3.05.2024, 10:00
Оқылды: 11

Жаңақалада "Балдаурен" балалар фестивалі өтті

Жаңақалада мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Балдаурен» балалар шығармашылығы фестивалі өтті. Бір күнге созылған байқаудың іріктеу кезеңінде жас өнерпаздар өнерлерін ортаға салып, эстрадалық вокал, хореография, халықтық музыка, домбырамен ән салу, жыр айту, поэзия, сән салоны, вокалды-аспаптық ансамбль, барлығы 7 жанр бойынша сайысқа түсті.
image-02-05-24-08-15-1
Жаңақала аудандық тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Нұрғалиқызы қазылар алқасының төрайымы боп бекітіліп, аудандық мәдени-демалыс орталығының сүйемелдеушісі, І санатты мәдениет қызметкері Айдарбек Нұрлыұлы эстрадалық вокал бойынша төрелік етті. Сонымен қатар хореография жанры бойынша мәдени-демалыс орталығының жоғары санатты үйірме жетекшісі Найля Есқалиқызы баға берсе, халықтық музыка бағамына халықтық фольклорлық ансамблінің жетекшісі Болатбек Талапқалиұлы қазылық етті. Әрі қарай поэзия жанры бойынша жас ақын, Дина Нұрпейісова атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Азамат Бақиев өз бағасын беріп, аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының бұқара бөлімінің меңгерушісі Әсел Қайырлықызы сән салоны жанры бағамына өз төрелігін танытты.
image-02-05-24-08-15-3
Іріктеу кезеңінен гала-концертке жолдама алған жас өрендерді құттықтау сөзі аудан әкімінің орынбасары Руслан Қонысбайұлына ұсынылып, ол облысқа жолдама алған барша балдырғанға сәттілік тіледі. 2023 жылы аталмыш фестивальдің облыстық кезеңінің 3-орын иегері атанған үлгілі «Гүлдәурен» би ансамблі концерттің шымылдығын ашып, туындыларын ортаға паш етті. Іріктеу кезеңінен үздік шыққан өнерлі өрендер өз шығармашылықтарын көрсетіп, нәтижесінде жүлдегер атанған жүйріктер мен дүлдүлдерге  сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Балдаурен – бұл шабытқа қанат бітіріп, алып армандарға жетелейтін алтын көпір. Киелі сахна мен алтын көпірді жалғайтын жарық жұлдыздарға сәттілік тілейміз.
image-02-05-24-08-15-2
image-02-05-24-08-15-4
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы, 
zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале