5.11.2024, 17:30
Оқылды: 115

Жаңақалада боз кілем шеберлері анықталды

Өткен сенбіде Жаңақала ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен «Жастар» спорт клубының ұйымдастыруымен дзюдо күресінен 2008-2009 жылы туылған ұлдар мен қыздар арасындағы Батыс Қазақстан облысының чемпионатының ашылу салтанаты өтті.

IMG_0857

Жарысқа қатысушы командалар шақырылғаннан кейін, төрешілер мен қонақтар таныстырылып, Мемлекеттік Гимн орындалды. Тартысты додаға барлығы 12 команда қатысты. Ашылу салтанатына аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы, аудан әкімінің орынбасарлары Ерлан Еркінұлы мен Руслан Қонысбайұлы, БҚО жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушы Алтынбек Сыйлыбайұлы, БҚО чемпионатының бас төрешісі Ришат Молдашев, БҚО чемпионатының бас хатшысы Мереке Айтқалиев, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жайсаң Ахметұлы және бөлім басшылары мен мәслихат депутаттары, команда жетекшілері мен жаттықтырушылар қатысты.

Аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев пен БҚО жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушы Алтынбек Сыйлыбайұлы құттықтау сөз алып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Әрі қарай аудандық мәдени демалыс орталығының қызметкері, әнші Қуанышбек Айдарбекұлының орындауындағы «Спорт» әні шырқалып, спортшылар дайындықты бастады. Белдескен дарынды жастардың делебесін қоздыратын жанкүйерлердің де қарасы да қалың болды.

IMG_0858

Айтқандай-ақ, жауырыны жерге тимеген боз кілем шеберлері шаршы алаңның шаңын шығарып, көрерменнің көзайымы болды. Түрлі салмақта сынға түскен балуандардың арасында нәзік жандылардың да төбе көрсеткені мәлім. «Күш атасын танымас» деген балуандар өзара мықтыны анықтап, айласы мен әдісі, бабы мен бағы келіскен қатысушылар финалда белдесті.

Нәтижесінде аудан намысын асқақтатқан Айару Нұрланқызы (48 келі салмақта) бәйгенің басын бастап, үздіктер қатарынан көрінді. 52 келі салмақта Құрманай Махамбет пен 57 келі салмақта Анара Амангельдиева өз салмақтары бойынша ойын өрнегін қыздырып, жеңіс тұғырынан табылды (Спорт интернаты).

Әрі қарай Бәйтерек ауданынан Альфия Жолбатыр (63 келі салмақ дәрежесінде), Дария Забилская (70 келі), Сабина Кұлымбетовалар да айқын басымдылықпен басты орынды беріскен жоқ. 70 келі салмақ дәрежесінде белдескен жас палуан Асылым Ұзақбай да біріншілердің тізімінде болды.

Ер жігіттер арасында додаласқан №1 облыстық спорт мектебінің намысын қорғаған Бекарыс Айдынғали (90 келі салмақта), Жекпе жек спорт мектебінің қатысушылары Нұрсұлтан Амандық (73 келі), Әділ Ысқақовқа да (90 келі салмақта) бірінші орын бұйырды. Теректілік Балбол Ғабдоллин де жүлдесіз қалған жоқ.

Сондай-ақ, Мырзатай Қыдырбай (81 келі салмақ дәрежесінде), Әли Сәлімгерей (66 келі), Талғат Аманқос (60 келі), Нұрдаулет Ақболатов 55 келі салмақ дәрежесінде спорт интернатының намысын қорғап, биік тұғырға көтерілді.

Бүгінде аталған есімдер елге мәлім болып, дүбірлі додада жас жұлдыздар жарқырады.

Ақерке Мәлікқызы

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале