22.12.2021, 10:45
Оқылды: 375

«Жақсы келін –  келген жерінен»

Ел сыйлаған үлкен шаңыраққа келін болып түскеніме биыл 28 жыл толды. Келіннің «келін» болып, елге сыйлы болуы келген жеріне байланысты деп ойлаймын.   

фото 001

Өзім Атырау облысының тумасымын. Ауылда ата-әжемнің бауырында тәрбиелендім. Анам ертеректе дүние салған. Сондықтан әжемнің бауырында ағаларыммен бірге ер балаша өстім.

Екі ағама үй шаруасына көмектестім. Олар шөп шапса, мен құрлаймын, сосын байлап, қайыққа тасимын. Отынға да жағаласып, бірге барып, ағаш кесіп, балталап жарып жинайтынмын.

Одан басқа әжем мені үй тірлігіне де көп жұмсайтын. Сөйтіп, іштің де, сырттың да тірлігін жасап жүріп, әдемі бойжеттім. Мектеп бітіріп, оқуға түстім. Жұмыс істей жүріп,  21 жасымда өз бақытымды таптым.

1993 жылы  Ақжайық ауданына қарасты Мерген ауылындағы Жолдасқали Иманғалиевтің шаңырағына келін болып түстім. 26 маусымда  үйлену тойымыз өтті. Сол сәтте «Жұбайыңның тегін аласың ба?» деп сұрағанда, мен кішкене ойланып, «Жұбайымның тегін аламын» деп жауап бердім.  Сол-ақ екен, тойға жиналған қауым шулап, қуана қол соғып жатты. Ол кезде өзімнің үлкен жауапкершілік арқалағанымды түсінген жоқпын. Бірақ...  уақыт өте келе мен бұл отбасының тегін алып, сол отбасының беделіне, абыройына нұқсан келтірмейтін текті келін болуым керек екенін түсіндім. Қайын атам Мерген ауылына көп еңбегі сіңген, үлкен қызмет  атқарған елге сыйлы жан. Енем де көп жыл бойы мектепте директордың шаруашылық меңгерушісі қызметін атқарған. Бүгінгі таңда екеуі де зейнетте.

Алғаш келін болып түскен жылдары ауылға келген үлкен лауазымды басшылар біздің үйге ат басын бұратын-ды. Ол кезде үйдемін. Келген қонақтарды әжем үйреткендей көрпе жайып, иіліп жастығымды беріп, шай әзірлеп, зыр жүгіріп күтемін. Мұны көрген ата-енем мәз болып қуанатын-ды. Бірде жұбайым екеуміз төркіндеп еліме бардым.

Сонда әжем ақылын айтып, былай деді: «Қызым, анаң дүниеден ерте кетіп,  сені бауырыма алып тәрбиеледім. Ат атандырмай, сүйек сындырмай өз теңіңді тауып бір басың екеу болып жатыр. Қолымнан келгеннің бәрін үйреттім. Бір үйдің тірлігін дөңгелетіп алып кетеріңе сенемін. Ата-енең текті адамдар.

Сондықтан барған жеріңді сыйла!

Сен жақсы болсаң, бәрі жақсы болады. Бізді жерге қаратпа!» деп ақ  батасын берді.

Шынымды айтсам, бір үйдің тірлігін дөңгелеткеніммен, қолымнан тамақ пісіру келмейтін еді. Ата-енем, жұбайым жұмыстан келерде «Не пісірем, қандай тамақ жасаймын?» деп қиналатынмын.  Пісірген тамағым езіліп быламыққа айналады немесе қатты болып шығады. Сондайда енем жаймен тамақты пісіру жолдарын, құрамын айтады. Ол кісі тамақты өте дәмді пісіреді. Ауылда кімнің тойы болса, соған жиырма шақты тортты  тегін пісіріп беретін. Оның әр торты, безендіруі бір-біріне ұқсамайды. Жасы жетпістен асса да, әлі күнге дейін енем­нің пісірген тамағының дәмі тіл үйіреді. Сөйтіп жүріп, талпынып тамақ пісіруді де үйрендім. Енемнің ошаққа пісіретін нандарының дәмі де бөлек ғой. Енемнен сұрап жүріп, мен де нан пісірудің сырын үйреніп алдым. Ол кісінің мінезі тік, қаталдау. Әнебір өлең жолдарындағыдай «Жас келінге қаттырақ қарағаны, ширатып бір алайын деген шығар» деп қабылдауға тырыстым. Жаңа түскен кезімде  енем басымнан төмен қарай сүзіп, қарап шығатын. Ол кісінің көз қарасынан қысылып, тұла бойымды дұрыс ұстауға, дұрыс жүруге тырысамын.

Келінді көзқараспен тәрбиелеу деген осы шығар. Ал атам өте байсалды, тұйық адам. Ол кісі (пунктуальный) тура уақытпен жүргенді, айтылған нәрсе уақытында жасалғанды жақсы көреді. Өтірік айтатын адамдармен жаны қас. «Әкеңдей қамқор болады-ау деумен, тапсырдым сені құдама қызым» дегендей, әкем мені құдасына тапсырған-ау деп ойлаймын кейде. Келін болып түскелі, жасым елуге келсе де, туған  әкемдей қамқор. Өз қыздарынан артық көрмесе, кем көрген емес. Жоғары оқуға оқытып, жұмысқа орналастырды.

Осындай қамқорлықтың нәтижесінде өз нанымды өзім тауып, жеп отырмын. Атам өте балажан кісі. Тұңғыш немересін дүниеге әкелгенімде: «Құдайға мың шүкіршілік, менің тілеуімді берді» деп қуанғаны есімде. Ата-енем – төрт  бала тәрбиелеп, өсіріп қызды қияға, ұлды ұяға қондырып отырған бақытты ата-ана. Тұңғыштарын қыз болса екен деп тілеген екен. Алла тағала тілеуін беріпті. Содан тұңғыш немере де, тұңғыш жиен, тұңғыш шөбере, жиеншарын да қыз болса екен  деген тілектері де орындалды.

1998-2005 жылдары аралығында атам ауылдық округ әкімі болып қызмет атқарды. Халықта жұмыс жоқ, жұмысы барлардың да айлап жалақы ала алмай жүрген кезі еді.

Жұбайым комбайн айдап, бидай шабуға екі айлап далаға кетеді. Айлап далада жүрген еңбегіне ақша емес, бидайды тартып, ұн қылып беретін. 15-20 қап  астықты үйге әкеліп түсіретін. Қиын жылдарда «Астығымыз бітті, балаларым аш отыр» деп ауыл адамдары атама келеді. Сол кезде жұбайымның еңбектеніп алып келген астығын теп-тегін халыққа үлестіретін. Халықтың қамын ойлап, ауыл үшін қолынан келген көмегін аямайтын атамның жақсылығын көбі айтып жүретін еді.

Жалғыз қайын апама «Дәу апа», жалғыз қайын ініме «Ақтөре», жалғыз қайын сіңліме  «Еркежан» деп ат қойып алдым. Ата-енем туралы айта берсем, қағаздың беті жетпейді. Бұл кісілер менің екінші ата-анам. Қыз баланың бөтен жерге келін болып, шаңырақтың тірлігіне еніп, жақсы  келін атануына  келген жерінің ықпалы мол. Мені ауыл тұрғындары «супер келін» дейді. Жастар жағы «жеңеше» деп әзілдесіп, құрметтеп жатады. Мұның бәрі – ата-енемнің тәрбиесінің арқасы. Бүгінде жұбайым Марат екеуміз бес бала сүйіп, екі қызды құтты ұясына  қондырып, олардан жиен сүйіп,  ата-әже атанып отырған жайымыз бар. Біз де ата-енеміздің өкшесін басып, жолдарын жалғап келеміз. «Жақсы келін – келген  жерінен» деп атам қазақ текке айтпаса керек. Әрбір шаңыраққа түскен келіннің ата-енесі менің ата-енемдей болсын деп тілеймін.

Биыл ата-енемнің бас қосып отау құрғандарына 50 жыл толды. Алтын тойлары қарсаңында қазыналарымды қуантып қояйын деген ниетпен, өзім тұрақты жазылып оқитын «Орал өңіріне»  хат жаздым. Әулетіміздің қос бәйтерегі ұрпақ  қызығын көріп, ортамызда аман жүрсін деп тілейміз!

Зухра Иманғалиева,

Мерген ауылы,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале