9.04.2020, 10:45
Оқылды: 47

Халыққа керегі - сабыр мен ұйымшылдық және ішкі тәртіп

Ел мен Елбасы. Иә, бұл біз үшін егіз ұғым. Егемендіктің елең алаңында ел тізгінін қолға алып, көш бастаған тұлғаның еңбегі ерен. Әрине, елдің бетінде, желдің өтінде жүрген адамның атына айтылар  мадақ та, сынақ та аз болмасы белгілі.

F74CD925-3BB3-480C-9616-ED056B7EA5C7

Десек те, Нұрсұлтан Әбішұлының көреген саясаткерлігін, халқын сүйетін қайраткерлігін, қарапайым болмысын  көрмеу арға сын сияқты. Күні кешегі "Бірлесе білген ел бәрін жеңеді" атты мақаласында да  Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз ойын еш бүкпесіз ашық жеткізген. Әркез туған халқымен ой бөлісіп келе жатқанына, бүгінгі қалыптасып отырған жағдай оңай еместігіне де тоқталған. Сондай-ақ қазіргі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайтынын, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар екендігін жазған. Енді Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар соны үнемді түрде, нақты жоспармен   жұмсай білуі керек депті. Елдің бүгінгі жағдайын Елбасынан артық кім біледі?! Сондықтан кейбір жерлестеріме жел сөздердің жетегіне ермеңіздер, сонау тоқыраудың қыспағынан да аман өттік қой дегім келеді.

Тағы бір айта кететін жайт,  Нұрсұлтан Әбішұлы біздің қасиетті Орда топырағына екі рет келді. Жүзі жылы, сөзі нық, ісі мығым, бәрінен бұрын қазақы қарапайымдылығын айтсаңызшы! Әрине, өз топырағында ел бағына туған Ермен екі рет жүздесу ордалықтардың маңдайына жазылған бақыт дер ем. Әрі Нұрсұлтан Әбішұлы екеуміз бір кезеңнің төлдеріміз. Сексеннің сеңгіріне аяқ артқан біздің қатардың да көрген қиындықтары аз емес. Көбіміздің ата-әкелерімізді  сұм соғыс жалмап, жесір ананың бауырында жүріп ер жеттік. Мынау бейбіт өмірдің бағасы біз үшін өте қымбат. Сондықтан тыныштыққа жетер еш нәрсе жоқ, бүгінгі азды-көпті  қиындықтар ертең-ақ ұмыт болады. Мемлекет өз қолдау-көмегін көрсетіп те жатыр. Мұндайда қазаққа керегі  Елбасы айтқандай, тек сабыр мен ұйымшылдық және ішкі тәртіп. Біз, үлкендер,  ел-жұртқа осыны айтқымыз келді.

Амантай  Хамзин

Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы,

тарихшы-өлкетанушы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале