17.09.2018, 10:11
Оқылды: 202

Зеленовта «Ең үздік оқырман отбасы» анықталды

Зеленов ауданы Дариян ауылдық орталықтандырылған кітапханасында «Отбасылық оқу – ұрпақтың рухани байланысы» тақырыбымен оқырман отбасылар арасында байқау өтті.

687bf227-983f-4f75-abd3-e6594683704a

         Сайыстың бірінші бөлімінде қатысушылар өздерін таныстырып, отбасының бос уақытында айналысатын сүйікті істері туралы бейнетаспалар көрсетілді. Әсіресе, Чеботаревтан келген Батяевтар жанұясының мүшесі К.Батаяева ерекше көзге түсті.

Отбасылар «Мен, отбасым және кітап» бөлімінде оқыған кітаптарының ең қызықты сәттерінен үзінділер келтірді. Бұл тұрғыда раздольныйлық Б.Айтқалиевтің отбасы біліктіліктерінің басым екендіктерін көрсетіп, жиналғандардың қошеметіне бөленді.

         Үй тапсырмасы бойынша мичуриндік С.Халитовтың отанасы Олимпиада дәмді тамақ пісіруде алдына жан салмайтынын көрсетті. Сондай-ақ өз қолынан тоқылған бұйымдармен де таңқалдырды.

Ал Махамбет ауылынан қатысқан көп балалы ана Қ.Бекенова ақынжандылығымен көзге түссе, ұлы Абылай Бекенов Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.

Дарияндық Б.Оразаевтың отбасы өздерін әртістік қырынан ғана емес, үй тапсырмасы бойынша қолөнердің нағыз шебері екендіктерін танытты. Өйткені, отанасы Әсел Оразаеваның қолынан шыққан бұйымдар жиылғандардың көңілінен шығып, шараға сән беріп тұрды. Шара соңында сөз алған аудандық кітапхананың директоры Жеңісгүл Жаңабаева көрермендерге қуаныш сыйлаған отбасыларға ризашылығын білдірді.

Сайып келгенде, дарияндық Б.Оразаевтың жанұясы «Ең үздік оқырман отбасы» атанды. «Ең білімді отбасы» аталымы раздольныйлық Б.Айтқалиевтің, «Ең шығармашыл отбасы» аталымы махамбеттік Б.Бекеновтің, «Ең белсенді отбасы» аталымы чеботаревтық Н.Батяевтың, «Ең өнерлі отбасы» аталымы мичуриндік С.Халитовтың отбасына беріліп, бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Зеленов ауданы

2018-09-13 07-13-04

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале