15.04.2021, 19:11
Оқылды: 196

Жаңақалада ашық жатқан құдықтар ажал құштырмасын...

Ашық жатқан құдықтар қоғамға қауіп төндіріп тұр. Себебі, қақпағы жоқ шұңқырға түсіп қаза болғандар қатары республика көлемінде көбейіп барады. Ал зардап шеккендердің санында есеп жоқ. Бұл қоғамда өте өзекті мәселе десек, қателеспейміз. Бұндай жағдай Жаңақала ауданында да қайталанбасына кім кепіл? Далаға мал айдаған кезде Соркөлге барар жақтан ашық жатқан құдықты көзім шалып қалды. Бақылай келе бұндай құдықтардың саны көп екеніне көзім жетті. Арада бірнеше апта өтсе де сол құдықтардың беті жабылғанын көрмедім. Құдай бетін әрі қылсын, бірақ кішкентай балалар түсіп кетсе, айдың күні аманда өкініш өзегімізді өртеп сан соғып қаларымыз анық.

IMG-20210415-WA0051

Кезекті жұмыс күндерінің бірінде фотоаппаратымды арқалап, құдық басына бардым. Су құбырының құдықтары ғой. Терең болмаса да түсіп кеткен мал мен жанға айтарлықтай қауіп төндірері көрініп тұр. Бұрынғы құдықтардың беті қатты металл болса, қазіргілері пластик екен. Екеуін де адамдар ұрлайтын көрінеді. Біріншісін металлға тапсырса, екіншісін қолдануға жаратады. Жаңадан салынған үйлердің айналасындағы көшелерде 4 бірдей су құбыры құдығының қақпағы жоқ болып шықты. Біреуін тұрғындар өздері ағашпен бітеп қойған. Шамасы қауіптенсе керек.

қ4

- Беті ашық құдықтар мен көмілген құбырлардың түсіп кеткен іргесі айтарлықтай мәселе деп ойлаймын. Себебі, ата-аналар балаларын алаңсыз ойната алмайды. Балаларының жазым болу қаупі бар. Малы бар жандарға да бұл жайт уайым боп тұр. Қой-ешкісі түсіп кеткендер көп. Сөгілген құбырдың іргесіне түсіп кеткен сиырды да көрдік. Жауапты жандар жұмыстануы қажет. Әйтпесе, күн өткен сайын жағдай қиындай бермек. Бақылауды күшейту керек, - дейді ауыл тұрғыны Айбек Батыров.

Иә, бақылауды күшейткен ләзім. Тұрғындардың тарапынан бақылауды күшейткен жөн. Ауыл тұрғындары құдықтың қақпағын ұрлап жатқан адамды көрсе, иә үстінен түссе, дереу полицияға хабар бергендері жақсы.

Газ құбыры мен су құбырын көмген жерлердің топырағы ішіне түсіп, іргелері сұмдық сөгіліп кеткен. Бұл да тұрғындарға қолайсыздық туғызып отыр. Жаңбыр кезінде түсіп кеткен көліктер көп. Біреуі маторын соқтырса, енді бірі есіктерін зақымдаған. Соның ішінде таксист болып жүрген жандарды әлекке салғанын көзбен көріп жүрміз.

қ1

- Күнделікті табысымызды осы көлік арқылы тауып отырмыз. Шет жақтағы адамдар да қызметімізге жиі жүгінеді. Балшық күндері көмілген құбырлардың орнына түсіп кеттім. Беті су болғасын байқатпайды. Шығарған кезде көлігімнің есігін майыстырып, алдыңғы бамперін жұлып алды. Ішім удай ашыды. Кезінде дұрыс істелген болса, мұндай жағдай қайталанбас еді. «Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, айтудай-ақ айтып келеміз. Өзгертетін күндері байқалмайды, - дейді атын жазбауымызды өтінген таксист ағамыз.

Жағдайды білмекке аудан әкімдігінің ғимаратына бас сұқтық.

- Көмілген құбырлардың жері ашылып кеткендігінен хабардармыз. Бұған дейін биылғыдай ылғал болған жоқ. Қызылоба, Қырқопа ауылында да түсіп кетіп отыр. Қайтадан көмдіреміз. Бұл мәселені уатсап желісінен жігіттер суретімен жіберген болатын. Құдықтардың қақпағын ұрлау кету үлкен мәселе болып тұр. Оны да алдағы уақытта салдыртамыз. Мал түсіп кетіп жатқан жағдайларды да біліп отырмыз. Газ бен суды тартқан мердігер үш жылға дейін орын алған ақауларды өздері жөндейді. Суды тартқан «Лайгэ» компаниясына біздер хат жазып, олқылықтарды жеткіздік. Келіп жөндеуге міндетті. Қызылоба, Қырқопа ауылындағы түсіп кеткен жерлерді және аудан орталығындағы ылғалдан топырағы түскен жерлерді жөндейтін кезде құрылыс бөлімінің жігіттері және ауылдық округтің белсенді азаматтары жүреді. Қадағалау керек. Бақыламаса дұрыс істемейді. Бұл мәселе біздің қадағалауымызда болады. Сәуір айының ішінде бәрі ретке келеді, - деді аудан әкімінің орынбасары Асқар Мұхамбетжанов.

қ3

ҚР ІІМ-нің 2019 жылғы 20 ақпандағы №143 бұйрығымен бекітілген «Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» да ұрлықтың ашылуына өз септігін тигізуде. Дегенмен, ұрланған су құбырларының темір қақпақтарын металл қабылдайтын орындар алып, өңдеп, ерітіп, металл ретінде басқа да орындарға сатып жіберуде. Сол себепті кәріз люктерін ұрлаудың ашылу деңгейі төмен. Мықты металл-шойыннан жасалған қақпақтарды жымқырып, пайда табудың көзіне айналдырғандар өзгені ойламайтыны түсінікті. Десе де, құдықтарды қақпақсыз қалдырған ұры мен оның сыбайласына айналып, қақпақтарды арзанға қабылдап отырған кәсіпкерлер қоғамға қауіп төндіріп отырғанын сезінсе дейміз.

IMG-20210415-WA0052

Түйін: Ашық дереккөздерден білгеніміз жыл санап ашық жатқан құдықтардан жапа шеккендер саны артып келеді. Арты қайғылы оқиғамен бітетіндері де аз емес. Қайғыдан қан жұтып қалу кім-кімге де оңай емес. Жауапты жандар ашық құдықтардың беттерін жапқызып, су құбырларының іргесін дұрыстап көмгізсе нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе, «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» дегеннің кері келмесін. Тұрғындардың амандығы һәм қауіпсіздігі ең басты нәрсе болуы қажет!

Жанайдар Болатбекұлы,
Суреттерді түсірген автор
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале