26.05.2022, 10:30
Оқылды: 90

Жалпақталдық түлектер туған жерге тағы да үш нысан тарту етті

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасында көрсетілген қағидаттар ауылдан түлеп ұшқан әрбір түлектің кіндік қаны тамған атамекенін түлетуіне жол ашты. Осы тұрғыда Қазталов ауданының Жалпақтал ауылында ұзақ жылдан бері қалыпты дәстүрге айналдырып, өздерінің туған өлкесінің көркеюіне атсалысып жүрген елжанды түлектер қатары аз емес. Жыл сайын әр жылғы түлектер өз қаражаттарымен туған ауылына тарту ретінде көптеген сәулетті нысандарды тұрғызып, оларды туған еліне сыйға тартып келеді.
284130683_1411625616021643_8911125620532636429_n
Түлектердің осындай бастамаларын мақтанышпен айтар болсақ, олар күні бүгінге дейін ауылдық Мәдениет үйінің алдындағы демалыс алаңы мен субұрқақ, орталық мешіттің қос мұнарасы, бүлдіршін балаларға арналған ойын алаңдары мен футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіш тақталары мен «Менің жүрегім – Жалпақтал» атты жарық диодты тақта, ауылға кіреберіс жолға «Жалпақтал» атауы жазылған конструкциялық белгі, орталық саябаққа 13 «Социалистік Еңбек Ері» мен екі Кеңес Одағы Батырының мүсіні орналасқан «Батырлар аллеясы», «Жастар саябағы» мен «Street workout» жаттығу спорт алаңы, әлемге танымал жерлес суретшіміз Сәкен Ғұмаровқа арналған айтулы ескерткіш, қайта жабдықталған әйгілі «Аспалы көпір», «Жүрек», «Атамекен», «Жалпақтал жағалауы» сияқты тағы да басқа көрікті нысандар мен тынымбақтарды сыйға тартты.
284160277_1411625449354993_7792818198514794558_n
Бұл үрдіс жылда жалғасын тауып келеді. Биыл, 2022 жылы орта мектепті бітіргендеріне 40 жыл толатын 1965 жылы туған перзенттер ауылды екіге бөліп, қақ ортасымен ағып жатқан Қараөзен (Үлкен өзен) өзенінің үстіне салынған көлік өтетін көпірді түгелдей күрделі жөндеуден өткізіп, қайтадан халық игілігіне пайдалануға беріп отыр.
-Біз Ғинаят Молдашев атындағы орта мектепті осыдан 40 жыл бұрын аяқтаған мектеп түлектеріміз. Бізге дейінгі ауылдас аға-әпкелеріміздің патриоттық істерін жалғай отырып, құрдастарымызбен ақылдаса келе, халық игілігіне қызмет жасап тұрған осы көпірге күрделі жөндеу жасауды қолға алдық. Алғашында аздаған толқулар, қиындықтар мен кедергілер жолымызды бөгегені рас. Солай бола тұрса да, қолға алған ісіміз жүзеге асуы үшін тәуекелден тайынған жоқпыз. Келісіп, кеңесіп істеген істен нәтиже күтуге болады екен. Санаулы уақыт ішінде ел игілігіне тапсырып үлгердік. Бұл біздің 1982 жылы мектеп бітірген түлектердің туған ауылға жасаған жүрек жарды сыйы. Ондағы атқарылған барлық идеялар мен жұмыстар өзіміздің қолымызбен жүзеге асырылды. Оны біз әрқашан мақтан тұтамыз, - дейді 1982 жылғы түлектер атынан сөз алған Бейбіт Оразов.
283990257_1411625269355011_9173843326379132353_n
Сол сияқты 1975 жылы туған жалпақталдық перзенттер өздерінің мектеп бітіргендеріне 30 жыл толу құрметіне орай Ғинаят Молдашев атындағы орта мектептің ауласына жап-жаңа «Street workout» жаттығу алаңын салып берді.
-Біз, Жалпақтал ауылында дәстүр боп қалыптасқан түлектер тартуын сақтай отырып, сол үрдісті келесі толқынға жалғау үшін жоспарлаған ісімізді жүзеге асырдық. Өзге ауылдардай емес, тек қана жалпақталдық түлектердің үрдісіне бұйырып, мақтанышына айналған осынау ісімізді тоқтатпай, кейінгі толқынға жалғағанымызға қуаныштымыз, - дейді 30 жылдық түлектер атынан сөз алған Айболат Қыдыров.
Биыл Жалпақтал ауылындағы мектеп түлектері тарту еткен нысандардың қатарында 2002 жылғы мектеп бітірген Кенжебек Меңдәлиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің ауласына салып берген заманауи футбол алаңы да бар. Бұл жұмыстың да түлектер тарапынан уақтылы әрі сапалы жүргені ауылдастардың көз алдында. Барлық талаптарға сай салынған спорт алаңы заманауи жарықтандыру шамдарымен де жабдықталған. Қазір салынған футбол алаңы мектеп ауласына сән беріп, алыстан көз тартады.
-Ер-азаматтардың туған жерін көркейтуге атсалысқаны абзал ғой. Біздің басты мақсатымыз да осыған дейінгі жалпақталдық түлектердің игі бастамалырын алға апару еді. Шүкір, ойлаған мақсатымыз барлық құрдастарымыздың қолдауымен ел игілігіне ұсынылды. Сондықтан ауылдастарымыз күткен игі істен қалыс қалмайық деген ұранмен осынау спорт нысанын балаларымыздың болашағына шашу етіп шаштық, - дейді 2000 жылғы түлектер атынан сөз алған Жарас Қаженов.
Түлектер тартуы толастамай, Жалпақтал ауылы жыл сайын құлпыра берсін!
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале