Бүгін Хан ордасы ауылында "Байбақты" дәмханасы ашылды.


Қоғамдық тамақтану орнының ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Нұрлыбек Даумов:
- Келімді-кетімді адамы көп Хан ордасы үшін дәмхананың артықтығы жоқ. Жаңа кәсіп - иесі үшін жаңа табыс, ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орны, аудан үшін тұрақты салық түсімі. Әрбір жаңа кәсіп ауданның еңсесін тіктеуге еселі үлес болмақ. Хан ордасына ат басын тіреген әр қонақ қуана келіп, мақтап кететін берекелі орын болсын, - деп кәсіп иесі Зәуреш Өтегенованың ісіне береке тіледі.
Ашылу салтанатына келген қонақтың бірі - осы ауылдың тумасы, ауданымыздың талантты ұлы Ғайсағали Сейтақ болды.
Ақын ағамыз да замандасының жаңа кәсібіне табыс тіледі.
Ауыл ақсақалы Ахметкерей Салауатов ақ батасын беріп, су жаңа ғимараттың лентасын шара қонағы Ғайсағали Сейтақ пен дәмхана қожайынының анасы Тоян әжеміз кесті.
Айта кетсек, бұл кәсіп Зәуреш Өтегенова үшін таңсық емес. Кейіпкеріміз 25 жылдан бері сауда-саттық саласында жүр. "Ауыл аманаты" бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланып, білік-дағдысын енді қызмет көрсету саласында байқап көрмекші.
Бүгін тұсауы кесілген "Байбақты" дәмханасы 64 орындық. Хан ордасындағы үшінші тамақтану орны.
- Әзірше екі ауылдасымды жұмысқа алып отырмын. Сұраныс болса, ыңғайына қарай қызметкер санын еселейтін болармын, - дейді дәмхана иесі Зәуреш Өтегенова.
Анар Артықбай