3.06.2022, 21:13
Оқылды: 59

Жаңа бөбекжай ашылды

Бәйтерек ауданының Махамбет ауылында «Балақай» атты жеке бөбекжай ашылды. 30 орындық балабақша мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында жұмыс істемекші.

IMG-20220603-WA0187

- Біз біраз жыл осы ауылда тұрдық. Сол кезде тұңғышымыз балабақша кезегіне ілікпей, оны Оралдағы жекеменшік бөбекжайға тасуға тура келген еді. Мұндай қолайсыздау жағдайды өзге де отбасылар басынан өткерді. Жеке балабақша ашу идеясы сол уақытта келген болатын. Бұл іске біртіндеп дайындалдық. Қалаға қоныс аударғанымыздан кейін, ауылдағы үйімізді бөбекжайға айналдырдық. Қазір 20 шақты бүлдіршінді тәрбиемізге алып жатырмыз. Біз сәбилерді 2 жастан бастап қабылдаймыз. Әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасыларға барынша жеңілдіктер жасаймыз, тұрмысы тіптен қиын болып жатса, олар тегін қызмет көрсетуге әзірміз, - дейді аталмыш бөбекжайдың жетекшісі, кәсіпкер Мөлдір Бақатова.

IMG-20220603-WA0183

Қазір мұнда екі тәрбиеші, аспаз секілді 4-5 кісі қызмет істейді. Егер бала саны көбейсе, қызметкерлер де артады. Ауылдағы 75 орындық мемлекеттік балабақшамен салыстырғанда мұнда сабақ оқыту әдістемесінде өзгешелік болмақ. Яғни бұл жерде арт-терапия сынды бала тәрбиесіндегі әдіс-тәсілдерге жіті мән берілмекші.

IMG-20220603-WA0186

- Балалар жылы аясында жаңа бөбекжай ашылып жатқанына ауыл болып қуанудамыз. Ауылымызда мектепке дейінгі ұйым болғанымен, балабақша кезегінде тұрған сәбилер бар. Бұйыртса, енді мұндай кезекте тұратындар саны азаяды деп ойлаймыз. Егер осы бөбекжай иелері бұл бағыттағы қызмет аясын кеңейтеміз десе, біз өз тарапымыздан қашанда қолдауға әзірміз,- деді бөбекжайдың ашылу салтанатында сөз алған Махамбет ауылдық округінің әкімі Бейбіт Аманғалиев.

Сәкен Әбілхалықов, 

Бәйтерек ауданы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале