Әр жылдары мектеп бітірген түлектердің білім ордаларындағы ауылды көркейтуге атсалысып, түрлі жобаларды іске асырып жататыны белгілі. Биыл да Жақсыбай ауылдық округіндегі М.Ықсанов атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенін 20, 45, 50 жыл бұрын бітірген түлектер де қалыс қалмады.
Осы үрдісті жалғастыра білген 2005 жылғы түлектер Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлер мен Ұлы Отан соғысынан оралмағандар және тыл ардагерлеріне тағзым ретінде ескерткіш тақта орнатып тарту еткен болатын. Айта кету керек, ауылға арналған сыйға түлектер өз қаражат есебінен 3 млн теңге қаражат жұмсаған. Одан бөлек мектеп дәлізіне болашақ ұрпаққа табиғатты қорғау мақсатында «Экологиялық бұрыш» жасақтап сыйға тарту етті.
1975 жылғы түлектер де ерекше тарту жасап, мектеп ауласына 50 түп ақ қайың отырғызды. 1980 жылғы түлектер Мұстақым Ықсановтың портреті мен балабақша балғындарына арналған ойыншықтарын сыйға тартты.
Айтулы шараға аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов арнайы қатысып, игі істер үшін түлектерге алғысын білдірді. Шара барысында тыл ардагері Сансызбай Закарин мен Жаннұр Бекбауұлы ескерткіштің лентасын қиып, гүл шоқтарын қойған болатын. Одан кейін аудан әкімінің алғысхатын Мирлан Жұмашев, Жандарбек Атошев, Нұрлан Бөлкенов, Жасқалам Әбдірахманов, Манас Закарин, Ақан Қазиев, Рустам Әубекеров, Маралбек Каргин, Тұрсын Есенғалиев, Қайрат Бұлкенов пен құрылыста қол ұшын берген ауыл азаматтары Ермек Қуаншалиев, Біржан Қазиев, Замир Қуанышалиевке табыстады.
Сонымен қатар 2005 жылы түлектердің атынан Манас Закарин сөз алып, жылы лебізін білдірді.
– Биыл мектеп бітіргенімізге 20 жыл. Осы уақыт ішінде ер жеттік, есейдік, әрбіріміз өз орнымызды таптық. Әрбіріміздің кіндік қанымыз тамған қасиетті мекенге осылай қол ұшын созып, өркендеуіне үлес қосуымыз – перзенттік парыз. Бізден кейінгі жастарға да осы бастама дәстүрге айналатынына сенеміз, - дейді.
Шара барысында «Ерке сылқым» күйі тартылып, ауыл қариялар алқасының төрағасы Еркін Дуитов ақ батасын берді.
Бану Берікқали
Жәнібек ауданы