15.11.2021, 12:01
Оқылды: 128

Ыбырсыған қоқысқа қарап, өзің ұяласың

Күні кеше редакцияға Федоровка ауылы тұрғыны Г. Нұрман: «Көше бойы төгілмей тұрған қоқыс жәшіктерінен ұшқан қалдықтар ауламызды толтырды» деп хабарласқан болатын. Бұдан бұрын да көтеріліп жүрген мәселе бұл. Расымен де, аудан орталығының  басты көшелері - Тәуелсіздік пен Бейбітшілік бойы қоқыстан «көз ашпайды». Қос көшеде қойылған жәшіктердің  төгілмегеніне де көп болған тәрізді. Қалдықтар жол үстіне дейін шашылып, полиэтилен  қаптамалар  аспанда «қалықтап» жүр.

48

Сонымен, қоқыс неге шығарылмай жатыр деген сауалмен жергілікті округ әкімшілігіне бардық.

-Ауылда арнайы бұл жұмыспен айналысатын жеке кәсіпкер бар. Қоқыс жөнінде  тұрғындар бізге шағым жасайды. Бұндай жағдай қоқыс шығаратын көлік  бұзылып қалған кезде болып тұрады.  Ондай кезде әлеуметтік желі арқылы  тұрғындарды хабардар қыламыз. Түсіністік танытуын, қоқысты аулаға жинай тұруын, көшеге тастап кетпеуін ескертеміз. Осы орайда айтарым – тұрғындардың кейбірі ақша төлегілері келмейді. Бұл біздегі күрмеулі мәселе. Бірақ олар төлемеді деп басқа төлегендердің ақысын жоққа шығара алмаймыз, қоқысты түгел тиеп алып кетеміз. Қазір қоқыс шығарумен айналысатын  жеке шаруашылық жабылып қалудың аз-ақ алдында тұр. Ол жұмысын тоқтатар болса, оның орнын басар ешкім жоқ,- дейді Федоровка ауылдық округі әкімінің орынбасары Марат Айдарбекұлы.

Сұрақтың басы енді қоқыс шығарумен айналысатын «Надежда» қожалығының басшысы Андрей Савченкоға тірелді.

-Ауылда  138 қоқыс салатын қалыптар орнатылған.Мен аптасына екі мәрте  қалдықтарды ТҚҚ алаңына  шығарып отырамын. Бұл қызметке тұрғындар ақшаны дұрыс төлемейді. Есептеп қараңыз,  орта есеппен 150 мың теңгенің үстінде ақша түсу керек төлемнен. Ал, соның 20-30% ғана төлем салады, оның да көбі зейнеткерлер. Мемлекеттік мекемелер бұл есепке кірмейді.Техника сынып, қосалқы бөлшек керек болады. Жанар-жағар майы бар. Жүргізуші-жұмысшылардың айлығы бар. Оның бәрін қазір өз есебімен жүргізіп отырмын.  Ол жағын  ешкім ойламайды, бір апта жинамай  қалсаң, ашу шақырып, арызданады. Қоқысты сұрыптамайды, тас пен темір, құрылыс қалдықтарын лақтырады жәшікке.  Немесе, қасына үйіп кетеді. Оны айтудан кенде емеспіз, тек  естір құлақ жоқ,- деп кейіді Андрей Савченко.

Расымен де, айналамызға сын көзбен қарап көрейікші.  Қирап тұрған үйлер, тау боп үйілген үйінділер, бір айдан бері төгілмеген қоқыс жәшіктері. Қолқаны қысып, маңына жолатпайтын жағымсыз иістің жанында күн көріп жүрген сол баяғы қаңғыбас мысық пен бұралқы ит.

Ауыл тазалығы ортақ жұмыс қой. Тұрғындарының ауыл жағдайын өздері қадағалап, бірінші өздерінен бастағаны жөн-ау, бәрін әкімдікке ысыра бермей. Өкінішке орай, кейбіреулер ауыл тазалығы бұл әкімнің жұмысы деп қарайды. Тіпті, есігінің алдындағы қоқысты жинамай, көшеге қарай шығарып тастайтынын қайтесіз. Тіпті, қоқыс жәшігіне жетуге ерініп, иесіз үйдің аулаларына алыстан лақтыра салады. Келесі адам да сол жатқан қоқыстың  қасына өзінің қолындағысын тастап кетеді. Сөйтіп, үйінді пайда болады.Ал, жәшікке  қураған шөп, мал терісін де апарып лақтыра салады. Шифер, тас сынықтары да қоқыс жәшігі қасынан «орын табады». Ал ондай  нәрселерді әркім өзі тасуы тиіс.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: қоқыс шығару уақытылы болуы үшін, оның төлемі де уақытылы болуы керек. Және де, жаппай, әр аула төлеуі тиіс. Бұл біріншіден. Екіншіден, қоқыс жәшіктеріне тек тұрмыстық қалдықтар ғана салынуы тиіс. Құрылыс сынықтары, темір-терсекті әр қожайын өзі шығаруы міндет. Тазалық әр адамның өзінен басталады. Соны ұмытпайық.

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале