22.12.2021, 17:30
Оқылды: 72

Жаңа кешендегі алғашқы шара

Шыңғырлау ауданында жаңадан ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде алғашқы спорт шарасы бастау алды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен аудан әкімінің Кубогы үшін ерлер арасында волейболдан ашық турнир ұйымдастырылды.

IMG_1593

Турнирге Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Жаңақала аудандары мен аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің, Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратының және Шыңғырлау ауданының командалары қатысты.

Спорттық шараны аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова құттықтау сөзімен ашып, ел тәуелсіздігінің мерейтойында аудан халқының игілігіне берілген бұл кешенде байрақты бәсекелер жиі өтіп, жастардың спортқа ден қоюы үшін барлық мүмкіндіктер жасалатынына сендіріп, командаларға сәттілік тіледі. Ауданның спорт саласына үлкен үлес қосқан ардагер спортшы Әскербай Саматов та жастардың еншісіне берілген жаңа ғимарат жеңісті жолдарға бастар құтты мекен болса игі деген тілегін қосты. Аудандық мәдениет үйінің әншісі Әмірхан Жұбаниязов шырқаған «Алға!» әнінен соң командалар арасында қызу тартыс өрби жөнелді.

Қай команданың да тыңғылықты әзірлікпен келгендері алғашқы сәттерден-ақ байқалды. Баптары мен амал-айлалары үйлесім тапқан волейболшылар допты әуелете көтеріп, қарсыластарын қапыда қалдыру үшін барын салып жатты. Ұпай саны бірінде артқан сайын, қарсыластары да ойындарын ширата түсуге тырысып жатты. Көрермендердің қолдауы да кең залды жаңғыртып, ойын көрігі әбден қызды. Алма-кезек осылайша алаңға шыққан командалар арысынан осы-ау деген командалардың да қарасы анықталып қалды. Нәтижесінде Бәйтерек ауданының Асан ауылынан келген волейболшылар І орынның кубогы мен ақшалай сыйлықты қанжығаларына байлап шықса, екінші орынға Жаңақала ауданынан келген спортшылар көтеріліп, осындай жүлдеге қол жеткізді. Үшінші орын Шыңғырлау ауданының командасына бұйырып, өздеріне тиесілі марапатты місе тұтты.

IMG_1732

Ойын барысында «Үздік байланыстырушы» аталымымен Н.Жақсылықов (Шыңғырлау ауданы),  «Үздік шабуылшы» аталымымен бәйтеректік Д.Бакишев, «Үздік қорғаушы» аталымымен Е.Қожахметов (Ақжайық), «Үздік  ойыншы» аталымымен жаңақалалық Т.Қайрушев марапатталды.

Осылайша су жаңа спорт кешенінде өткен алғашқы шара өз дәрежесінде мәреге жетті. Шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрермен тарапынан да белсенділік болғанын турнирге келгендер ерекше атап өтті.

                                                                                                     Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале