16.11.2022, 12:15
Оқылды: 45

«Жалақыға дейін» деп алып...

Мерзімдік басылымдар мен әлеуметтік желілерде «Микроқаржы ұйымдары 28 мың борышкердің берешегін толық кешіреді» деген хабар тарап жатыр.

17

ҚазАқпарат: «Микроқаржы ұйымдары 432 мың қарыз алушының проблемалық берешегін қайта құрылымдайды. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған» деп хабарлайды.

Микроқаржы ұйымынан несие алып, макрошығынға батқан адам  бүгінде екі адамның біреуінің таныстары немесе туыстары арасынан табылады десек, асыра айтқандық болмас. Расымен де, тас лақтырсаң несие алып, сормаңдай болған жанға тиетіні шындық. Нақты қанша адам екенін білгіңіз келсе, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов Мәжіліс депутаттарының сауалына «Елімізде проблемалы қарыз алушылар саны 434 мың адамнан асып кетті» депті.

Елімізде қарызы көптер, несие алып, өтей алмай жүргендер көбейді. Оған себеп халықтың қаржылық сауатсыздығы ма, әлде несие берушілердің алушының қолын қақпай, әлеуеті мен мүмкіндігіне қарамай бергені ме? Ол жағын қаржыгер мамандар айыра жатар.  Ал әзірге микроқаржы ұйымынан мысқал несие алып, енді өскен пайызымен қайтара алмай жүрген қазақстандықтар қатары сиремей тұр. Жуырда Мемлекет басшысы Жетісу өңіріне жұмыс сапары кезінде несие мәселесі жайында: «Мен тағы бір күрделі мәселеге тоқталғым келіп отыр. Елімізде көп адам несие алып, қарызға батып жүр. Бұл мәселе мені қатты толғандырады. Таяу арада мен осы мәселе бойынша ұсынысымды халыққа жариялаймын»  деген болатын. Кредит төлей алмай, зәрезап болған мыңдаған адам «Президент несиемізді жауып тастайды», «Жоқ, ондайды күтпеңдер» деп екі жақ болуда. «Кредитті жаба салу масылдық туғызады» деушілер де бар. Дегенмен жақсы хабардан қай жақ та үмітсіз емес.

Сол үміттің қылаң еткен хабары естілгенде, елең етпеген адам жоқ шығар елде.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов: «Агенттік жыл басында кепілсіз онлайн микрокредит беру сегментіндегі 30 микроқаржы ұйымынан азаматтардың проблемалық микрокредиттерін төмендету жөніндегі жеке жоспарларын талап етті. Ұсынылған жеке жоспарлар аясында 2022 жылдың соңына дейін микроқаржы ұйымдары 33,1 млрд теңге сомасына 432 мың қарыз алушының проблемалық берешегін қайта құрылымдауды, 0,8 млрд теңге сомасына 107 мың қарыз алушыны ішінара кешіру және 0,6 млрд теңге сомасына 28 мың қарыз алушыны толық кешіру жоспарлаған», - деді.

Агенттік өкілі берген мәлімет бойынша 2022 жылдың 1 қазанына микроқаржы ұйымдары 285,5 мың қарыз алушыға қатысты проблемалық берешекті төмендету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырды.

Қазан айының аяғына таман Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық қоғамдық штабтағы кездесуде  «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданады, ол несие алып, қарызға батқан азаматтарға артық борыштық жүктемеден босауға мүмкіндік береді. Қазір біз осы бағыттағы басқа әдістер туралы ойланып жатырмыз» деген.

Ендеше, жақсы хабар күтеміз...

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале