13.09.2024, 9:00
Оқылды: 114

Закария Сисенғали: «АЭС – уақыт талабы»

A1738DE9-5BC0-4DCE-AA6F-CD04AE10D5E2

Сурет: freepik.com

Еңбек ардагері Закария Сисенғали

– Елімізде АЭС құрылысын салу жөнінде мәселе көтерілгеніне біраз уақыт болды. Содан бері осы жай халықтың назарында. Пікір таластарда толастар емес. Қолдаушылар да көп, қарсылықтар да аз емес. Бейтараптар да баршылық.

Мемлекет басшысы бұл мәселені бүкілхалықтық талқылауға шығарды. Енді тоқетері 6 қазан күні өтетін бүкілхалықтық референдумда айтылмақ.

Ал негізінен біздің елімізге АЭС қажет пе? Егер әсіре қызыл ұраншылдыққа салынбай келешекке кемел ой, парасатты көзқараспен баратын болсақ, әрине, заман ағымынан қалмауымыз керек. Хакім Абайша айтсақ қолымызды мезгілінен кеш сермемеуге тиіспіз. Өйткені уақыт талабы осы.

Айналамызға қарасақ көршілес елдер бұл құрылысқа кірісіп те кетті. Тіпті аграрлық елдер санатындағы Монғолия мемлекетде АЭС құрылысына ынта танытып отыр. Қазірдің өзінде елімізде энергия тапшылығы айқын сезілуде. Алдағы кезеңде тіршілік тінінің өзі электр қуатына тәуелділікті күшейте түсетініне күмән жоқ.

Әлеуметтік желідегі сан алуан пікірлерде: «Электр қуатын көрші елдерден алсақ болмай ма?» деушілер де бар. Оларға айтарым, кісідегінің кілті аспанда екенін жадымыздан шығармайық.

Жапония еліндегі атом бомбасының зардабын, күні кешегі Чернобыль апатын көрген халықтың қорқынышын түсінуге әбден болады. Сондықтан негізінен бұл мәселеде қарапайым жұрттан гөрі ғалымдардың, арнайы мамандардың пікірлері басым болуға тиіс.

АЭС-ын ұстап тұратын ұлттық мамандар бар ма? Әлде тағы да ел тағдыры өзге жұрттың құзырына өте ме? АЭС салатын елдер оның қауіпсіздігіне кепілдік бере ала ма? Мына сыбайлас жемқорлық жайлаған, күн сайын халық қазынасын миллиардтап жымқырып жатқан қоғамда бөлінетін триллиондаған қаржының талан-таражға салынбасына мемлекет кепілдік бере ала ма?

Сондықтан алдағы өтетін референдумның маңызы ерекше. Бұл саяси науқан емес. Демек референдумда дауыс беретін әрбір азамат өзін болашық ұрпағымыздың, жер үстіндегі тіршіліктің кепілімін деп сезінуі керек. Егер барлық шикізат қорлары өзімізден өндіріліп өзгеге тәуелді болмай АЭС басқару өз мемлекетіміздің құзырында болатын жағдайда ол елімізге керек. Өйткені – ол уақыт.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале