19.12.2020, 11:35
Оқылды: 65

Жалпақталда Алаш ардақтыларына құрбан шалынды

Алланың қалауымен ата-бабаларымыздың аңсарлы арманына айналған ұлан-байтақ даламыздағы Тәуелсіздіктің тағы бір ақжарылқап таңы атты. Тәуелсіздік атты киелі ұғым елімізге оңайлықпен келген жоқ. Тарих қойнауына кеткен ықылым заманнан елдегі күрделі тарихи-саяси жағдайларға қарамастан ұлт мүддесін қорғау үшін бодандықтың езгісін тартып, жаһандық өркендеу мен даму көшінен қалыс қалған елімізді өз алдына дербес мемлекет қылып, өркениетті ұлысқа айналдыру жолында жандарын пида етіп, барша қазақтың намысы мен мүддесі үшін күрескен Алаш арыстарының өлмес рухына бағышталып, Жалпақтал мешітінің бас имамы, дінтанушы Тілек қажы Ахмеджанұлының ыждағатты ықыласымен еліміздің Тәуелсіздік күніне орай бір ірі қара малы құрбандыққа шалынды.

IMG-20201215-WA0009

Әйтеке би бабамыз: «Ел мұраты – көрешек, ер мұраты – келешек» деген екен. Алаштың елшіл перзенттерінің Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық ерен істері біздің өркенді өмірімізде игі істерімізбен көрініс табатындығына һәм мәңгілік еліміздің тұғырын келешек буын нықтай түсетіндігіне алдыңғы толқын кәміл сенді. Әсілі, сол аяулы ардақтыларымыз қаншама тас қапас заманда өмір сүрсе де, ұрпақтарының жарқын болашағына үкілі үмітпен көз тікті. Иншалла, үміт ақталып, Тәуелсіздіктің ақ таңы еліміздің мәңгілік тұтастығының символына айналды. Алаш ардақтыларының рухына шалынған құрбандық, берген садақа, жасаған әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылып, Алла Тағала жер бетін жұқпалы пандемия дертінен сақтап, ізігілігі мен берекетін нәсіп еткей! - дейді мәңгілік бақидағы ел перзенттеріне дұға бағыштаған Жалпақтал мешітінің бас имамы Тілек қажы Ахмеджанұлы.

IMG-20201215-WA0007

Осындай айтулы күнде ұлт жүрегінен орын алған тұлғалар рухына құрбан шалып, ізгілікті-парасаттың риясыз үлгісін көрсеткен Жалпақтал мешітінің бас имамы құрбандыққа шалынған малдың еті мен оған қоса азық-түлік пакеттерін тұрмысы төмен, әлеуметтік көмекке мұқтаж, аз қамтылған отыз отбасына табыстады.

Жамбыл Жұмарыстанұлы,

Жалпақтал ауылдық мешітінің баспасөз хатшысы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале