15.04.2021, 14:00
Оқылды: 95

Вакцина емдемейді, аурудан қорғайды

Бір жылдан астам уақытқа созылған коронавирус пандемиясы мен оның салдары әлем ғалымдарының ізденістерін онымен күресуге бағыттады. Бұған дейінгі болжамдар бойынша, пандемияны тек вакцина мен ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы тоқтата алады делінген. Ғалымдардың ізденістері нәтижелі аяқталып, бірнеше елдің фармкомпаниялары алғашқы вакциналарын шығарды. Ресейлік «Спутник V» вакцинасының алғашқы топтамасы аудан орталығына жетіп, вакцинация басталып та кетті. Мамандар індет емі – вакцина дейді. Вирус – жаңа. Сәйкесінше, вакцина да жаңадан шыққан. Оның әсері туралы алыпқашпа пікірлер интернет бетінде өріп жүр. Коронавирусқа қарсы вакцина қаншалықты сенімді? Осы тұрғыда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Әбдірахмановамен хабарласып, вакцинация туралы жиі қойылатын сұрақтардың жауабын алдық.

EA82CB7F-464B-412D-A150-BED8347EF0AB

 Ауру анағұрлым жеңіл өтеді

 Вакцинация 18 және одан жоғары жастағы адамдарға жүргізіледі. Созылмалы жүрек-қан тамырлары, обструктивті бронхо-өкпе ауруларымен, қант диабетімен есепте тұрған және 65 жастан асқан адамдар аймақтық емханада медициналық қарсы көрсетілімдер болмаған кезде екпе алуы мүмкін. Вакцинациялау препараттың келіп түсуіне байланысты кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бұл ретте, бірінші кезекте вакцина алуға коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары халықтың осал топтары жатады. Одан әрі иммундауға жататын топтар қамтылады. Бірінші кезеңде инфекциялық аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет мамандары егіледі. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтарын, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет мамандары вакцинацияланады. Үшінші кезеңде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар қамтылады. Одан басқа, халықтың қосымша топтарын қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда. Халықтың осал топтары үшін коронавирусқа қарсы егу тегін жүргізіледі.

Вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі. Вакцинациялау алдында дене қызуын, сатурацияны, жүрек жиырылу жиілігін, артериялық қысымды өлшей отырып, тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйесін аускультацияла мен жұтқыншақты тексеріп, дәрігердің міндетті сауалнамасы және қарап-тексеруі жүргізіледі. Егер дене қызуы 37°C-тан асса, вакцинация кейінге қалдырылады. Вакцинация үш апта аралығымен екі рет жүргізіледі. Енгізілгеннен кейін дене антиденелер шығара бастайды. Тұрақты иммунитет екінші вакцинациядан 21 күн өткен соң қалыптасады. Бірінші және екінші вакцинациядан кейін 42 күн ішінде маска режимін, әлеуметтік қашықтықты, қол гигиенасын сақтау керек. Шынайы инфекция келгенде ол адам ауырып қалуы әбден мүмкін. Бірақ қатты ауыр дәрежеде ауырмайды, бастысы – одан адам өлмейді. Вакцина салдырғаннан кейін ковидпен ауырмайсыз деген сөз емес, бірақ ауруды анағұрлым жеңіл өткізесіз.

 Вакцинация міндетті әрі мәжбүрлі ме?

 Қазақстанда вакцинация ерікті түрде жүргізіледі. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцинация егілетін адамның тек ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. Вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген. Кез келген қысым заңсыз болып табылады.

 Әр адамның ағзасы әртүрлі

 -Қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін вакцинаның көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдері, иммунизациядан кейінгі ықтимал көріністері, вакцинаны енгізу, сақтау және тасылмалдау шарттары туралы толық мәліметтері бар вакцинаның нұсқаулығы талап етіледі. Осыған байланысты, қарсы көрсеткіштерді қазіргі уақытта тізіп шығу мүмкін емес. Адамның ағзасы кез келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастыратынын, сондай-ақ иммундаудан кейін дене қызуының жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністер пайда болатынын атап айту маңызды. Медицина қызметкерлері кез келген вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Егер ауыр аллергиялық сырқаты болса, екпе салуға медициналық тұрғыдан бас тартылады. Бұл ретте аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес. Себебі әрбір адамның ағзасы әртүрлі. Уақтылы ден қою үшін адам вакцинация алғаннан кейін алғашқы 30 минут ішінде дәрігердің бақылауында болуы керек. Дәл осы аралықта екпеге аллергиялық реакция болуы мүмкін, - дейді Гүлнар Мақсотқызы.

 Балаларға екпе егілмейді

 Ресейлік «Спутник V» вакцинасын 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды. Сәйкесінше оны тек Қазақстанның кәмелетке толған азаматтары ғана ала алады.

Сондай-ақ коронавирусқа қарсы екпені 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек. Бірінші доза денедегі антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам ағзасындағы антиденелер саны артады.

Сонымен қатар коронавирус инфекциясы жұққаннан кейін пайда болатын антиденелер 3-6 айдың арасында түгел жойылады. Яғни вирус жұқтырып ауырған адам 6 айға дейін вакцина салдыра алмайды. Алты ай өткеннен кейін ғана салдыруы керек.  

 Электрондық паспорт - тарих

Вакцинацияның электрондық паспорты, ол вакцинаның медициналық тарихы. Паспорт екпе қабылдайтын халықты бақылау, мониторингілеу және үздіксіз қарау үшін денсаулық сақтау саласындағы негізгі модуль. Қазіргі уақытта вакцинацияның электрондық паспортын әзірлеу аяқталып келеді. Паспорттың жұмыс қабілеттілігі медицина қызметкерлері үшін Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық ресурстары арқылы, ал пациенттер үшін «eGov Mobile» мобильдік қосымшасында қолжетімді болады. Вакцинацияның электрондық паспортында азамат туралы, ол алған екпенің түрі, егудің кезеңділігі, сондай-ақ вакцинациядан кейінгі кезеңдегі бақылау туралы ақпарат қамтылады.  

 Азамат Сафималиев, Жәнібек ауданының әкімі:

-Вакцинаны өзімді және отбасымды қорғау үшін салдырдым. Көптеген жиналыстар онлайн болғанымен, ауданымызда салынып жатқан нысандарды қадағалап, шаруа қожалықтарын аралаймын. Қанша жерден қорғанып, сақтанып жүрсең де вирустың аты вирус. Екпе алғанның еш зияны жоқ. Керісінше, қалыпты өмірге көшудің бірден бір жолы.

 Сәуле Исмағұлова, Жәнібек аудандық орталық аурухананың директоры:

-Қазіргі таңда вакцинация – қалыпты өмірге оралудың, бетпердесіз жүрудің жалғыз жолы. Екпені түсінбейтіндер немесе одан қорқатындар бар. Тіпті, сауатсыздар да бар. Иә, вакцина жаңадан шығарылды. Әрине, қорқыныш бар. Дегенмен аурудың қайсыбір түрінен қорғану үшін вакцина қабылдайсың. Бала дүние келгеннен кейін туберкулез ауруына қарсы екпе алады. Дене қызуы көтеріледі. Дәл сол сияқты, бұл вакцина да осы індеттен қорғанудың бір жолы. Ең алдымен, адамдармен жаппай жұмыс жасайтын топтарды вакцинациялау бойынша мемлекет дұрыс шешім қабылдады. Себебі, медицина мамандары, құқыққорғау қызметкерлері, мұғалімдер қарапайым халықпен, оқушылармен тікелей байланыста жүреді. Бірақ ауданымыздағы зиялы қауым өкілдерінің көбі вакцинаға қарсы келуде. Бұл жерде біздер балаларымызды оларға қалай тапсырамыз деген сұрақ туындайды. Содан кейін диспансерлік есепте тұрғандар, яғни осал топтағы созылмалы аурулары барлар екпе алуы қажет. Олар екпе алғаннан кейін ауру жұқтырып алса, індет жеңіл түрде өтеді. Былтыр көз жұмғандардың көбі созылмалы аурулары бар адамдар. Сол себепті екпе алған дұрыс.

 Нұрдос Сағынғалиев, полиция капитаны:

-Вакцина алғаннан кейін ешқандай аурушаңдық байқалған жоқ. Өзімді жақсы сезіндім. Дүние жүзі болып, ауруға қарсы екпе ойлап тапты. Сол себепті вакцина алуға кеңес беремін. Екпе коронавирустан қорғанудың бірден бір жолы.

 Индира Ахметқалиева, Жәнібек ауылының тұрғыны:

-Ауданға вакцина келді деп естігенде, алғашқылардың бірі болып алдым. Себебі кішкентай балапаным жұқтырып алмаса екен деген қорқыныш болды. Қазір бәрі жақсы. Екі кезеңдегі екпені алдым. Өзімді өте жеңіл әрі көтеріңкі сезінудемін. Екпе алғаннан кейін бойымда қорғаныс сезімі пайда болды.

 

PS: Елімізде 1 ақпаннан бастап, жаппай вакцинациялау басталды. Ауданымызда осы уақытқа дейін 400 адамға екпе жасалды. Оның ішінде 205 мұғалім, 12 мемлекеттік қызметкер, 6 тәртіп сақшысы, 128 медицина маманы, 49 тұрғын ерікті түрде және диспансерлік есепте тұрғандар.

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале