24.11.2021, 16:20
Оқылды: 78

«Хрустальды шоқыр» жеңімпаздары анықталды

Жақында облыс орталығындағы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында VI облыстық «Хрустальды шоқыр» жүлдесінің иелері анықталды.

FB_IMG_1637652312572

Өңірдегі балалар туризмінің 60 және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған байқау облыс көлемінде туристік-өлкетану, экологиялық қызметте шығармашылықпен жұмыстанатын туристік ұйымдастырушыларды айқындай отырып, тәрбие жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар педагогикалық озық тәжірибелерді жинақтау әрі әдістемелік зерттеулер жасау арқылы туристік-өлкетану, экологиялық қызметін жандандыру, педагог-туристердің шығармашылық және рухани әлеуетін қолдау мақсатында өткізіліп келеді.

12 аталым бойынша өткен байқауға қырықтан астам үміткер таласты. Облыстағы туризм саласының оскары аталып кеткен ерекше байқаудан Бәйтерек ауданы да құралақан қалмады.

Атап айтар болсақ, жалпы орта білім беретін мекемелер арасынан болған сында Көшім мектебінің бұрынғы басшысы Валентина Леонтьева мен білім беру ұйымдарында үздік мектеп мұражайын ұйымдастырғаны үшін берілетін арнайы марапатқа Қасым Аманжолов атындағы мектептің музей жетекшісі Ақзила Дакешева үздік үштікті қорытындыласа, жазғы далалық лагерьді үздік ұйымдастырғаны үшін берілетін бәйгенің екінші орнын «Достық» балалар сауықтыру лагерінің жетекшісі Анастасия Баландина, сондай-ақ туристік-өлкетану және экологиялық қызметті бұқаралық ақпарат құралдарында үздік насихаттағаны үшін аудандық «Ауыл тынысы» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Түгелбай Бисен екінші орынды еншіледі.

Еңбегі ерекше бағаланып, өзгелерден оқ бойы озық болған Белес мектеп-балабақша кешенінің меңгерушісі Эльвира Жанталиева мектепке дейінгі білім беру мекемелері арасында үздік деп танылса, көпшілік-ұйымдастыру шараларын, оқу және тәрбие жұмыстарындағы оқу үдерісін үздік әдістемелік құралмен қамтамасыз еткені үшін аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының қосымша білім беру педагогі Асхат Бекешев «Хрустальды шоқыр» жүлдесінің иегері атанды.

-Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл байқаудың өзгелерден бәсі биік. Еңбегіміздің бағаланғанына қуаныштымын. Барша жүлдегелерді жеңісімен шын жүректен құттықтаймын. Біз бұнымен тоқтап қалмай, бұл саланың дамуына барымызды саламыз, – дейді байқау жеңімпазы атанған Асхат Бекешев.

Назерке Сыйлыбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале