21.04.2023, 9:44
Оқылды: 29

Жаңа қойылым көрерменге жол тартты

20 сәуір күні Рамазан айының соңғы күнінде Казталов ауданының жұртшылығы рухани жаңа қойылымның куәсі болды. С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының қызметкері, белгілі өнер майталманы, әнші, актёр Қайрат Абдуловтың авторлық «Сабыр» драмасының тұсауы кесіліп, көрерменге жол тартты.

казт1

«Сабыр» спектаклі фәниде дүниенің соңынан қуып, ақшаның буына мастанған пенденің басындағы сынақ арқылы адамзатты сабырлыққа шақырды. Бұл тәубесін ұмытқан жанның жүрегін қозғар туындының бірі болды. Қойылым жөнінде Казталов мұсылмандар мешітінің бас имамы Жандосбек Құсайынов пікірімен бөлісті.

каз2

- Бүгін міне Рамазан айының соңғы күнінде керемет рухани дүниенің куәсі болып отырмыз. Осындай туындының жарық көруіне себепші болған Қайрат Абдулов ағамызға, рөлдерді сомдаған әртістерге алғысымыз шексіз. Жүрегі бар адамға көптеген ой салды. Бес күндік фәниде бір-біріміздің қадірімізге жете білуіміз керек. Құранда: «Расында Алла Тағала сабырлылармен бірге», - дейді. Бүгінгі қойылымның да мақсаты адамзатты сабырлыққа үндеу. Осындай тағылымы мол, рухани қойылымдар саны арта бергей, - деді ол өз сөзінде.

Қойылым қызын қалталы азаматқа ұзатқан Сабыр мен әйелінің қуанышынан басталады. Кейін Сабырдың әкесі мен көршісінің дін хақындағы әңгімесі Сабырға жақпай, әке мен қонаққа өктем сөйлеп кетіп қалады. Осы тұста жаны жабырқаулы әке көршісіне баласының бақытсыз балалық шағы хақында баяндайды. Сөйтіп, көрермен Сабырдың анасының ауыр дерттен көз жұмғандығынан, көп балалы бауырының бар екендігінен хабардар болады. Сабыр балалық шағының қиындықпен өткеніне налып, бәріне әкесін кінәлайды. Әке жүрегі езіліп, ұлының «кет» дегенін қабыл алып, үйден безінеді. Дәл осы оқиғадан соң Сабырдың бақытсыз күндері басталады. Күні кеше ғана дәрігерлікке оқытып, ұзатқан Айжанының қазасы, оқуын жақсы аяқтаған ұлының өзі әперген көлігімен жол апатына ұшырауы жанына жара салды. Кенже ұлы Жарқынның дінге бет бұрып, әкесінің атынан садақа беруі, құран жаттауы жабырқаулы әкенің жанына үміт сыйлап, тәубесіне келтірді. Отбасы мүшелерінің құран бағыштаған сәтінде әкесі үйіне оралып, әкк мен бала, ата мен немере бір-бірімен құшақтасып, қауышады. Режиссёр бұл арқылы сабырлықты, отбасы құндылығын, отбасының және діннің қоғамдағы рөлін халыққа жеткізеді.

Спектакль соңында «Ақ ниет» діни қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қанатқали Қалиолла Рамазан айын қорытындылау мақсатында, жамағаттан жиналған демеуқаржыны имам Жандосбек Құсайыновқа, Орал медресесінде білім алып жүрген Тереңкөл ауылдық округінің тұрғыны Мейірбек Зәкарин, мешіттің тазалығына жәрдемші болып жүрген Нұрбек Рысмағанбетовке табыстады.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале