28.02.2024, 12:45
Оқылды: 22

Жаңақалада аудандық әжелер фестивалі өтті

Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығы мен Бірлік ауылдық мәдениет үйі аталмыш ауылда Рухани жаңғыру бағдарламасы: «Дәстүр мен әдеп» ұлттық жобасы аясында әжелер ансамбльдері арасында «Әжелер әлемі» атты аудандық фестивалін ұйымдастырды.

IMG_1437

Бір күнге созылған ғибратты шараның І бөлімінде ұйымдастырушылар алқасы қонақтарды ата салт бойынша ақпен қарсы алып, әр әулеттің ұйытқысы - ақ жаулықты қариялардың қатысуымен «Әжелер сөзі – ақылдың көзі» өнеге сағатын өткізді. Одан соң кітап көрмесі, әр округ әжелерінің қолөнер бұйымдары кеңінен таныстырылды. Ауылдың атымтай азаматтарының демеушілігімен түскі ас ұйымдастырылып, 3 кезеңнен тұратын фестивальдің ІІ бөлімін Жаңақала ауылының әкімі Ерболат Жақашев алғы сөзімен ашып, ансамбльдерге сәттілік тіледі.

IMG_1476

Қазіргі қазақ қоғамының сүт бетіндегі қаймағындай болған әжелеріміз бүгінде ұмыт болған ұлтымыздың «Босаға майлау», «Шаш сипау», «Құрсақ шашу», «Түйемұрындық», «Танабау тағу», «Ерулік», «Қолкесер», «Төркіндеу», «Сатып алу», «Қымызмұрындық» дәстүрлерінен көрініс қойып, халық әндерін орындап, ұлттық мұрамызды қайта жаңғыртты. Рухани кеш соңында қазылар мүшесі – аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ақмарал Сапарова және Бірлік ауылдық «Ақ әжелер» әжелер ансамблінің бұрынғы мүшесі, еңбек ардагері Сағида Меңдіғалиева фестиваль қатысушыларына алғысхат пен 30 000 теңгелік қаржылай сертификат табыстады.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

IMG_1485 IMG_1489 IMG_1493 IMG_1495 IMG_1531

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале