21.06.2021, 12:31
Оқылды: 274

Халық қаласа, әкім боласың

Қазақстан демократиялық өзгеріске жол ашатын, халық үшін зор маңызы бар науқан алдында тұр. Бұл – ауыл әкімін халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайлауы. Биыл 25 мамыры күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңға әкімдерді сайлауды енгізу мен барлық үміткерге қарсы дауыс беруді қарастыратын түзетулерге қол қойды. Осы түзетуге сәйкес елімізде сайлау өтеді. Сайлауға енгізілген өзгерістер, оған аудандағы дайындық жайында қойған сұрақтарымызға Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Болат Кенжеғұлов жауап берді.

 2 сайлау

- Болат Мұхитұлы, алдымен сайлауға енгізілген өзгеріс-жаңашылдықтар туралы айтып берсеңіз...        

- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет» делінген. Осыған орай биылғы жылы елімізде «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» заңына жаңадан толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп отыр.

Осы заңның толықтыру енгізілген 9-бабының 2-1 тармағында: «Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін сайлау кезінде басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың дауыс санының көпшілігін алған кандидат сайланды деп есептеледі» деп анық жазылған. Яғни, әкімдерді енді халық сайлайды. Маусым айында сайлауға дайындық басталды.

- «Жергілікті әкімдерді енді халықтың өзі сайлайды» деген бастама көтерілгелі бері қоғамда қызу талқылануда. Жалпы, бұған дейін де әкімдерді сайлау өтіп келді емес пе?

- Елімізде 1995 жылдан бастап жергілікті өзін-өзі басқару ісін дамыту мен мемлекеттік қызметтерді бөлісу бастамасы жүзеге асып келеді. Естеріңізде болса, жергілікті әкімдерді сайлау тәжірибесі Қазақстанда 2013 жылы қолданысқа енгізілген. 2013 және 2017 жылдары елдегі 2500-ге жуық әкімнің 1416-сы жанама түрде сайланған. Осы тұста әкімдерді тікелей тұрғындар емес, мәслихат депутаттары сайлады. Оның үстіне бұған дейін әкім болуға  кандидаттарды одан жоғары тұрған әкімдер, яғни аудан әкімдері ұсынатын еді. Енді халық, қоғам арасында бұл жүйе орныққаннан кейін мәслихат сайлаған ауыл әкімдерінің өкілеттігі тоқтаған кезде сайлау тікелей өтеді. Қарапайым тілмен айтқанда, ендігі кезекте округ әкімдерін халық сайлайтын болады.

Мұның тиімді тұстарына тоқталатын болсақ, ең бірінші жергілікті жердің халқы өздері таңдаған кандидаттарын әкім етіп сайлауға мүмкіндік алмақ. Әкімдерді сайлау – азаматтардың өздерінің конституциялық құқықтарын толыққанды іске асырудағы белсенділігін арттыруға, халықтың билікке деген сенімін және әкімнің халық алдында есеп беруін күшейтуге, ауыл әкімінің халықтың қажеттіліктері мен проблемаларына жедел ден қоюына, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді.

- Әкімді төте сайлау қалай өтеді?

- Бірінші кезекте аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидаттарды ұсыну  жүргізіледі. Округ әкімі лауазымына үміткерлерді саяси партиялар және азаматтар өзін-өзі ұсынуына болады.  Әкім лауазымына түсетін үміткерлер сол жергілікті жердегі сайлаушылардың 1 пайыз дауысын жинаса, аумақтық сайлау комиссиясына тіркеледі. Еліміз бойынша кандидаттарды тіркеу 2021 жылдың 26 маусымынан басталмақ. Кандидаттарды ұсыну және тіркеу сайлау тағайындалғаннан бастап 15 күн ішінде жүргізіледі. Сайлау заңындағы жаңа өзгерістерге сәйкес аумақтық сайлау комиссиясына ұсынылатын кандидаттар саны 2 адамнан кем болмауы қажет. Егер бір кандидат ұсынылған жағдайда сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін 5 күнге созады. Сол аумақтың қала, аудан әкімі жергілікті қауымдастық жиналысымен келісе отырып, өз кандидатын ұсынады.

- Әкім сайлауына түсетін үміткерге қандай талаптар қойылады? Дауыс беру қалай өтеді?

- Әкім болып сайланатын үміткердің жасы 25-тен төмен емес, Қазақстан Республикасының азаматы, жоғары білімі бар, ақыл-ойы дұрыс, бұрын сотталмаған, сонымен бірге, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» заңындағы талаптарға сәйкес болуы қажет.

Үміткерлер тиісті құжаттарды жинап, кандидат болып тіркелу үшін аумақтық сайлау комиссиясына тапсырады. Тірекуге келіп түскен кезден бастап кандидаттардың құжаттарын арнаулы тексеру жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік органдарына жіберіледі. Кандидат болып тіркелу үшін саяси партия ұсынған үміткерді қоспағанда, үміткерлер өз қаражатынан жергілікті атқарушы органдардың есепшотына 1 айлық ең төменгі жалақы есебінде сайлау жарнасын енгізеді. Ал тіркелген кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарына кететін шығындардың қаражаты жергілікті аумақтық сайлау комссиясы арқылы төленетін болады.

Енді сайлаушылар қалай дауыс беретініне келсек, бәрі бұрынғыша қалмақ. Сайлаушылар жергілікті жерлердегі сайлау учаскелеріне келіп, өзі таңдаған кандидатқа дауыс бере алады. Тағы да бір өзгеріс – бұрын сайлау бюллетенінде өзіңіз қолдаған кандидатқа дауыс берсеңіз, жаңа бюллетендерде ұсынылатын кандидаттардың төменінде «бәріне қарсымын» деген жол енгізілмек.

- Біздің ауданда жауапты науқанға дайындық қалай?

- Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы алдағы округ әкімдерін сайлау науқанына толықтай дайын. Бүгінгі күнде сайлаушылардың тізімдері жасақталып, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері бекітілуде. Біздің ауданға қарасты 4 ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауы өтетін болады. Атап айтсақ, Ақжайық, Ақсуат, Подстепное және Приречный ауылдық округтері. Сайлау өтетін күні осы округтерде 14 сайлау учаскесі жұмыс жасайды. Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, сайлау өткізуге дайындық жүріп жатыр.

 

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале