21.09.2021, 18:05
Оқылды: 129

«Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды»

Биылғы "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн. Сондай-ақ, егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал. Ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану керек. Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. 

 IMG-20210921-WA0028

Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керек.

Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс», - деп жер пайдалануды тәртіпке келтіруге тоқталған болатын.

Мал өсіріп, егін салатын Теректі ауданында жер, оны пайдалану ауыл, аудан көлемінде жиі көтеріліп жүрген мәселе.

Жергілікті тұрғындар жайылым жайын айтып, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары басшылары іс ашуға немесе кеңейтуге жер беруді сұрайды.

Аудан туралы ғаламторда берілген мәліметте ауданның жалпы көлемі 796,757 гектар деп көрсетілген. Оның 533 849 гектары ауыл шаруашылығы жері санатында көрінеді. Бұлардан басқа ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға, орман, су қорына және тағы басқа да тиесілі жерлер бар. Жердің жартысынан астамы ауыл шаруашылығына берілген. Десек те, мал басын көбейту, егін-бақша саламын деушілер қатары өсуіне байланысты жер аламын деушілер бар. Ал ауласында мал өсіріп  отырған ауыл халқы, мысалы, Ақсуат, Долин, Подстепное ауылдарында, «мал бағуға жер тар» деп, елді мекен маңындағы жайылымдықты   кеңейтуді сұрайды. Осы орайда жыл басында аудан әкімі Арман Өтеғұловтың есептік баяндамасындағы мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жүргізілген мониторинг (тексеру) жұмыстары нәтижесінде 51,1 мың гектар пайдаланылмайтын  жер учаскелері анықталған. Оның 10,4 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылып, 1,2 мың гектар жер айналымына енгізіліпті.

Атқарылған белсенді шаралар нәтижесінде жер пайдаланушылар көлемі 17,6 мың гектар жерді қайта игеруге кірісті. Жалпы көлемі 11 313 гектар 18 жер учаскелері мемлекеттік қорға қайтарылған көрінеді. Ендеше, Теректіде ауыл шаруашылық жерлеріне қарасты Президент тапсырамасын орындауға алғышарт жасалды деген сөз.

Жолдауда айтылған «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң дайындалып, қосалқы шаруашылықтың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері айқындалса, ауыл халқы үшін үлкен қолдау болары сөзсіз.

 

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале