Қамшы өру» өнері байқауының ІІІ дәрежелі дипломымен марапатталдым. Байқау өте тартысты өтті. 13 ауданнан және бір қала мектебінен барлығы 14 көркем еңбек пәні мұғалімі қатысты. Сен тұр мен атайын деген мықты қолөнершілер жиналған сайыста жүлдегерлер қатарынан көріну оңай болған жоқ. Дегенмен қолымыздан келгенше өнерімізді ортаға салдық. Сайыстан соң қамшы өруді барынша қолға алдым. Себебі қайыспен жұмыс жасау ол бір бөлек дүние екенін түсіндім және де ұлтымыздың салт-дәстүрін келешек ұрпаққа үйретуді өз пәніммен тікелей байланысты болғандықтан міндетім деп санаймын.
- Қамшының өзіндік ерекшелігі мен жасалуы туралы айтып өтсеңіз?
- Қазақ халқының мәдени-тұрмысында, салт-дәстүрінде, рухани зердесінде қамшының алатын орны ерекше. Қамшы өнер туындысы, сый-сыяпаттың төресі, ер жігіттің серігі, айбыны, шаңырақтың киесі, тіпті, кейде батырдың қаруы да болған. Оны жай ғана ат айдайтын құрал деп айта салу ағаттық. Нағыз қамшы әбден иленген сиыр терісінен 3 таспадан 40 таспаға дейін өріледі. Таспа неғұрлым көбейген сайын жіңішкере береді, әрі ажарлана, күрделене түседі. Бір қызығы, дәл осы өрімге байланысты қамшының бірнеше түрі, яғни, бірнеше атауы бар. Мәселен, ат қамшы, дыр қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, сары ала қамшы, білеу қамшы, орама санды қамшы, мүйіз сапты қамшы, киелі қамшы, қасиетті қамшы, тобылғы санды қамшы, шашақты қамшы, бала қамшы, құрау қамшы, шыбыртқы қамшы. Шеберлер бұл бұйымның басына күміс, жез, тері секілді мойнақ салады. Осы қасиетіне орай, күміс мойнақ, жез мойнақ, сара ала мойнақ, ақ мойнақ қамшы деген түрлері бөлініп шығады. Білекке, ер басына, керегеге іліп қою үшін саптың дүм жағынан бір тұтамдай қалдырып, тесіп, қайыстан бүлдірге өткізеді. Қазақ ауылдары осындай тамаша бұйымды жасап шығаратын өрімшілерді ерекше қадірлейтін болған екен. Қазақтың салт-дәстүрінде қамшыны ұстау мен қолданудың тәрбиелік мәні, ережелері болады. Мұны да білген жөн. Қамшы әрдайым оң қолға ұсталу керек. Жайшылықта қамшыны екі бүктеп ұстайды. Қамшы өрімін салбыратып ұстау дұшпандық, әдепсіздік белгісі деп танылған. Сондай-ақ, жөн, жол көрсеткенде де саусақпен емес, қамшымен нұсқайтын болған. Қамшыны сыйға тартқан кезде кісінің қолына ұстатпайды, жерге тастаудың мәні береке-құт бірге кетпесін, ұшығы жерде қалсын, салмақты жер ғана көтереді дегіндігі. Қазақта қамшы ұрлау үлкен қылмыстың бірі саналатынын да атап өткен жөн. Бүгінгі күні қамш өретін өнерімді естьіп, алыс-жақынан тапсырыс беретіндердің саны артып келеді. Дегенмен уақытта тапшылығына байланысты тапсырысты көп ала бермеймін. Дегенмен қазақылықтың нағыз символы саналатын қамшыны сұраушылардың көптігі қуантады.
- Қайрат Сырымұлы, сұхбатыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Саналы да еңбекқор шәкірттеріңіз көп болғай!

Мейрамбек Сыдықов
Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале