4.01.2024, 16:15
Оқылды: 10

«Жамантұздағы» қыстақ қалыпты

Шыңғырлау ауданының Ащысай ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтарының жағдайлары тұрақты, жаз бойы мал азығын жиып, қыстан қиналмай шығуды ойлаған шаруалардың шаруасына табиғат ана да қарасып, көмек еткендей. Төрт түлік мал далада, жайылымда айлап жүруге мүмкін болып, жем-шөп көп үнем болғаны рас.

Жакиев

Мал басын көбейтіп, ауданның ет өндірісіне айрықша үлесін қосып отырғандардың бірі  ащысайлық Жакиевтер.

Әкелі-балалы шаруа жандардың қожалықтары сонау 1991 жылдан бастап жұмыс жасап келеді.

Шаруа жандар Ащысайдың «Жамантұз» қыстағынан орын теуіп, күні бүгінге дейін еңбектеніп келеді. Ең алдымен осы жерден үй салып, газ жүргізіп, өздерінің күшімен электр жарығын да қосып алғанды. Енді ауылдық жердің барлық артықшылығын пайдаға асырып отырған жайлары бар.

30 жылдан аса еңбек қазанында қайнаған азамат Ғайнеден Жакиев ауылдың бар тірлігін, ауыл шаруашылығы саласының барлық ыстық-суығын көрген жан. Ғайнеден ағаның аталған саладағы іс-тәжірибелері артынан ерген жас әріптестерінің қадесіне жарауда, жастарға жаңадан іс бастаған кәсікерлерге  үнемі ақыл кеңестерін беріп отырады. Әкесінің жолын қуған ұлы - Теміржанның да ауылдың ауасы, туған жердің топырағына деген құрметі ерекше.

«Жамантұздағы» мал қыстағына өткен жазда 3000 центнер мал азығын-шөпті  үш трактордың көмегімен, шөп шапқыштарымен орып, жиып,  жаңбырға қалдырмай тасып алғанды. Күтіп-баптап, сайын далада  еркін жайып отырған  250 бас  ірі қарасының барлығы да қоңды.

«Оның ішінде 150 басы аналық болғандықтан, олардың күтімі дұрыс болуы тиіс. Себебі ақпан айынан бастап  жаппай төлдейді», - дейді Жакиевтер.

«Аңқаты» сортты  ірі қараның еті Ақсай, Орал қалаларындағы тұтынушылардың сұранысына ие екен шаруашылықта.

Шаруашылық иелігінде ірі қарадан басқа 200-ден аса жылқы малы бағылып жатыр.

Үш адамды жұмыспен қамтып отырған Жакиевтердің «Жақып» шаруа қожалығы жылдар бойы мал шаруашылығындағы жетістіктерімен көзге түсіп келеді.

Шаруаның қыр-сырына жетік  іскер жандар алдағы уақытта  да мал басын  тағы да көбейтіп, ет өндіру ісін  ұлғайтуды жоспарлап отыр.

 

Айсұлу Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале