18.12.2023, 11:30
Оқылды: 57

Янайкин ауылына маэстро келді

Тәуелсіздік мерекесін янайкиндіктер жақсы көңіл күйде қарсы алды. Мейрам қарсаңында ауылға белгілі өнерпаз, танымал сазгер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Донеділ Қажымов келді.

IMG-20231217-WA0141

Мәртебелі мейманмен бірінші оқушылар кездесті. Маэстро Т.Бигелдинов атындағы орта мектебінде «Сәтті кездесу» кешінің қонағы болды. Жас ұрпақты танымал тұлғалармен таныстыруды, өнер адамына деген құрметті арттыруды, оқушы бойындағы шығармашылық қабілеттерді дамуына ықпал жасауды мақсат тұтқан кездесу әсерлі өтті.

IMG-20231217-WA0143

Кеш қонағы әңгімесін өзінің есімінің шығу тарихынан бастады. Оның айтуынша, кезінде кеңес заманында Еділ мен Дон деген үлкен екі канал құрылысы болған екен. Аты соған байланысты қойылыпты. «Өнерге 6 жасымда келдім,-деді Донеділ ағамыз.- Домбыраны алғаш шерткенімнен апайларым қабілетімнің бар екенін байқап, домбыра тартуды үйретті. Сөйтіп:

Алты жастан домбыраны жастадым,

Әуестеніп ән салудан қашпадым.

Өткен түнде мың ойланып толғанып,

Бір екі ауыз менде жазып тастадым,- деп өзімде таныстыратын болдым.

Мен үшін ән шығаруға арнайы шабыттың керегі жоқ. Маған көтеріңкі көңіл күй мен қуанышты хабар болса жеткілікті. Мысал ретінде «Жайық жағалаулары» атты әнімнің шығу тарихын айтайын. 1985 жылы шетелдіктермен болатын кездесу кешін өткізуді маған тапсырды. Кеш жоғары деңгейде өтіп, қонақтар өз алғыстарын білдіріп разы болып кетті. Сол кештен кейін үлкен әсереде отырып аталмыш өлеңге ән жаздым».

Маэстро мектептен соң мәдениет үйіне келді. Мұнда ол ауыл тұрғындарымен кездесті. Зал лық толы болды. Д.Қажымовтың өнерін тамашалауға көршілес ауылдарда тұратын ән сүйер қауым да ат артып келді.

IMG-20231217-WA0142

Кештің шымылдығы «Ақжайық елге келсем, сендеп келем» атты әнмен ашылды. Әнші-композитор бұл ән ауылды аңсап жүрген кезде шығарған әндердің бірі екенін айтты. Концертте Бударин ауылынан келген әжелер ансамблі, Т.Бигелдинов орта мектебі оқушыларынан құралған «Бәйтерек» ансамблі әнші-композитордың әндерін шырқады.

Концерт соңында сахнаға шығып, жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаған ауыл тұрғындары еліміздің ұлық мерекесіне орай көңіл көтеріп, керемет әсер сыйлағаны үшін Донеділ Қажымовқа, осы концертті ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты. Кеш Д.Қажымовтың сазына жазылған «Екеуміз» әнімен аяқталды.

Салтанат Зұлқарнаева,

Бәйтерек ауданы 

Янайкин ауылы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале