31.07.2021, 18:22
Оқылды: 101

Ұзынкөл су қоймасын қалпына келтіру маңызды

БҚО әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарымен Теректі ауданында болды. Сапар барысында өңір басшысы бірқатар ауылдық округтерде болып, Теректі ауданы әкімі Арман Өтеғұлов жалпы аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

А3

Алдымен Ғали Нәжімеденұлы «Шаған» ауылдық округіндегі «Миронов» шаруа қожалығына ат басын бұрды. Бүгінгі таңда қожалық көкөніс өсірумен айналысады. Қожалық жетекшісі Владимир Миронов облыс әкіміне «Барбастау фермерлері» брендін қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын, сонымен бірге өнімдерін өткізуде кездесетін мәселелерді алға тартты. Облыс әкімі Подстепный ауылдық округіне қарасты «VITAMIN» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігінен құлағдар болды. 2015 жылы негізі қаланған қожалық 15,5 га жерге таңқурай, 3 га жерге бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысады.

Қожалықтың жоспарында 20 га жерге алма бағын өсіріп, оны дамыту бар. Тамшылатып суару технологиясын жетік меңгерген ұжымның жоспары айқын, қадамы нық.

А51

Одан кейінгі бағыт - Ұзынкөл су қоймасы болды. Аудан әкімі «Қабылтөбе–Федоров каналы» құрылысын жүргізу арқылы Ұзынкөл су қоймасының жағдайын оңалту мәселесін көтерді. Расы керек, Қабылтөбе ауылынан Социализм ауылына дейін Барбастау өзені бойында барлығы 51 шаруашылық орналасқан. Барбастау өзенінен шаруашылықтар суару маусымында 2 253 450 куб метр су пайдаланады екен. Барбастау өзені бойында бірнеше су тоғандары барын ескерсек, олардың бүгінгі жағдайы көңіл қуантарлық емес. Құрылыс жүзеге асса Барбастауға Жайық өзенінен су жіберу арқылы қосымша 5414 га жерді суармалы учаскіге айналдыруға мүмкіндік туады.

- Әрине, өте өзекті мәселені қозғадыңыздар. Аталмыш жобаға біраз қаржы кететінін ескеріп, жоспарларымызды нақтылау керек. Шаруалардың да ойын біліп, канал бойына жан біткенде атқарар жұмыстарымен танысқан абзал. Ұзынкөл каналын қалпына келтіру, қазір жөндеуі басталған «Жайық–Шалқар» каналына да қолдау болар еді. Сол себепті аталмыш жобаны жүзеге асыруды қолдаймын, - деді өңір басшысы Ғали Есқалиев.

А7

Кейін облыс басшысы Ақжайық ауылдық округінде болып, Ақжайық шипажайының жұмысын көзбен көрді. Демалушылармен тілдесіп, олардың пікірлеріне құлақ асты. Сонымен бірге, «Жайық–Шалқар» каналының жөндеу жұмыстарына қанығып, мердігер компания өкілдерімен кездесті. Каналдың жөндеу жұмыстарын «Павлодарский речной порт» АҚ жүргізуде.

БҚО әкімі Ақсоғым ауылында орналасқан даңқты жазушы, Нобель сыйлығының иегері М.Шолоховтың саяжайына барып, қазіргі жағдайын көрді. Аталмыш округтегі «Мұра» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты. Қожалық жетекшісі Ербол Кенжеалиев алдағы жоспарларымен бөлісті. Қожалықтың негізі 2018 жылы қаланған. Мал шаруашылығынан бөлек, Ербол қазір бройлер өсіруді қолға алыпты.

Өңір басшысының жұмыс сапары Шағатай ауылдық округінде түйінделді. Ол жерде облыс әкімі Барбастау-Индер тас жолының салыну барысын көріп, мердігер компания өкіліне сапаға мән беру керектігін тапсырды.

А.2

А6

20210731_181120

А9

А10

Әділет Әлібекұлы
Теректі ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале