19.03.2025, 12:15
Оқылды: 313

Жаңақала колледжінің шеберлері өз қолдарымен киіз үй жасады

Жаңақала колледжінің ұжымы биылғы Наурызды ерекше тартумен қарсы алғалы отыр. Ол –  темірден түйін түйген колледж шеберлерінің өз қолымен жасаған киіз үйі. Осы тамаша жаңалықты естіген сәтте колледж директоры Самат Ермекқалиевпен байланысқа шыққан едік.

image-19-03-25-10-26

«Біз киіз үй жасау үшін үлкен көлемде материал алып, не қаржы жұмсамадық. Қолданылу мерзімі жетіп, есептен шығарылған көне парталарымызды тастамай, кәдеге жарату арқылы киіз үйді қолдан жасау идеясын көтердік. Колледжімізде электро-газбен дәнекерлеуші мамандығына оқып жатқан студент жастарымыздың шеберлігін шыңдау мақсатында ұсынған идеям еді. Сол идеяны өндірістік оқу шеберлері қостап, партаның темір материалдарынан киіз үйдің сүйегін электро -дәнекерлеу арқылы құрастырып шықты. Содан кейін студенттер шеберлердің нұсқаулары бойынша  киіз үйді сырлап, қолдануға дайындап берді. Сыртқы жабынын Алматы қаласына арнайы  тапсырыс беру арқылы тіктірдік.

Киіз үйді дайындау ісіне электро- дәнекерлеуші мамандығының өндірістік оқыту шеберлері бағыт берсе, ұжым өз идеяларын ұсынып, толықтай атсалысты. Электро-дәнекерлеуші мамандығының өндірістік оқуыту шеберлері Мәлік Кенжеғалиев пен Даниярбек Абуов киіз үй құрылысының  басы-қасында болып, әр бөлшегінің орнымен дәнекерленуін қадағалап отырды. Сыртқы жабыны арнайы тапсырыспен келгендіктен , біздің  киіз үйімізге тура келмей, үлкен болды. Ұжымның әйел азаматшалары осы жерде жабыла кірісіп, артығын кесіп, өз қолдарымен шақтап жасап шықты. Киіз үйдің ішкі еденін парталардың беткі тақтайларынан мозаика үлгісінді құрастырып төседік. Бұл жұмыста шаруашылық істерінің меңгерушісі Амангелді Орынғалиев бастама жасап, кіші қызметкерлерді жұмылдырды. Осындай ұжымдық бірігудің арқасында  керемет киіз үйіміз дайын болды,- дейді.

image-19-03-25-10-26 (1)

Әрине қазіргі уақытта тапсырыс берсең, аз уақытта киіз үй дайындап беретін арнайы орталықтар өте көп. Еңбегіне алатын құны да аз емес. Сондай тапсырыспен келіп жатқан киіз үйлер ауданымызда қолданысқа еніп те кетті. Алайда аталарымыздың «Көз қорқақ, қол батыр» деп, талай істің тезін тапқан тәуекелшіл қасиетін жаңғыртып, киіз үйді қолдан жасап шыққан колледж ұжымының берекелі тірлігіне қалай риза болмассың?!

Бастамадан бастау алып бой көтерген қазақтың киіз үйі -  білім ордасының берекелі бірлігінің биігі.

«Мың қосшыға бір басшы» дегендей, жас та болса, бас болып, ұжымына ұйытқы болып отырған Самат Жәнібекұлының артынан ерген колледж ұжымына жаңа жылда жүректерді жылытар жаңалықтар мен жетістіктер тілейміз.

Рая Жұмағалиева,
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале