2.09.2021, 9:45
Оқылды: 56

Үздіктер анықталды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Бәйтерек ауданы спартакиадасы аяқтала келді. Спорттың 12 түрінен сынға түсіп жатқан атлеттердің бәсекесі елдегі жағдайға байланысты бірнеше аптаға созылуда. Қазіргі таңда шағын футбол, волейбол, асық ату, үстел теннисі, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, гір тасын көтеру, қол күресі, жеңіл атлетика және президенттік көпсайыс сияқты спорт түрлерінің жарыстары аяқталды.

02

Алғаш болып өз жарысын аяқдоп шеберлері аяқтады. Қорытындысында Трекин командасы үшінші, Мичурин футболшылары екінші орын иеленсе, аудан спартакиадасының жеңімпазы атағы переметныйлық футболшылардың қанжығасында кетті. Одан соң волейболшылар алаңға шықты. Әуе доп шеберлері арасында Зеленый командасы үшінші, янайкиндіктер екінші орын иеленсе, Мичурин командасы жеңімпаз атанды. Сондай-ақ волейболшы арулар да спартакиада жүлдесін сарапқа салды. Бұл бәсекеде Краснов ауылдық округінің қыздары үштікті түйіндесе, Янайкин арулары екінші, Переметный қыздары бірінші орын иеленді.

03

Ұлттық спортқа бет бұра бастаған ауданда соңғы жылдары асық ату жақсы жолға қойылды. Қолмергендер бәсекесінің қорытындысына келер болсақ, үшінші орын Егіндібұлақ командасына, екінші орын көшімдіктерге, ал бірінші орын Янайкин асық атушыларына бұйырды. Ептілік пен шапшаңдықты талап ететін тағы бір ойын түрі үстел теннисі. Қазіргі таңда ауданның кіші қалақ ұстаған спортшылары облыстық додаларда да алдынғы қатарда. Сондықтан үстел теннисінің жарыстары қызықты өтеді. Көрермен мен ойыншылардың делебесін қоздырған теннисшілер бәсекесінің қорытындысында үшінші орынға көшімдік қыз-жігіттер орнықса, екінші орынды Мичурин, ал бас жүлдені Чиров ойыншылары жеңіп алды.

Бұдан бөлек ұшқыр ойлы спортшылар да өзара кім мықтыны анықтап қойды. Қорытындысында ауданның үздік шахматшысы атағы Дариян спортшыларына бұйырса, екінші нәтижені Янайкин, үшінші нәтижені Көшім спортшылары көрсетті. Ал дойбышыларға келер болсақ, бұл сында янайкиндіктер алда болды. Екіншіні Шалғай дойбышылары, үшінші орынды Краснов ойыншылары еншіледі. Ал тоғызқұмалақ сынына келсек, үшінші орын железновтықтарға, екінші орын янайкиндіктерге, ал бірінші орын Көшім ауылдық округінің командасына бұйырды.

01

Күштік спорт түрлеріндегі жарыстар да өз деңгейінде өтті. Гір тасын көтергендер бәсекесінде Чиров командасы үшінші, Дариян толағайлары екінші орыннан көрінсе, аудан чемпионы атағы янайкиндік жігіттерге бұйырды. Сонымен қатар қол күресі шеберлері де көпшілікке қызықты бәсекелер ұсынды. Бұл жарыста егіндібұлақтық спортшыларға тең келетіндер аз боса, екінші орынды Дариян, үшінші орынды Янайкин командасы жеңіп алды.

Спорт падишасы саналатын жеңіл атлетка бәсекесі де қызықты өтті. Қорытындысында дарияндықтр үшінші, зеленыйлықтар екінші орын иеленсе, Янайкин спортшылары бірінші орынды қанжығалады. Одан бөлек жазғы президенттік көпсайысшылар да жарыс жолына шықты. Бұл бәсекеде Чиров командасы үшінші, Дариян командасы екінші орын иеленсе, Янайкин командасы жеңімпаз атанды.

Енді спортшылар қазақ күресінен кім мықтыны анықтайтын болады.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале