6.03.2024, 12:15
Оқылды: 9

Жаңақала ауданында келіндер ансамблінің байқауы өтті

Жаңақала ауданында Халықаралық әйелдер мерекесіне орай аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен он саусағынан өнері тамған, халқымыздың бай дәстүрі мен салтын сақтауда өзгелерден ерекшеленген келіндер ансамбльдері арасында  дәстүрлі «Қазақтың келіндері-ай» атты аудандық байқау өтті.  

жанакала келин (1)

Алдымен өнер ордасының фойесінде ансамбльдерді тіркеу жұмысы ұйымдастырылды. Мекеме басшысы Мұхит Батырханұлы ауа райының қолайсыздығы мен бітпейтін күйбең тірлікке қарамастан біраз шақырымды артқа тастап артынып-тартынып келген ұжымдарға алғыс жаудырып, сәттілік тіледі.

жанакала келин (2)

Үш кезеңнен тұратын аталмыш шараға 8 округ қатысып, бақтарын сынады.  Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева, аудандық аналар кеңесінің төрайымы, зейнеткер ұстаз Ақмарал Сапарова, аудандық мәдени-демалыс орталығының үйірме жетекшісі Найля Сисенғалиева, Көпжасар ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Файзуллина мен жеке кәсіпкер, «Күміс алқа» иегері Ақмарал Алдоңғарова байқауға төрелік етіп, әділ бағасын берді.

жанакала келин (3)

«Қазақтың келіндері» деп аталатын таныстыру кезеңінде әр ансамбль ауылын, қайын жұртын, сонымен қатар ауылдағы күнделікті тыныс-тіршілігін бейнежазбаға түсіріп, көрермен назарына ұсынды. Жасыратыны жоқ, бұл бөлімде бірі айтатын сөзін ұмытса, бірі сөздерінен жаңылысып, әуреге түсті. Алайда отбасы, ошақ қасында жүрген аяулыларымызды сынауды жөн көрмей, «сахнаға үйренісе алмай, қобалжығандықтан шығар» деген ой түйдік. Көпке топырақ шашпайық, мәселен, қаздай тізілген жаңақазандық келіндер таныстыруды әріден бастап, ауылдың мәселесін көтерсе, бірліктік кербез келіндер әдемі дауыстарымен ерекшеленді.

жанакала келин (5)

«Салтым - өмірлік сабағым» атты ІІ бөлімде байқау ережесіне сәйкес ұлттық дәстүрімізден көрініс қою бекітілген екен. Бұл кезеңде үміткерлер «Бастаңғы», «Ұрын бару», «Селт еткізер», «Сыңсу», «Ат тергеу», «Құда тарту»,  «Қыз жасауы» секілді  салттарымызды кеңінен насихаттап, көрерменнің санасына сіңіруге тырысты.

жанакала келин (6)

«Абысын асы» деп аталатын ІІІ кезеңде ұлттық тағам дайындап әкелу тапсырылған болатын. Бір үйдің ғана емес, бір әулеттің берекесін келтіріп отырған келіндерімізге ас дайындау аса қиындық тудырмады. Тіпті бұрын соңды естімеген атауы да, жасалуы да ерекше өкпесүт, жаужүрек, тарынан, бұжы тағамдарымен әділқазыларды таңғалдырғанын айтпасқа болмайды.

жанакала келин (4)

Рухани мәдениетімізді жаңғыртып, мәдени саланы одан әрі дамытуға бағытталғаншараға ауданның жеке кәсіпкерлері Аманжол Ибрашев, Бекқали Сағынғалиев, Әсел Зұлхарнаева, Қажи Ешкаев, Сансызбай Құспанов, Салауат Мауытов, Теміржан Халиуллин, Абай Маратұлы, Алтын Кенжебаева, Бекжан Қарабалин және Гүлдана Мәлікқызы демеушілік көрсетіп, атымтай жомарттық танытты.

жанакала келин (7)

Белгіленген уақыттан әлдеқайда кеш басталып, үш жарым сағатқа созылған байқауда қазылар алқасы қатысушылардың ақылы мен көркіне, қазақ әйеліне тән ибалылығына, сахна мәдениеті мен ұлттық киіміне және әзірліктеріне баса назар аударып, бірауыздан жаңажолдық «Мейірім» ансамблін алғыс хатқа ұсынып, пятимарлық «Сымбат», қырқопалық «Керім-ай», мұқырлық «Ибалы келіндер» ұжымын жүлделі ІІІ орынға,  мәстексайлық «Инабат», бірліктік «Ақтұмар» ансамбльдерін ІІ орынға, Жаңақаланың «Ақ босаға» келіндер ұжымын І орынға лайық деп есептеді.

жанакала келин (8)

Ал Жаңақазан ауылының «Қазақтың келіндері-ай» ансамблін «Ең үздік» деп танып, бас жүлдені табыстады.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале