9.09.2020, 19:06
Оқылды: 151

Жаңақалада отбасылар сайысы өтті

Жаңақала аудандық спорт кешенінде Отбасы күніне орай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен, аудандық «Jastar» спорт клубының ұйымдастыруымен «Толағай» жас отбасылар сайысы өтті. 

Жаңақалада «Толағай» отбасылар сайысы өтті (3)

Отбасылық құндылықтарды сақтау, ауданымызда Отбасы күні мерекесін атап өту, отбасылық тәрбие мен салауатты өмірсалтын насихаттау мақсатында оздырылған сайысқа 5 отбасы қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, Жаңақала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Жанболатов, «Жайық Пресс» ЖШС Жаңақала филиалының директор-редакторы Алтынбек Ермекқалиев, аудандық «Jastar» спорт клубының директоры Жанболат Гумаров қатысты.

Дода барысында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары А.Нұрғалиқызы отбасы құндылықтары жөніндегі ойын ортаға салып,  қатысушы жас жанұяларға сәттілік тіледі.

Аталмыш сайыс «Футбаскет», «Жамбы ату және дартс», «Қапшықпен секіру», «Көңілді эстафета», «Арқан тарту» сынды 5 кезеңнен тұрды.

Жаңақалада «Толағай» отбасылар сайысы өтті (1)

Аталған кезеңдер бойынша сайысқа түскен қатысушылар арасынан өздерінің жеңіске деген құштарлық, қарым-қабілеттерімен бар өнерлерін паш еткен аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің атынан бақ сынаған Уахитовтар жанұясы «Рухты отбасы» аталымымен марапатталды. «Намысты отбасы» аталымына Жаңақала орта мектебінің командасы Тілекешовтер отбасы лайықты деп танылды. Ал Жаңақала аудандық ауруханасының командасы Семғалиевтер отбасы жүлделі III орынды қанжығасына байласа, Қызылоба ауылдық округінен қатысқан Хайруллиндер жанұясы II орынды еншіледі. Аудандық балалар бөбекжай-бақшасының командасының атынан қатысқан Бекмашевтар отбасы жарыстың жеңімпазы атанды.

Сайыс соңында барлық қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Жаннұр ХАЙРУШЕВА,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале