Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында қоғамдық кеңес отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелері, аудан әкімі аппаратының басшысы Ақан Қапанов, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ақылбек Семенов, Жаңақала ауылдық округінің әкімі Абат Ишанов, Көпжасар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Бектілеу мен С.Меңдешев ауылдық округінің әкімі Абзал Ахметов қатысты.

Руслан Оразалиев төрағалық еткен жиынның күн тәртібінде Жаңақала ауданының 2025 жылғы аудан бюджетінің орындалуы жөніндегі есебі мен жоғарыда аталған округтердің өткен жылы атқарылған жұмыстар легі тыңдалды. Баяндамашылар баяндамамен ған шектелмей, өз саласы бойынша қордаланып қалған мәселелерге де кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, Ақылбек Қайырболатұлы өз сөзінде аудан орталығындағы үйлердің бағасы қымбат болғандықтан, жас мамандар «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен үй алудан бас тартуда. Себебі жас мамандарға берілетін біржолғы төлем баспана сатып алуға жетпейді. Осы тұста қоғамдық кеңес мүшелері ауданымызда республикалық бюджеттен әлеуметтік осал топтарға салынған үйлердің бірқатары бос тұрғандығын тілге тиек етіп, санатын өзгертуді ұсынды. Өйткені аталған санат бойынша кезегі келген кейбір азаматтар берілген үйде тұрмайды, сондай-ақ бас тарту жөнінде өтініш те жазбайды. Ал заң бойынша бас тарту жөнінде өтініш тіркелмей, кезек жылжымайды.

Көпжасар ауылының әкімі жарық пен техникалық су мәселесін қозғап, ауылдық мәдениет үйі мен балабақшаға күрделі жөндеу қажеттігін айтса, Абзал Ғайноллаұлы да электр желісінің тозғанын тілге тиек етіп, күн тәртібінен түспейтін мал жайылымының тапшылығын сөз етті. Жаңақала ауылының басшысы Абат Тимурұлы да бірқатар мәселелерге тоқталды. Мәселен, ауыл ішіндегі мал бағымы, ауылішілік жолдардағы ойыстар, техникалық су, қоқыс полигоны маңының тазалығы мен ғаламтор желісінің әлсіздігі.
Жиын барысында қаралған мәселелер бойынша кеңес мүшелері өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Күн тәртібіндегі түйткілдер жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы