20.08.2021, 17:52
Оқылды: 216

Ұзынкөлдің Атымтай жомарты

Оған ауылдың тыныс-тіршілігі жат емес. Себебі есін біліп, етегін жапқаннан малмен етене өсті. Әкесі, марқұм Ғазез Дәулетов ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығында еңбек етіп, Жәнібек ауданында үлкен абыройға бөленді. Үлкен отбасының тұңғышы ретінде әкесінен жылқышының құтты құрығын қабылдап алған баласы Серік 2005 жылы «Ғазез» шаруа қожалығын құрып, осы салаға жетекшілік жасап келеді. Жастайынан еңбекке араласып өскендіктен, ол қай шаруаның да оңтайын келтіре біледі.

77777

Бүгінде бұл шаруа қожалығы – Ұзынкөл ауылдық округіндегі мал шаруашылығын өркендетіп отырған ірі құрылымдардың бірі. Қарамағында 11739 гектар жері бар. Құрылған жылы иелігінде 120 бас ірі қара, 80 бас қой болса, кейін ірі қараны 375-ке, қойды 180-ге, жылқыны 874-ке және түйені 11 басқа жеткізді. Төрт адамды жұмыспен қамтып отырған қожалықтың қарамағында «ЮМЗ», «МТЗ-80», «МТЗ-82», тракторлары, шөпті теңдеп буатын техникасы мен тіркемесі, «КамАЗ» автомашинасы бар. 2015 жылы қолма-қол ақшаға жаңа трактор сатып алып, инвестициялық салымдарды субсидиялау бойынша оның 50 пайызын, яғни 1 млн 720 мың теңгесін қайтарып алды. Сол жылы өзі отырған атақонысына қуаттылығы 0,5 квт болатын күн батареясын орнатты.

- Серік Дәулетов 2012-2017 жылдар аралығында тұқымдық түрлендірумен айналысып, 20 млн 060 мың теңге демеуқаржыға қол жеткізді. 2016 жылы тұқымдық түрлендіру бағыты бойынша 201 бас ірі қараның аналығын 7 бас қазақтың асыл тұқымды ақбас бұқасымен қамтыды. Шаруа қожалығының жұмысында заманауи технологиялар мен жаңа әдістер кеңінен пайдаланылады, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Асылбек Қамашев.

Ол тек шаруашылықпен шектеліп қалмай, ауылдың тыныс-тіршілігіне де белсене араласады. Оның ауылдағы әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз топтарға қолұшын созудан да аянып қалған кезі жоқ. Өзі көпбалалы отбасында өскендіктен, олардың жағдайын жақсы түсінеді. Сол себепті жыл сайын мұқтаж жандарға киім-кешек, азық-түлік, мал азығымен көмектесіп, демеушілік жасап жүреді. Қайырымдылық айлығы, Құрбан айт кезінде аз қамтылған отбасыларға ақшалай-заттай жәрдемдесіп, құрбандыққа мал шалып, оның етін үлестіріп отырады. Ұзынкөл ауылдық округінің құрылғанына 50 жыл толуына орай өткен аламан бәгенің бас жүлдесіне 100, мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Мұстақым Ықсановтың 90 жылдық мерейтойына байланысты оздырылған мерекелік шараға 100 мың теңге қаржылай демеушілік көрсетіп, аталған ауылда салынған мешіт құрылысына да өз үлесін қосқан. Нұр-Сұлтан қаласында, облыс орталығында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне мал өнімдерін тұрақты түрде шығарып тұрады. Сондай-ақ ол ауылдағы көктемгі санитариялық-экологиялық айлық барысында және жазғы өрт қауіпсіздігінің алдын алу кезінде қожалықтың техникаларын жұмылдырудан да шет қалмайды.

Серік Ғазезұлының бастамасымен Т.Жароков атындағы орта мектепті 1980 жылы бітірген түлектердің қолдауымен өткен жылы аудан орталығында ат спортын дамытып, жастарды ұлттық өнерге баулу мақсатында «Жайлау» ат спорты кешені пайдалануға берілген болатын.

Бұл жөнінде аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Орынбасар Ғилымов былай дейді: «Ауданымызда ат спортының негізі 2015 жылы қаланды. Алғашында шағын жарыстар ұйымдастырдық, жігіттер шақыртып, көкпар, аударыспақтан жарыстар өткіздік. Ер балалар атқа мінуді үйреніп, көкпар тартып, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату сияқты ұлттық ойындарға машықтанды. Аудан әкімдігінің қолдауымен арнайы атқора және бес бас жылқы сатып алынды. Аудандағы атбегі азаматтардың бастамасымен 2016 жылы атбегілер федерациясы құрылып, оның президенті мен вице-президенті сайланды. Осы азаматтардың қолға алуымен аудан көлемінде бәйгелер ұйымдастырылып, жарнадан түскен қаражаттан Ақоба, Тау ауылдарындағы мешіт құрылыстарына қайырымдылық көмек көрсетілді.

Ат спорты аз уақыт ішінде біраз жетістіктерге жетті: 2017 жылы облыстық «Ақбидай» ойындарында және ЭКСПО кезінде Батыс Қазақстан күндері аясында ұйымдастырылған жарыста көкпардан бірінші орынға ие болып, аудан абыройын асқақтатты. 2019 жылы ұлттық спорт түрлерінен облыстық фестивальде үшінші орынға ие болдық. Осындай азды-көпті жетістіктердің нәтижесінде Алматы қаласында грек-рим күресінен тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың қолынан Қазақстан бойынша «Үздік аудандық федерация» атағын да алдық. Биыл ат спорты бойынша ауданымызда ҮІІ облыстық «Ақбидай» ауыл спорты ойындарын ұйымдастырдық. Бүгінде «Жайлау» ат спорты кешенінде тоғыз ат бапталып жатыр. Негізгі мәселенің бірі – жылқыларды жарыстарға тасымалдау болып тұр. Өйткені кешеннің аттарды тасымалдауға арналған арнайы көлігі жоқ. Осыған дейін жарыстарға жылқыларды алып баруға аудан әкімдігі мен ат спорты жанашырлары қолұшын созып келді».

Әкесінің ізін жалғап, мал шаруашылығының қыр-сырын жете меңгеріп, төрт түлікті түлеткені, туған өлкесінің дамуына үлеулі үлес қосқаны және жомарттығымен елдің ықыласына бөленгені үшін Серік Дәулетов Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің құрмет грамотасымен марапатталған. Ал былтыр ауданның қорытынды жиынында «Үздік меценат» аталымына қол жеткізіп, есімі ауданның Құрмет тақтасынан орын алды.

 

Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале