5.03.2024, 11:15
Оқылды: 48

Жалпақталда аймақтық-республикалық ақындар айтысы өтті

Казталов ауданы Жалпақтал ауылының мәдениет үйінде Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында «Парасат» орденінің иегері, ақын Дариға Мұштанованың 70 жас мерейтойына арналған «Үкілі көктем» атты аймақтық-республикалық ақындар айтысы өтті.

IMG_6162

Аламан айтыстан бір мысқал кем түспеген ауыл сахнасындағы жыр додасында алты жұпқа бөлінген он екі ақын айтысып, әділқазылардың шығарған шешімі бойынша мықтылар есімі анықталды.

Айтысты жүргізген белгілі журналист, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдулин жыр бәйгесін бастап берді. Қазақ халқына ғана тән суырып салма айтыс өнері өзге халықтарда жоқ десе де болады. Содан да болар бабалардан қалған асыл мұра ретінде ақындар айтысы әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Қазақстанның батыс өңірі ақындығымен елге танылған өлке. Бүгін сол жерде дүниеге келген «Парасат» орденінің иегері, ақын Дариға Мұштанова 70 жасқа толып отыр. Елдің ерке қызына айналған Дариға Ғазезқызының шығармашылығы жоғары бағаланып, айтыстағы жас перілер оның ақындығын өз жырларына арқау етіп, жалпақталдық ағайынның дария көңілін тасқын судай тасытты. Жыр бәйгесінің ашылу салтанатында Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, мерейтой иесі Дариға Мұштанова, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы термешілер Одағының Батыс аймағы бойынша төрағасы және бүгінгі «Үкілі көктем» атты аймақтық-республикалық ақындар айтысының қазылар алқасының төрағасы Бауыржан Халиолла құттықтау сөз сөйлеп, арынды ақындарға шалқар шабыт тілесе, Жансая Мусина, Жақсылық Исламғалиев, Сәрсенғали Бисенғалиевтер қазылар алқасының құрамында айтыс ақындарының өнерін бағалады.

IMG_6197
Айтыс өнері қашанда қазақ халқының ұлттық рухын көтеріп, құндылығын арттыратыны белгілі.  Бүгінгі айтысқа жиналған көрерменнің қошеметі адуынды ақындарға шабыт сыйлағаны айтпаса да түсінікті болды. Оны залдағы қиқудан айқын сезіндік. Айтулы айтысқа ақындар жоғары дайындықпен келгендігін бірден байқатты. Онда олар ақындық пен батырлықтың, елдік пен бірліктің және бүгінгі күннің өзекті мәселелері мен Жалпақталдай елді мекеннің ерекше. қасиеттерін өз жырларына арқау еткен еді. Осылайша көрерменнің көңілінен шыққан аймақтық айтыстың қорытындысында қазылар алқасының шешімімен бірінші орынсыз қос бірдей бас жүлде белгіленіп, оған Мұрадым Мирланов пен Орынбек Меңдіқұлов лайық деп танылды. Ал екінші, үшінші орындарды қазылар алқасының шешімімен танымал ақын Талғат Мықи  мен Бекболат Қаленов өзара бөліссе, қалған алты ақынның қатарындағы Райымбек Өтепов, Жарқынбек Шынтаев, Әділ Ахметов, Мақсат Тұяқ, Айнабек Бисенғалиев, Бауыржан Ширмерденұлы Казталов ауданының айтыс өнеріне сүбелі үлес қосқан жергілікті ақындар Жаңылай Меңдіғалиева, Жібек Болтанова, Сағынғали Мұқанов, Темірғали Жазбаев, Нығмет Нағымов, Қатимолла Бердіғалиев, Сәрсенғали Бисенғалиев есімдерімен тағайындалған арнайы жүлделерге ие болды.

IMG_6245

Ал бүгінгі ақын Дариға Мұштанованың 70 жас мерейтойына арналған «Үкілі көктем» атты аймақтық-республикалық ақындар айтысына көршілес Маңғыстау мен Ақтөбе облысынан құрметті қонақ ретінде арнайы келіп, айтысқа қатысқан белгілі ақын Шалқарбай Ізбасаров пен Нұрбол Жауынбаевтың жұптасқан айтысы көрермен тарапынан жоғары бағаланып, сахна төрінде үлкен қошеметке бөленді. Осылайша жалпақталдық ағайыннан лайықты құрмет көрген елдің қос қонағы арнайы сыйлықтың иегері де атанды. Жыр додадағы жомарт халықтың жүлделері мұнымен біткен жоқ. Мерейтой иесі Дариға Ғазезқызына көктеректік ағайындар атынан «Жібек» шаруа  қожалығының жетекшісі Кенжебек Қуанғалиев арнайы жүлде ретінде бір арғымақ атаса, айтыс десе ішкен асын жерге қоятын белгілі ақын Бауыржан Халиоллаға Бірік ауылдық округінен «Миялы» шаруа қожалығының жетекшісі Өтепберген Бегжанов сәйгүлік мінгізді. Сондай-ақ, шаппа шап айтыста қалың көрерменің зор ілтипатына бөленген Бауыржан Ширмерденұлы мен Айнабек Бисенғалиевке ауыл азаматтары айтысты қорытындылар тұста қос арғымақ атап, ел мерейін асқақтатты.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

IMG_6249 IMG_6273

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале