24.11.2022, 11:00
Оқылды: 52

Жайығым – жерұйығым

Трекин ауылдық округіне қарасты Жайық ауылының орнында кеңестік кезеңде кішкентай ғана Летник деген елді мекен болыпты. Жайық өзенінің жағасында, құмды карьердің жанында орналасқан сол Летникте 34 жанұя тұратын әрі бір ғана дүкен, 20 орындық балабақша, бастауыш мектеп жұмыс істейтін еді...

IMG_4694

Өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың басында Летникке тұрғындар көптеп көшіп келіп, қоныстана бастады. 1982 жылы біршама отбасы қоныстанып, тұтас ауылға айналып шыға келді. Қоныстанғандардың көпшілігі жас отбасылар болатын. Жігерлі жастар ауыл шаруашылығы саласында малшы, механизатор, көлік жүргізуші, ветеринар, зоотехник болып еңбек етті. Шағын ауылдың көптеген мәселесі жылдар бойы шешілмей, талай қиындықты сабырмен еңсердік.

Міне, Жайық ауылының құрылғанына 40 жыл болыпты. Сол  кездегі жас отбасылар ата-әже болды... Осы ауылда маман ретінде қалыптастық, мол тәжірибе жинадық, ұрпағымызды өсіріп, тәрбиеледік. Өмірлік көзқарасымыз, ұстанымымыз тұрақталды, ақыл тоқтаттық, есейдік.

Ауылымыз жылма-жыл көркейе түсуде. Тәуелсіздіктің жемісі шығар, ауылымызды Жайық деп атауды жөн көрдік. Көгілдір отын игілігін көрдік, үй құрылысы жанданды, су құбыры тартылды. Ауылда балалар көбейді, тұрғындар саны артты.

2022 жыл біздің ауыл үшін өте сәтті жыл болды: кіреберіс жол және ауыл көшелеріне керемет теп-тегіс асфальт төселді. Жайықта 100 орындық балабақша салынып жатыр. Оған қоса орта мектеп, медициналық мекеме, балаларға арналған спорттық ойын алаңын салу әкімдіктің жоспарында бар екен. Бұл – елімізде болып жатқан оң өзгерістердің бір көрінісі.

Ауыл тұрғындары осы мерейлі жылды атап өтуді жөн көріп, Трекин ауылдық округінің әкімдігіне ұсыныс білдірген. Ауылдық округтің әкімі  Мәлік Сейітов пен бас маман Гүлнұр Оразова мерекелік іс-шараны ұйымдастыруды тез қолға алды. Ауыл шетіне киіз үй тігілді, қазандық орнатылып, ұлттық тағамдар дайындалды. Қызкеліншектер қауымы дастарқанға әр түрлі дәмді тағам қойды. Қонақтар мектеп ұжымы дайындаған ауыл тарихы жөніндегі бейнематериалды, оқушылардың  дайындаған бұйымдарын және «Жайығым – елді мекенім» атты көрмедегі туындыларды ыстық ықыласпен тамашалады. Күн райының салқын болғанына қарамастан, мерекелік думан концерттік бағдарламаға ұласты. Күй күмбірлеп,  әсем ән шырқалды. Спорттық жарыстар, қол күресі, арқан тартыс сияқты ойындар мерекені тамашалауға жиналған ел-жұртқа ерекше көңіл күй сыйлады.

IMG_5073

Мерекелік жиында ауылдың алғашқы тұрғындары – Тұяққали Башаров, Қалампыр Садықова әсерлі естеліктерімен бөлісті. Осы ауылда дүниеге келіп, ауыл мектебінен білім алған, қазір түрлі салада қызмет етіп жүрген жастардың атынан Эльмира Мамбеталиева, Асланбек Дүйсемалиев лебіз білдірді.

Көп жылдар бойы Трекин ауылдық округінің әкімі болған Ерболат Хабиев, Рамазан Исмағұлов, балабақшаның алғашқы меңгерушісі Айман Сапашева  тұрғындарды мерейтоймен құттықтап, өткен жылдардың жарқын сәттерін еске алды. Жайық ауылында тұрған кезде Желаев ауданаралық арнайы ауыл шаруашылығы бірлестігінде еңбек жолын бастаған, осы ауылда отау құрып, шаңырақ көтерген, мемлекеттік салада лауазымды қызметтер атқарған Алдияр Халелов та ауыл мерейтойына арнайы шақырылған еді. Алдияр Сансызбайұлы өмірінің шуақты кезеңдеріне куә болған жерлестерімен кездесіп, арқа-жарқа болып әңгімелесті. Ауыл ардагерлерімен кездесу, олардың естеліктерін тыңдау жасөспірімдер үшін тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге  екені  анық.

Жайық ауылының құрылғанына 40 жыл толуына байланысты мерекелік іс-шараны өткізуге Трекин ауылдық округі әкімінің аппараты, Трекин жалпы орта білім беретін мектеп пен  Қадыр Мырза Әли атындағы жалпы орта білім беретін мектептің ұжымы, «Белес-Агро» ЖШС басшылығы және жеке кәсіпкерлер – Мейрамбек Бисекенов, Жанболат Ақсалов, Жанар Дарбаева ерекше атсалысты. Еліміз өркендей берсін. Ауыл-аймақ баршамызға құт  мекен  болсын.

Ақдариға Аққұбашқызы,

Бәйтерек ауданы 

Трекин ауылдық округі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале