Бүгін Жаңақала ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында мәслихат төрағасы Қамбар Қаменовтың төрағалығымен аудандық мәслихаттың ХХV кезекті сессия отырысы өтті.
Оған аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, жеті аудандық мәслихат депутаты, округ әкімдері және бөлім басшылары қатысты. Жиын басталмас бұрын Алпамыс Жаңабайұлы ауданның әр саласының қарқынды дамуына және жоғары жетістікке жетуіне сүбелі үлестері бар бір топ азаматты марапаттап, лебізін жолдады.
Атап айтсақ, Қызылоба ауылының еңбек ардагері Жұмағали Қаполов пен «Бірлік мал зауыты» ЖШС директоры Қанат Ешимов «Жаңақала ауданының құрметті азаматы» атанса, «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығының» басшысы болған зейнеткер Қобылан Бекенов пен «Коммунал» МКК жұмысшысы Нұрғазы Шағыбановқа Батыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасы табысталды.
Ал «Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімінің бас маманы Серік Көпжасаров, Жаңақазан ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Аида Макзумова мен аудандық экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Сержан Тұрдалиев облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасының алғысхатына ие болды.
Марапат иелері еңбектерінің бағаланғанына алғыстарын білдіріп, сөз соңында: «Жаңақаламызды мақтамауымыз керек, керісінше, онымен мақтануымыз қажет», - деді.
Іс-шара кезекті сессия отырысына ұласты. Күн тәртібінде 13 мәселе қаралды. 2025-2027 жылдарға арналған Қызылоба, Бірлік, Пятимар, Қырқопа, Көпжасар, Мәстексай, Жаңажол, Жаңақазан және Жаңақала ауылдық округтерінің бюджеттері туралы ауыл әкімдері сөз алса, Көпжасар округінде атқарылған жұмыс жөнінде Нұрбол Бектілеу, Жаңақала округінде атқарылған істер легін Ақан Қапанов баян етті.
Ауданымыз бойынша шетелдіктер үшін 2025 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Светлана Бекқалиева, аудан әкімдігі жанындағы жер комиссиясының дербес құрамын бекіту жөнінде аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Есен Бекбулатов хабарлама жасады.
Шешім депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы