24.09.2021, 9:18
Оқылды: 63

Жаңа технология – мол өнім кепілі

Биыл «Жәнібек» шаруа қожалығы облыста алғаш болып Экспресс Сан (Express Sun) технологиясын қолдана отырып күнбағыс екті.

980498044040

Тасқала ауданына қарасты Ақтау ауылдық округіндегі қожалықтың жетекшісі Ержан Хаировтың айтуынша, бұл технология әлемде 2017 жылы қолданысқа енген. Содан бері күнбағыстың 60%-ы осы әдіспен егіліп келеді.  Express Sun – құрамында гибрид пен гербицид бар, күнбағыс өсіруге арналған заманауи технология. Аталған әдіс өсіп-өну кезеңінде өсімдікті зиянды шөптерден қорғауға мүмкіндік береді.

– Біз 2500 га егістіктің 1050 гектарына күнбағыстың «Пионер» гибридін эксперимент ретінде ектік. Оның бір ерекшелігі алқапқа  гербицидтерді шашқан  кезде өлмейді. Егістікте онымен «жағаласып» шыққан арам шөптер ғана қурап қалады. Осылайша күзге жақын алқапта жайқалған күнбағыс қана қалады. Аталмыш  гибридтің  орташа мерзімде, жай және ерте пісетін түрлері бар. Ерте пісетін өнімді жинауды бастадық. Әр гектардан 12 центнерден өнім алудамыз. Өнімді Пойма ауылындағы «Теректі май комбинаты» ЖШС-ға тапсырамыз, – дейді Ержан Жұмабекұлы. Шаруалар жанар-жағармайды  арзандатылған бағамен алуда. Яғни әр литр – 166 теңге. Қожалық бес адамды жұмыспен қамтып отыр.

ттттт

Күнбағыс – экономикалық тұрғыдан алғанда сұранысқа ие әрі пайдалы майлы дақылдың бірі. Бұл өсімдік өніп-шығу кезеңінен бастап,  суыққа, құрғақшылыққа төзімді әрі қатаң климатқа бейімді болып келеді. Шаруаның сөзінше, майлы дақыл өсіруге жеңіл, қаражатты да үнемдейді.

Жәнібектіктердің күнбағыстан мол өнім алып, еңбегінің жемісін көруіне қолданыстағы ерекше техникалар да үлес қосуда. Мұнда америкалық алып Case комбайны, аргентиналық бункер-сақтағыш бар. Өнім жиналып, бункерге толтырылған соң, алқаптың  шетінде тұрған КамАЗ-дарға тиеледі. Сонымен бірге қожалықта Швецияның Väderstad  деп аталатын «ақылды» тұқым сепкіш бар.  Ол тұқымды қандай тереңдікте егуді, олардың ара қашықтығы қандай болатынын өзі біледі. Әр қолданылатын тыңайтқыштарды да өзі таңдайды. Väderstad  бір жүріп өткен жолында топырақты қопсытып, дән сеуіп және нығыздап өтеді. Тыңайтқыш құрамдасқан үлгіде дәнмен бірге себіледі. Жанар-жағармайды үнемдеп, топырақтың ылғалдылығын сақтайды. Әрі бұл жұмыстың  бәрі  аутоматты түрде атқарылады. «Швециялық техника  200 мың доллар тұрады. Кабинасында компьютер, теледидар, тоңазытқыш бар. Механизатор күн ыстықта салқын жерде отырып, жұмысын алаңсыз істей береді. Біздің жұмысшылар телефонмен басқарылатын техниканың тілін жетік меңгеріп алды»,  – дейді қожалық жетекшісі.

ттттттт

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл өңірдегі майлы дақылдардың алқабы – 121,9 мың га.  Соның ішінде  күнбағыс – 49,7 мың га, мақсары – 69,2 мың га және басқа майлы дақылдар  3,1 мың гектарға егілген. Бүгінде майлы дақылдар алқабының 75 мың гектары орылыпты. Шаруалар әр гектарынан 5,7 центнер өнімділікпен 43 мың тонна өнім алған.

Айна Имашева,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале