26.08.2021, 10:07
Оқылды: 56

Халық қалаулысы – Бәйтерек ауданында

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева Бәйтерек ауданында болды. Елдің жайымен таныспаққа келген халық қалаулысы іс-сапарын мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан қос қабатты екі үйдің құрылысымен танысудан бастады.

03

Мердігермен тілдескен депутат баспана құрылыс сапасына үлкен мән беру керектігін баса айтты. Баспананы мерзімінен бұрын аяқтауға бекінген мердігер құрылыс жүргізуге ешқандай кедергі жоқтығын жеткізіп, аудан басшылығы тарапынан үлкен қолдаудың бар екенін атап өтті.

Одан соң 2018 жылы пайдалануға берілген Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатына ат басын тіреген депутат мектеп жұмысына оң бағасын берді. Білім ордасының директоры Шолпан Өмірзаққызының айтуынша, жыл санап қазақ мектебіне келетін оқушылар саны артуда. Барлық жағынан қамтылған мектепте маман жетіспеушілігі сияқты мәселелер жоқ.

02

Сонымен қатар Снежанна Имашева Дариян ауылындағы орыс мектебінде де болды. Күрделі жөндеуден өткен білім ошағы жаңа оқу жылын бастауға дайын. Мектеп директоры Оксана Шохина 50 жыл бұрын салынған мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа оқу жылын жаңарған мектепте бастауға мүмкіндік берген аудан басшылығына ризашылығын білдірді.

Мектептен соң ел мәселесімен жақсы таныс еңбек ардагері Рахиля Бабақожаның шаңырағына тоқтаған депутат өмірінің біраз бөлігін ауыл дамуына арнаған ардагермен емен-жарқын тілдесіп, ауылды мазалаған мәселелермен танысты. Кейін осыдан бір ай бұрын «Харекет» қоры арқылы баспаналы болған жалғызбасты әке Жамбыл Сажуевтың шаңырағында болып, бес баланы асырап отырған мейірімді жанның жағдайымен танысты.

01

Дариян ауылынан соң Жайық елді мекеніне тоқтаған Снежанна Имашева ауыл мектебінің жайымен танысты. Жыл санап халық саны өсіп жатқан қала іргесіндегі шағын ғана ауыл мектебінің жайы расымен де жақсы емес. Білім ошағына бейімделіп жасалған екіпәтерлі үйді паналаған оқушылар қазір мектепке сыйып отырғанымен, болашақта бұл орынның балаларға тарлық ететіні анық. Қазірдің өзінде елді мекенде тұратын оқушылардың көбі Трекин мен Желаев ауылдарына қатынап оқиды. Қайта соңғы жылдары мектеп ішіне әжетхана салынып, көмірмен жағатын ошағы электр жылытқышқа ауыстырылған.

Ауылдағы халық саны өсіп жатқанын аудан әкімдігі де біліп отыр. Болашақта бұл елді мекеннен типтік үлгідегі мектеп салу жоспары бар екен. Ол туралы кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов айтты.

Жайықтан шыққан соң Володар ауылына барған халық қалаулысы аталған елді мекендегі мектеп тынысымен танысты. Өткен ғасырдың 59-шы жылы салынған білім ошағы осы кезге дейін бір де бір рет жөнделмегеніне қарамастан, қалтқысыз қызмет етіп келеді. Мектеп директоры Нұржамал Мұхамбетжанованың айтуынша, білім ордасында кадр тапшылығы жоқ. Бала саны да жеткілікті. Мектеп ескі болғанымен, сапалы білім беріп отырған білім ошағы арнайы бақша салып, оқушыларды еңбекке баулып отыр.

Мектеп бақшасына оң бағасын берген депутат Снежанна Имашева ауданның басты мәселесі – ескі мектептер екенін білетінін жеткізіп, ауылдағы білім ордасының жөнделуіне күш салатынын айтты.

Сапар соңында Трекин ауылындағы орыс мектебінің жайымен танысқан халық қалаулысы аталған мектепті мазалаған мәселелер туралы сұрап білді. Мектепті басқарып отырған Раиса Мәмешева ауылдағы орыс мектебінде оқушы саны әлдеқайда артық екенін жеткізді. Жаңа оқу жылын оффлайн түрде бастайтын білім ордасында не жөнді спортзал, не лайықты асхана жоқ. Оқушылар көрші тұрған қазақ мектебінен тамақтанады. Ал басқа шаралар ауылдық клубта өткізіледі екен.

Трекин ауылының жағдайымен жақсы таныс екенін айтқан аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов ауылда жаңа мектеп салу жайы шешіле келгенін жеткізді.

- Облыс орталығын қоршап жатқан Бәйтерек ауданында біраз мәселе оң шешімін тапқанын білеміз. Тек жыл санап халық саны өсіп жатқан қала іргесіндегі ауданға қарасты ауыл мектептерінің мәселелерін шешуіміз керек. Өз тарапымыздан мүмкіндігінше қолдауды аямаймыз, - деді сапар соңында Снежанна Валерьевна.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале