5.11.2020, 9:25
Оқылды: 329

«Халықтың алғысын алу – дәрігер үшін жоғары марапат»

Дәрігер мамандығы – мамандық атаулы ішіндегі ең қасиеттісі әрі абыройлысы. Бұл ардақты  мамандық – аса үлкен жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет етеді. Дәрігер – адам жанының арашасы, адам жанының зерттеушісі, бағдаршамы, қорғаны. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. «Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деген ата-бабамыздың айтқан ұлы да ұлағатты сөздері бар. Арыстандай еш нәрседен қорықпайтын, өзінің бойын қорқыныштың баурап алуына жол бермейтін, қыздай өз ісіне байыппен, сеніммен қарай білетін, анадай науқастарға мейірімін төге білетін, өзінің анасы өзіне қандай мейіріммен қараса, ол да науқастарға сондай мейіріммен қарай білетін жан болуы тиіс.

мед

Қазіргі кезде әлемді жайлап кісендеген, бүкіл адамзат атаулыны тығырыққа тіреп,  дағдарысқа ұшыратып отырған «COVID-19» індетінің алдын алу және күресу шараларына орай жұқпалы аурулар дәрігерлері алдыңғы шепте еңбек етуде. Қайсар жүректі абзал жандар елімізде індеттің өршуіне жол бермеуде өз қолдарынан келгенше үлестерін қосуда, қауіпті індеттің алдын алу жолында бар күш-жігерлерін, алған білімдері мен тәжірибелерін көрсетіп, аянбай еңбек етуде.

Осындай үлкен жүректі, өз ісін, мамандығын құлай сүйген дәрігер, аяулы да ардақты жандардың бірі, Қазақстан Республикасы Президенті ісі Басқармасының Медициналық орталығы  ауруханасының жоғары санатты инфекционист-дәрігері, жерлесіміз Отаубаева Гүлжан Уахитқызы 2020 жылдың қазанының 14- ші жұлдызында  денсаулық сақтау, ағарту, әлеуметтік қорғау және пандемияға қарсы күресу жолындағы ерен еңбектері үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың жарлығына сәйкесті «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Отаубаева (зайыбының тегі бойынша, қазіргі кезде - Сейдахметова) Гүлжан Уахитқызы 1969 жылдың 24-ші қаңтарында Орал облысы Каратөбе ауылында Отаубаевтар әулетінде дүниеге келді.  Әкесі Уахит пен  анасы Камшат өмірге сегіз бала әкелген, барлық балалары жоғары білім алған өнегелі отбасы.  Гүлжан Уахитқызы 1976 жылы Қаратөбе ауданы Каратөбе совхозы Алакөл ауылында 1-сынып табалдырығын аттап, 1986 жылы Мұхит атындағы Қаратөбе орта мектебін  ойдағыдай аяқтайды. Бала кезінен дәрігер болуды армандаған балғын қыз, арман арқалап, шалғай жатқан өңірдегі Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтына қабылдау емтихандарын тапсырады. Емтихандарын үздік тапсырып, аталмыш жоғары оқу орнының студенті атанады. Осы оқу орнын 1992 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмәмдайды.

Отбасылық жағдайына байланысты еңбек жолын Қазақстандағы экологиялық апат зонасында орналасқан  Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері болып бастаған жерлесіміз, осы жұмыс орнында дәрігер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. Жалын атқан жастық шақтағы бар күші мен жігерін, білімін Қызылорда өңіріндегі қауіпті жұқпалы аурулармен күрес жолында  аянбай еңбек етуге арнады.

Гүлжан Уахитқызы 2010-2012 жылдар аралығында Астана қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында дәрігер, бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары міндеттерін атқарды. 2012 жылдан бері Қазақстан Республикасы Президенті ісі Басқармасының Медициналық орталығы  ауруханасының жоғары санатты инфекционист-дәрігері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып келеді. Аталмыш ауруханада еңбек ету барысында Гүлжан Уахитқызы таяу және алыс шетелдердегі (Ресей, Франция, Израиль, Нидерланды, Түркия, т.б.) әлемдік деңгейдегі медициналық орталықтарда бірнеше рет өз білімі мен тәжірибесін шыңдады. Халқына адал еңбек етуде білімді де тәжірибелі дәрігердің өз пациенттерінің шексіз алғысына бөленуінің дәлелі ретінде емделушілердің дәрігеріне деген жеке айтқан жүрек жарды алғыстарымен қатар, әлеуметтік желілердегі лебіздер де  сыр ақтарады.

Қасиетті Қаратөбе топырағында дүниеге келген нәзік жанды, кең жүректі, қайсар мінезді, тәрбиелі, білімді, іскер, озық тәжірибелі, ақ халатты абзал жан  Гүлжан Уахитқызы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы жемісті еңбегі мен денсаулық сақтау жүйесін  дамытуға қосқан үлесі үшін бірнеше дүркін жоғары марапат иесі атанды: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2016 жылғы 29 қарашадағы Жарлығы бойынша  «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2020 жылғы 14 қыркүйектегі Жарлығы бойынша «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, Гүлжан Уахитқызы 2020 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрінің Құрмет Грамотасымен де марапатталды.

мед 1

Денсаулық сақтау саласында 30 жылға жуық еңбек өтілі бар дәрігер-инфекционист Гүлжан Уахитқызымен сұхбаттасқан кезімізде, ол:«...Өз мамандығымды мақтан етемін, алайда дәрігерлік қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біздің ең бірінші мақсатымыз – науқастың жан-күйін нәзік сезіне білу, дәрігерге деген сенімін ақтау, әдептілікпен  сөйлесе білу. Жылы сөзбен де науқас адамның көңіл-күйін реттеуге болады, көтеріңкі көңіл-күйдегі адамға да тағайындалған ем-шараның тиімді көмектесері даусыз. Жұмыс барысында кейде халықтың арасында түсінбеушілік туындап жатырса, кей кездерде ықыластарына бөленеміз. Халықтың алғысын алу дәрігер үшін жоғары марапат деп есептеймін», - деп ойын бөлісті.

Гүлжан Уахитқызының отбасы – өнегелі дәрігерлер отбасы. Зайыбы Сейдахметов Машырап – балалар хирургі, медицина ғылымдарының кандидаты, Астана медициналық университетінің профессоры. Ұлы –Ахмет, хирург – трансплантолог; қазіргі таңда Жапонияда докторантурадан өтуде. Екінші ұлы – Айдар, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі болса , қызы Әйгерім - Назарбаев унииверситетінің биомедицина мамандығының студенті. Міне, осындай үлгілі отбасының ұйытқысы, аяулы жар, асыл ана, ибалы келін, ардақты әже, қамқор әпке-сіңлі, қарындас  Гүлжан Уахитқызының өмір дастаны бәрімізге де қызықты да өнегелі.

Осынау қиын да ардақты еңбек жолында, Қазақстанның денсаулық сақтау  жүйесін  дамытуда  аянбай  халқына қызмет етіп жүрген, адам жанының арашасы - дәрігер атты асыл тұлғаға шексіз алғысымызды білдіре отырып, бізде, жерлесіміз Гүлжан Уахитқызын мақтан етеміз, дәрігер болуды армандап жүрген жас буынды осындай абзал, білімді де білікті мамандардан үлгі алуға шақырамыз.

Маралбек Амантаев,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале