19.01.2022, 21:03
Оқылды: 99

Жаңа демалыс кешені ашылды

Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылдық округінде «Бәйтерек» демалыс саябағының тұсауы кесілді. Оған аудан әкімі Марат Тоқжанов пен аудандық мәслихат депутаты Бекболат Шканов бастаған бір топ ел ағалары және округ тұрғындары қатысты. Ашылу салтанаты барысында сөз сөйлеген аудан әкімі Марат Лұқпанұлы кешен басшысын құттықтап, ісіне жоғары баға берді.

IMG-20220119-WA0042

-Елім деген осындай ерлердің арқасында ауданымыз көркейе түсуде. Жазғытұрым жобаның сызбасын көрсетіп, жоспарымен бөліскен болатын. Бүгін сол бастаған ісін аяқсыз қалдырмаған Ерлан Төлегенұлына риза болып тұрмын.

Инвестиция салып, қаражатты орынды жұмсап жүрген осындай азаматтарымыздың арқасында ауданымыз Орал қаласы мен Бөрліден кейінгі үшінші донор аймаққа айналды. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Осы биігімізден айырылмай, одан сайын дами түсейік, - деді аудан басшысы Марат Тоқжанов.
Кейін аудандық мәслихат депутаты Бекболат Шканов аудан әкімінің сөзін толықтырып, кәсіпкер жұмысына сәттілік тіледі.

IMG-20220119-WA0046

Мичурин ауылдық округі аумағындағы он екі гектар жерді алып жатқан демалыс кешенінің құрылысы 2025 жылға дейін жалғасады екен. Оны «Бәйтерек» демалыс базасының басшысы Ерлан Купашовтың өзі айтты. Қазір сырғанақ, отбасымен келіп демаламын деушілерге арналған 12 орындық үйшіктер мен банкет залы және шағын кафе құрылысы аяқталған.

-Болашақта бассейн болады. Он отбасылық қонақ үй, футбол алаңы мен теннис корды салынады. Ең алдымен бассейн құрылысын бастаймыз. Ол жұмысқа көктем шыға кірісеміз,-дейді демалыс орнын салып жатқан кәсіпкер Ерлан Төлегенұлы.

IMG-20220119-WA0041
Сонымен қатар балаларға ұлттық ойындарымызды дәріптеу мақсатында қазақы нақышта салынатын киіз үй кешендері де саябақ ішінен бой көтереді деген жоспары барын да Ерлан Купашов жасырмады.

Бес жыл бойы жаңа демалыс орындарымен толықтырылып отыратын «Бәйтерек» саябағының барлық жұмыстары аяқталған кезде Мичурин ауылының маңы толыққанды демалыс орнына айналамақ. Кешен иесі Ерлан Купашов алдағы уақытта арнайы тоған салып, балық аулау орнын да іске қоспақшы.

Елде жоқ ерекше демалыс орны қонақ қарсылауға қазірдің өзінде дайын.

Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале