11.05.2021, 9:02
Оқылды: 1307

Жалпақталдағы жақсы бастамалар жалғасын табуда

Әр адамның кіндік қаны тамып, туып-өскен ауылы өзіне жер жәннатымен тең. Өйткені бүгінде  ел таныған азаматтар мен  батырлардың, тіптен ғалым мен қарапайым ауыл тұрғындарының  естен кетпес сәттері сол өлкемен тікелей байланысты.  

878FE902-00B2-4B11-A5F4-CF878CFF9E0E

Ал еліміздің әрбір тауы мен өзені тұнып тұрған тарихқа толы екенін ескерсек, азаматтардың  сол құндылықтарды құрметтеп, оның кез келген дүниесінің гүлденуіне, жандануына үлес қосуы бекер емес. Ол тазалыққа атсалысса да, бір тал терек отырғызса да, шынайы ісімен өскелең ұрпақтың санасында Отанды сүю деген ұлы ұғымды қалыптастыру қажет. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасының да  мәні мен мазмұны осында. Аталған бағыттағы игі істерді атқарудан жалпақталдық ағайынның алдына жан салмайтындығы бұған дейін айтылып та, жазылып та жүр. Береке-бірлігі жарасқан аядай ғана ауылдағы әр жылғы мектеп түлектерінің бастамасымен осы уақытқа дейін бірнеше көшеге өрнектас төселіп, абаттандырылды. Мешіт жанынан мұнара салынып, ҰОС ардагерлеріне қойылған ескерткіш жөнделіп, «Батырлар аллеясына» қоса, бірнеше спорт және балалар ойын алаңы жасақталды. Сән-салтанаты келіскен саябақтар мен тынымбақтар жасалып, ауыл келбетіне көрік берер композициялар орнатылды.

64C1FECA-335C-4D9F-A16D-3B63F628E704

Жуырда Жалпақталға ат басын бұрғанымызда, 2013 жылдан бастау алған игі іс-шаралар биыл да өз жалғасын тауып жатқандығының куәсі болдық. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған 1984 жылы туған түлектер І. Масалиев атындағы көше бойынан тұрғындар демалатын тынымбақтың құрылысына кірісіп кеткен. Аспалы көпірге апаратын көше жолына өткен жылы күрделі жөндеу жүргізілген.

– Біз 2001 жылы ауылдағы К.Меңдәлиев және Ғ. Молдашев атындағы қос мектепті 130-ға тарта түлек бітірдік. Құрдастармен ақылдаса келе, осы көше бойынан «Атамекен» атты тынымбақ жасақтауға тоқтадық. Ауыл әкімі де біздің ұсынысымызды қолдады. Қаражат жинауды тура бір жыл бұрын бастап кеттік. Жалпы, құрылыс жұмыстарына 6 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалмақ. Барлық істі өзіміз жұмыла атқарудамыз. Бұл жерді арбат деп те, тынымбақ деп те атауға болатын шығар. Екі кіреберіс жағы сәнді қоршалған көше бойына екпелі көгал көмкерген 12 доға (арка) орнатылады. Сонымен қатар келушілерге арналып 20 орындық қойылады. Көшенің ортасында орналасқан гүлзарларды әдемілеп темірмен қоршадық. Үш жерге төрт-төрттен 16 терек отырғызылды. Бағаналар қойылып, электр шамдары орнатылады. Басты мақсатымыз – алдыңғы толқын аға-апаларымыздың бастамасын жалғап, туған ауылымыздың көркейе түсуіне өз үлесімізді қосу, – дейді ауыл тұрғыны Нұрхат Жалмұқанов.

Ал мектептен түлеп ұшқандарына 30 жыл болған түлектер ауылдың көркіне айналған аспалы көпір маңын көркейтуде. Ауылдың 1974 жылы туған түлектерінің күшімен Қараөзен жағасынан тұрғындарға арналып демалыс орны салынуда. Бүгінде белгіленген орында жалпы ұзындығы 110 метрді құрайтын арнайы қоршау жасақталуда. Құны бір миллион теңге тұратын сәнді қоршауды түлектер Алматы қаласынан арнайы алдырған. Өзен жағалауында орналасқан тынымбақтың ішіне 300 шаршы метр өрнектас төселіп, ортасына шаңырақ композициясы орнатылмақ. Сонымен қатар айналдыра терек отырғызылып, жарық шамдары мен демалуға арналған орындықтар қойы-лып, ашық алаңқайларға табиғи газон егілмек. Сондай-ақ келушілерге арнап өзеннің жарқабақ тұсынан Қараөзеннің сұлулығын тамашалайтын арнайы айлақ (причал) жасақталмақ. Келешекте өзеннің осы тұсына құм төгіп, шомылатын жағажай салу да ауыл азаматтарының ойында бар.  Аталған жұмыстарға 6 миллион теңгеден артық қаражат жұмсалады деп жоспарланған.

Туған ауыл үшін атқарылып жатқан игі істерден 1981 жылғы мектеп түлектері де қалыс қалып жатқан жоқ. 1964 жылы дүниеге келгендер Жалпақталға  жапсарлас орналасып, бұрындары «Құлақ» деп, кейін «Көктем» болып атауы ауысқан  шағынаудан маңындағы зиратты қоршауға білек сыбана кіріскен.

– Бұл қорым бір жылдары қоршалған еді. Бірақ қоршауы әлсіздеу болған соң құлап, ішіне мал кіретін болды. Алғашында осы шағын ауыл тұрғындарының басын біріктіріп, үй-үйден қаражат жинадық. Осы зиратта ата-бабалары жерленген ауыл тұрғындары сауапты іске бір кісідей атсалысты. Дегенмен жиналған қаражат қорымның аумағын үлкейтіп, толықтай қоршап шығуға жетіңкіремеді. Мектеп  бітіргендеріне 40 жыл толған ауыл азаматтарымен ақылдаса келе, осы игі бастамаға қаржылай қолдау көрсетуге шешім қабылдадық. Бүгінде атқарылар жұмыстың басым көпшілігі аяқтала келді. Қоршау жұмыстарына да ауыл тұрғындары белсенді қатысуда. Зарип Исмағұлов, Амантай Хамитов, Нұрлан Қауметов, Сатқали Жакупов сынды ауыл үлкендері аталған жұмысқа қолұшын берсе, Аманкелді Имашев, Асұлан Қапсиықов есімді ауылдың белсенді жастары зират қоршау жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетуде, – дейді Көктем шағын ауылының тұрғыны Табиғат Құрманғазиев.

Иә, ауылдан шыққан азаматтардың туған жерін түлетуге талаптанғанын көргенде кім-кімнің де бойын мақтаныш сезімі кернейтіні анық. Жомарт жүректі жайсаң жандардың ел үшін жасап жатқан игі істеріне ризашылықтан басқа айтарымыз  жоқ.

 Нұр Асыл,

Казталов  ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале