9.02.2021, 15:41
Оқылды: 137

Үзілген сым, сынған бағана. Кімге сын?

Жуырда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев электр энергиясын дамытуға байланысты Үкіметке тапсырма берді. «Елдің бұдан әрі даму тетіктерінің бірі – үзіліссіз электр энергиясымен қамту. Соңғы уақытта көршілес елдерге деген энерготәуелділікке байланысты электрмен қамту жүйесінде ақау жиі болып отыр. Биылғы 10 қаңтарда Батыс Қазақстан облысында болған энергия жүйесіндегі апат жүйенің жетілмегенін көрсетті. Болашақта батыс өңірлерді Қазақстанның бірыңғай электр жүйелерімен біріктіру қажет» деді ол. Президенттің айтуынша, алдағы уақытта елдің батысы мен оңтүстігінің электр жүйесін Қазақстанның бірыңғай электр энергиясы жүйесіне қосу керек.

 сым1

«2027 жылға қарай элекр қуатының жетіспеушілігін ескере отырып, Үкіметке Қазақстан Республикасының 2035 жылға дейінгі энергетикалық балансын әзірлеуді тапсырамын» - деді Президент.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев те өңірде электр желілерінің ұзақтығы 20 мың шақырымнан асатынын және тозуы 80 пайызды құрайтынын атап өтті. «Соның салдарынан елді мекендерде, әсіресе, ауылдарда энергиямен қамту тұрақсыз. Екі ауданымыз электр қуатын Ресейден сатып алып отыр. Яғни, электр желісін қалпына келтіру және екі ауданға жаңа электр желісін тарту өзекті мәселе. Осы сұрақты шешу үшін тиісті шаралар қолданып жатырмыз» - деген болатын өңір басшысы.

Иә, біз жоғарыдағы Президент пен облыс әкімінің сөзін тектен-тек жазып отырғанымыз жоқ. Расында бұл салада қордаланған мәселе көп сияқты. Сол Ресейден электр қуатын алатын екі ауданның бірі – Казталов ауданы. Жаңа жылдан бастап ауа райына байланысты аудандағы электр жүйелерінде ақаулар шығып, аудандық электр торабының ұжымы дер кезінде жөндеу жұмыстарын жүргізді. Осы жағдайлар жақын арада да орын алды. Мәселенің неден туындап отырғанын білмек болып және басқа да сұрақтарымызға жауап іздеп, Казталов аудандық электр торабының басшысы Айбек Хисметовке жолықтық.

- Жалпы Казталов аудандық электр торабы «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» акционерлік қоғамының құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Мекемеге тиесілі 8 қосалқы станция бар. Атап айтар болсам, Казталов ауылында 2 қосалқы станция, Қараоба, Қошанкөл, Қайыңды, Болашақ, Тереңкөл, Бостандық ауылдарындағы қосалқы станциялар. Аталмыш станцияларға негізінен көрші мемлекет Ресейден Саратов облысы Александров-Гай ауданына 35 кВ (киловольт) 266,3 шақырым әуе желісі арқылы электр қуатын аламыз. Сонымен бірге облыс орталығынан келетін 110 кВ 60 шақырым әуе желісі тағы бар. Негізгі электр қуатын осы екі ауа желісі арқылы жеткізіледі. Аудан аумағында 10 кВ әуе желілері – 760, 325 шақырым, 0,4 кВ әуе желілері – 283,86 шақырым. Барлығы 1370,485 шақырым электр желісі және 161 жинақты транформаторлық қосалқы станция комплектісі бар. Казталов электр торабы мекемесінде 35 қызметкер жұмыс атқарады. 4 мастерлік учаске арқылы 8 ауылдық округте 3575 жеке абонентке және 208 мекеме-ұйымдарға қызмет көрсетеміз. Басты мәселе – салаға жаңғырту, жаңарту жұмыстары қажет, - дейді Айбек Айдынғалиұлы.

сым2

– Барлық электр тогын тасымалдаушы бағаналар, әуе желілер мен қосалқы станциялар әбден ескірді. Сонау 60-70 жылдардан бері жаңғырту көрмеген жабдықтардың тозығы жетіп тұр. Қыс айларында электр желілерінің ақауын біреулер: «Әсірелеп айтты» дер. Турасын айтқанда, қыраудан, қатты желден «пытырлап» үзіліп жатады. Біз сол ақауды қолдағы бар техника мен жабдықтардың күшімен жамап, жасқағандай боламыз. Әрине, үзілген сымдар түгелімен жаңасына ауыстырылмағасын қайтадан үзілетіні хақ. Тек соңғы жылдары аз ғана қаражатпен аудан орталығындағы кейбір көшелердің электр бағаналары мен желілерін ауыстырдық. Бұл да жеткіліксіз болып тұр. Тағы бір айтар мәселе – біздің мекемедегі қызметкерлердің еңбекақысының төмендігі. Күн, түн демей, жанкешті еңбек ететін монтерлардың 50 000 теңге еңбекақы алатыны да шындық. Ақшаның аздығынан біздің салада қызметкер тұрақтамайды. Енді ғана барлық жұмысты игерген азаматтар жалақысы көп, вахталық жұмысқа кетіп жатады. Дегенмен, мекеме қызметкерлері барлық ақауларды шамалары келгенше дер кезінде жөндейді. Олардың еңбектері ұшаң-теңіз. Кей уақытта айлап, жұмалап үй көрместен далада жүреді.

Сонымен бірге мекеменің техникалық жабдықталуы да төмен деңгейде. Қолда бар техниканың бәрі Кеңес үкіметі кезінде шығарылған. Содан бері дұрыс күтіп ұстаудың нәтижесінде пайдаланылып келеді. Шындығын айтқанда, баяғыда есептен шығарылуы керек. Бірақ, бұл дүниені есептен шығарсақ, жаңасын бізге кім береді? Бұл біздің ғана ауданда емес, барлық облыс бойынша қалыптасқанын қазіргі жағдай деп толық айта аламын, - дейді Айбек Хисметов.

Иә, мекеме басшысының сөзінде жан бар. Электр қуатын тарататын мекеменің ішенен қаузай берсең, талай мәселенің шеті көрініп қалатын секілді. Мақаламызды жазу барысында Жалпақтал электр торабы мекемесінің басшысы Бауыржан Бердалиевпен хабарласып, ол жақта да тап осындай қордаланған мәселелердің барына қанықтық. Мәселе ортақ болғасын бір ғана Казталов аудандық электр торабына тоқталуды жөн көрдік.

Басшылармен әңгімелесу кезінде аудан тұрғындары үшін тағы да бір келеңсіздіктің бар екеніне көз жеткіздік. Ол – бағаның қымбаттылығы. Мысалы, «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» акционерлік қоғамы электр қуатын таратушы  болса, ортада «Батыс энерго ресурсы» мекемесі алыпсатарлықпен айналысады. Яғни таратушы мен тұтынушының ортасындағы нағыз пайда көруші. Қазіргі күнде таратушы бір киловатт электр қуатын 5 теңгеден сатса, ортадағы алыпсатар тұтынушыға 13,72 теңгеден сатып отыр. Оратадағы «паразит» мекеме шаш етектен пайдаға кенеліп, халықты қанап отыр деуге толық негіз бар. Мұнымен қоса электр желілерінің үзіліп, бағандардың құлап жатқанына алыпсатар мекеме үшін жауапкершілік жоқ. Тек сатумен ғана байып отыр деуге толық негіз бар. Ал барлық ақауларға байланысты жұмыстарды жоғарыда атап өткен «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» акционерлік қоғамының құрылымдық бөлімшесі Казталов аудандық электр торабы атқарады. Бұл мәселеге қатысты бір шешім болмаса, алдағы жылдары мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар саланың құрдымға кетері сөзсіз. Ойланатын шаруа секілді.

Елімізді үзіліссіз электр энергиясымен қамту үшін жоғарыдағы Үкіметтің бір шешімге келіп, энергетика саласына қомақты қаражат бөліп, жаңғырту жұмыстарын жүргізсе дейміз. Сонда ғана нәтиже болмақ.

 

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале