Жаңақала ауданында «Жаңа Конституция: Құқықтық мәдениет және әділетті қоғам» жобасы аясында «Қоғам мәдениеті мен отбасы құндылықтарын нығайту» тақырыбында тағылымды шара өтті.

Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар төрағалық етті. Шараға аудандық ақсақалдар, ардагерлер және аналар кеңесінің мүшелері мен белсенді жастар қауымы қатысып, қоғамның өзекті мәселелерін талқыға салды.
Руслан Қонысбайұлы отбасы құндылықтары мен заң үстемдігінің өзара байланысына тоқталып, ауданға арнайы келген қонақтарға алғысын білдірді. Ол ұлттық тәрбие мен құқықтық мәдениет тоғысқан жерде ғана әділетті қоғам орнайтынын, отбасы мен қоғам бірлігі өзекті мәселе екенін ерекше атап өтті.
Жиында алғашқы болып, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының кеңесшісі, облыстық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Жамал Ихсанова сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында аналардың қоғамдағы рөлі, бала тәрбиесі және отбасылық құндылықтарды сақтаудағы аналар кеңесінің атқарып жатқан ауқымды жұмыстарына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ бүгінде ажырасу азаймай тұрғанын тілге тиек етіп, бірінші кезекте отбасын сақтап қалу қажеттігін айтты.

Келесі кезекте Орал қалалық Аналар кеңесінің төрайымы, білім беру саласының ардагері Тамара Сейтақова мінберге көтеріліп, баяндамасын қатысушылар назарына ұсынды. Ол көпжылдық ұстаздық тәжірибесіне сүйене отырып, жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені сіңірудегі отбасы мен мектептің бірлескен рөліне тоқталды.
Сонымен қатар, БҚО әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлімінің медиаторы Жиенбай Мирамбаев қоғамдағы дау-дамайларды сотқа жеткізбей бейбіт жолмен шешу мен отбасылық татулықты сақтаудағы медиация институтының маңызы туралы құнды ақпараттармен бөлісе отырып, тұрғындарды медиация мүшесі болуға шақырды.
Баяндамалардан кейін іс-шара «Ашық диалог» форматында жалғасып, қатысушылар еркін түрде тақырып аясында өз пікірлерін білдірді. Шара соңында Руслан Ғұмар осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді. Ол белсенді қатысушыларға алғыс айтып, жиынды қорытындылады.
Райхан Хамзина,
Жаңақала ауданы