19.12.2020, 15:37
Оқылды: 95

Жаңақалада «Ашық әкімдік» қызметі іске қосылды

Аудан әкімдігі ғимаратынан мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ететін «Ашық әкімдік» сервистік қызмет көрсету орталығы ашылды. Кеңсенің ашылу салтанатына аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі) БҚО бойынша департаменті басшысы Рүстем Ақмырзаев, БҚО бойынша департаменті превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Біржан Хайруллин және ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшылары қатысты.

Ашық әкімдік іске қосылды (3)

Халыққа қызмет көрсетудің жаңа замандық үлгісі кең қанат жайып, аудан әкімдігі халыққа біртабан жақындай түсті. Мұнда жұмыс күндері аудандағы маңызды, аса қажетті бөлім, салалардың мамандары жұмыс істеп, тұрғындарды қабылдайды.

«Ашық әкімдік» жобасы мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға, ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге және тұрмыстық жемқорлықты жоюға бағытталған.

Ашылу салтанатынан кейін департамент басшылары аудан активімен қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, парасаттылықты қалыптастыруға бағытталған кездесу өтті.

Ашық әкімдік іске қосылды (2)

Шара барысында Рүстем Сапарбекұлы қатысушыларды Агенттіктің негізгі жұмыс бағытымен таныстырды.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы жаңа өзгерістерге, қоғамда парасаттылықты қалыптастыруға бағытталған заңнамалық бастамаларға тоқталды. Қатысушыларды адал, парасатты болуға және мемлекет пен азаматтардың мүддесіне шынайы қызмет етуге шақырды.

Одан соң Біржан Марданұлы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша баяндама оқыды. Шарада департамент басшысының алғыс хатымен Жаңақала ауданы әкімі аппаратының бас инспектор-заңгері Надежда Тасмағамбетова және Пятимар ауылдық округінің әкімі Жақсылық Хайрелов марапатталды.

Кездесу соңында аудан басшысы Наурызбай Қадырбайұлы келген қонақтарға алғысын білдіріп, ақ жол тіледі.

 

Ақсәуле ХАМЗИНА,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале