23.03.2024, 23:18
Оқылды: 26

Жалпақталдағы көше тойы Наурызға арналды

Бүгін Жалпақтал ауылындағы «Су құрылысы» (Водстрой) шағын ауданының көше тұрғындары Наурыз мейрамын өз көшелерінде мерекелеп, ауыл тұрғындарына ұлттық құндылықтармен байытылған тамаша күн сыйлады.

20240323104822_IMG_7064 (1)

Ұлыстың Ұлы күніне байланыстырып әзірленген тамаша тойда «Су құрылысы» (Водстрой) ықшам ауданының тұрғындары іргелері құтты, ауызбіршіліктері мол тату көршілер екендерін дәлелдеп, салт-дәстүрден ауытқымай Наурызды ұлықтап, бір үйдің баласындай әдеп-ғұрыпты өскелең ұрпақтың санасына сіңіре білді. Кимешек киген ақ жаулықты әжелер мен иықтарына оюлы шапан жапқан батагөй аталар мерекенің көркіне сән беріп, дәстүрлі үрдісті жалғаған көше тұрғындары ауылдастарының алғысына бөленді.

Мерекелік іс-шарада ауыл әкімі Ғаділбек Әлібеков, ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ғилым Едекешев және осы көшенің ардагері Кенжебай Үмбетов көше тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Ал осы көшенің өнерпаздары болса, шырқата ән салып, мың бұрала би билеп көше тойын қыздыра түсті. Ақбоз киіз үйдің алдында жер ошақта, қара қазан, самауыр сақылдап қайнап, қазақы ауылдың иісі аңқыған шара барысында ұлттық ойындарға кезек беріліп, аударыспақ, асық ату, күрес, арқан тарту сияқты спорт түрлерінен сынға түскен спортшылар сайыс көркін қыздырып, жанкүйерлердің ықыласына бөленді.

Көше тойын тамашалауға келген меймандарды жыл басы Наурыз мерекесімен құттықтаған «Су құрылысы» (Водстрой) шағын ауылы көшелерінің төрағасы Болат Айтжанов өз сөзінде былай деді:

- Осынау Ұлыстың Ұлы күнінде біздің шағын ауылдың тұрғындары көше тойында салт-тәстүрлерімізді дәріптей отырып, «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегенді ескеріп, алдымен осы шағын ауылдың тұрғындары атанып, бүгінде бақилық сапарға аттанған ақсақалдарымыз Мұқас Айтжанов, Мұқсен Бақтыгереев, Нәбиолла Құмарғалиев, Самиғолла Темешев, Жәнібек Жаманғарин, Өмірзақ Насыров, көршілеріміз Жұмекен Ыршыманов, Сәрсенғали Өтешқалиев, Сағынғали (Сәкөн) Сүйінішқалиев және тағы да басқа бауырларымызды еске алуды жөн санап, шараға ауылдың бас имамы Тілек-қажы Ахметжанұлын арнайы шақырып, дұға бағыштап, құран оқыттық.

20240323122025_IMG_7248 (1)

Наурыз шарасы одан әрі «Ат қою», «Бесікке салу», «Тұсау кесу» рәсіміндеріне жалғасып, көпшілікке тарту етілді. Сондай-ақ, шара барысында ауыл өнерпаздары Ахмет Ескендіров, Анар Теменова, Аманғазы Габдулов, Гаяз Мазгутов және мың бұралған бишлер тобы өнер көрсетіп, кеш ажарын аша түсті. Біз сондықтан көше тұрғындары мен шара қонақтары атынан аттары аталған өнерпаздарға шынайы алғысымызды білдіріп, ауыл тұрғындарын жерімізге көктем лебін ала келген Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

-Иә, Наурыз тойын тойлаудағы біздің негізгі мақсатымыз көше тұрғындарының ынтымақ, бірлігін нығайту арқылы ауыл жастарына өнеге көрсету еді. Сол мақсатымыз орындалып, шын мәнінде қуанып отырмыз. Мерекелік шараны ойдағыдай өткізу үшін үлкен-кішіміз қалмай көп дайындалдық. Көше тұрғындары бірлігінің арқасында барлығы сәтті болды. Алдағы жылы осы дәстүрді басқа көшелер жалғастырса құба-құп болар еді, – дейді шараны ұйымдастырушы Балқия Төреғалиева.

Қыдыр Харесұлы, 

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале