13.03.2024, 16:15
Оқылды: 15

Жаңақала ауданында жаңа кәсіпкерлік нысан ашылды

Жаңақала ауданында шағын және орта бизнес саласы өркендеп келеді.

жанакала сабен (1)

Бүгін Жаңақала ауданы орталығының кіре берісінде заманауи үлгіде салынған «Сәбен+» кәсіпкерлік нысанының ашылу салтанатының куәсі болдық.

Бұдан бұрын да өңірімізге белгілі жеке кәсіпкер Хамит Сәбенов 2018 жылдан бастап өз қаражатына төрт «Сәбен» сауда орнын ашып, қазіргі уақытта халық игілігіне қызмет етуде. 2022 жылы құрылысы басталып, тұсауы бүгін кесілген, аумағы 1400 шаршы метрді құрайтын сауда орталығының иесі  28 адамды жұмыспен қамтып, алдағы уақытта нысанда орналасқан 7 сауда бутигі пен дәмхананы жалға бергелі отыр.

жанакала сабен (4)

Сонымен қатар бұл орында автобөлшектер дүкені, дәріхана, ветеринарлық дәріхана сынды көпшілікке қажетті қызмет орындары жуық арада жұмысын бастайды. Ал наубайхана болса, өз өнімдерін тұтынушыларға  әзірден ұсынып жатыр.

жанакала сабен (5)

- Аудан орталығында бой көтерген сауда нысанымыз алдағы уақытта тек жаңақалалықтар үшін емес, өзге округтің тұрғындарына да тиімді деп білемін. Орналасқан жері де қолайлы, жолдың бойында. Жаңа орынға менеджер, әкімші, оператор, кассир лауазымына жұмысшылар қажет. Халыққа сапалы қызмет көрсетуге қашанда дайынбыз, - дейді кәсіп иесінің ұлы Мейрамбек Хамитұлы.

Салтанатты жиынға жиналған жергілікті жұрттың қарасы көп болды. Сонымен қатар аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев та қатысып, кәсіп иесіне толағай табыс тілеп, алғысхат табыс етті.

Сондай-ақ Сатыпалды Сәбенов пен Жайсаң Есекенов те құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

Өз кезегінде Хамит Сәбенов кәсіпкерлік нысанның құрылысы аяқталғанша басы қасында жүріп, қолдау танытқан аудан басшысына ризашылығын танытып, кәсібінің алға қарай өрлеуі халықтың арқасы екенін де айта кетті.

жанакала сабен (6)

Салтанатты жиынның лента қию рәсімі Алпамыс Жаңабайұлы мен Сатыпалды Сәбеновке ұсынылды.

Әрі қарай тұрғындар талғаммен жасақталған  сөрелерден тұрмысқа  қажетті азық-түлік өнімдерінен, жеміс-жидек пен көкөністердің сан алуан түрінен, тұрмыстық химиялық тауарлардан керегін алып, кезекке тұрды.

- Бүгін лентасы қиылып жатқан «Сәбен+» сауда орнының иесі Хамит Сәбеновтің отбасылық ісіне сәттілік тілеймін. Ауданда  сәні мен салтанаты келіскен заманауи сауда орнының  бой көтеріп жатқандығы қуанышты жағдай, құптарлық іс. Азық-түліктің бағасы халықтың қалтасына қолайлы болса игі. «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, осындай аудан экономикасын көтеруге үлес қосатын, халықтың сұранысына сай қызмет жасайтын азаматтардың қатары көбейіп, ауылымыз өркендей берсін, - деп ауыл ақсақалы Тұрар Қожағалиев тілегін жолдады.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

жанакала сабен (2) жанакала сабен (3) жанакала сабен (8) жанакала сабен (9)

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале